Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлеуметтік желілер арқылы азғыруға тыйым болмай тұр - АРҚА АЖАРЫ

Әлеуметтік желілер арқылы азғыруға тыйым болмай тұр

Таяуда Атырау қаласында Сириядағы соғысқа аттанбақ болған төрт азаматтың жолы кесілді. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат алып, осындай тәуекелді іске бастарын тіккен болашақ жихадшылардың жолдары болмады. Бұл елімізде бірінші рет болған жай емес. Осыдан бұрын да Сириядағы соғысқа аттанбақ болып талаптанған біраз адамдардың әрекеттері айғақталып, ойлары іске аспаған еді.

 

Әлеуметтік желілер арқылы қармақтарын құрып, жас қыз-жігіттердің бастарын айналдырып, есуастық қадамға итермелеп жатқан пасық ойлы арамзалар аз болмай тұр. Бүгінде бастарын қатерге тігіп Сирияда соғысып жүрген әжеп- тәуір қазақстандық жихадшының дені интернет арқылы ақпарат алып, осындай қадамға барғаны белгілі. Бір тиын ақша төлемей, тегін жарнамалауға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілерді экстремистер шебер пайдалануда. Өкінішке орай, біздің құқық қорғаушыларымыз азғырушылардың жолын кесуге әзірге дәрменсіз болып тұр.
Қазір Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылар саны 10 миллионға жетіпті. Интернетті тек компьютер мен ноутбук арқылы ғана емес, планшет, смартфон арқылы пайдалануға мүмкіндіктің ашылуы оны қолжетімді ете түсті. Қазір үлкен де, кіші де, қаладағылар да, ауылдағылар да интернетті қалаған уақытында, қалағанынша пайдалана алады. Интернеттің отандастарымызға қаншалықты ықпалы бар екендігін мына деректерден білуге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір қазақстандықтардың 35 пайызы теледидарға,  24 пайызы интернетке сенеді екен. Осыдан байқап отырғанымыздай, интернет қазір бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге елеулі мәнге ие болып тұр.
Бүгінде ғаламторды пайдаланатындардың бәрінің дерлік түрлі әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Сол арқылы адамдар өз өміріндегі жаңалықтармен бөлісіп, қарым-қатынас жасайды. Әлеуметтік желілерде түрлі тақырыптық топтар жұмыс істейді. Қалаған тобыңызға кіріп, өз ой-пікіріңізді білдіре аласыз. Кейбір топтарда, тіпті, қызылшеке болып айтысып жататындар бар. Айтыс-тартысты жақсы көретіндер үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік.
Әлеуметтік желі арқылы танысып, ғашық болып, тіпті, отау құрып жататындар да болады. Бірақ, өкінішке орай, әлеуметтік желі арқылы жақсы адамнан гөрі, арам ойлы жандармен байланысып, өкінішке қалып жататын жайлар аз емес. Әлеуметтік желілерді пайдаланып, кәмелетке толмаған балаларды азғырып, арам ойларын жүзеге асыратын педофилдердің шабуылы кейінгі кезде көбейіп барады. Міне, осылардан байқап отырғанымыздай, әлеуметтік желілердің пайдасынан да залалы көп болып тұр. Және бір қынжыларлық жай, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны жыл санап көбейіп барады.
Бүгінде шет елдік фейсбуктен басқа ресейлік «в контакте», «одноклассники», «майл.ру» сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланушы қазақтар көп. Одан қалды, соңғы жылдарда Киви- kiwi.kz,  Центр тяжести-ct.kz, Ёр Вижн-yvision.kz,  Жнет-jnet.kz сияқты отандық әлеуметтік желілер де жұртшылыққа танымал болып алды. Қазір психологтар «социологик» деген жаңа дерттің пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Оның мәні – әлеуметтік желіге кірмесе жаны жай таппайтын адамдардың қатарының көбеюі. Әсіресе, ақыл-есі толыспаған жасөспірімдер арасында күндіз-түні интернетте отыратындар қатары көбейген. Ондайларды азғырып, теріс жолға тарту да онша қиын емес…
Елімізде 2009 жылы «Ақпараттық-коммуникациялық желілерге арналған кейбір мәселелерге байланысты заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған еді. Аталмыш заңда интернет ресурстары ақпарат құралдарына теңестіріліп, жауапкершілігін арттыру мәселесі қарастырылған. Сондай-ақ, прокуратураға теріс ақпарат таратып, еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығына қатер төндіретін интернет ресурстарға қарсы пәрменді шаралар қолдануға құзырет берілді. Дегенмен де, қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, интернет арқылы адамдарды азғырып жатқан экстремистердің әрекеті, сондай-ақ, әлеуметтік желілерді пайдаланып азаматтарға залал келтіретін қылмыстық әрекеттер санының өсуі бұл бағыттағы жұмыстың  әлі көңілдегідей болмай тұрғанын көрсетеді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар