Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан соңғы ширек ғасырда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте елдің рухын жаңғыртуға бағыт түзеді. Бұқараға жаққан бұл ізгі бастаманы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан айқын көруге болады.
«Санамыздың ізімізден озып жүруін» пайымдап, «ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуын» белгілеп берген Мемлекет басшысы ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың жолын көрсетіп отыр. Ендеше, бұл бағдар «мен» деген әр отандасымызға таудай жауапкершілік жүктейді.
Елбасының «ұлттық код» ұғымын тілге тиек етуі осынау жауапты кезеңде көп мән-жайды аңғартады. Ұлттық кодтың қалыптасуы айналып келгенде «Мәңгілік Ел» болу мақсатының маңызды бөлшегі екені анық. Бай және бақуатты, айбынды әрі сән-салтанаты жарасқан мемлекет болу қаншалықты маңызды болғанымен, ұлттық ынтымақтың іргесі бекімей, ілгері қадам басу мүмкін емес. Елбасының «ұлттық салт-дәстүрді өркендеудің берік діңгегі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын қалауы» ортақ мүдденің пісіп-жетілгенін білдіреді.
Елбасы отандастарымыздың бәсекеге қабілетті болуын бұл жолғы бағдарламалық мақаласында ерекше атап өтті. Мейлі, мұғалім немесе тәртіп сақшысы болсын, өз ортасының кәсіби маманы болса, елдің де еңсесі еңкіш тартпайды. «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» деп Шәкәрім айтпақшы, әр адам бойындағы әлеуетін елінің болашағына, мемлекетінің өсіп-өркендеуіне жұмсаса, жұдырықтай жұмылған елдің алмас асуы жоқ. Алдымен сананың ойын сараптап, ұлттық рухты қабілеттілікке, бәсекелестікке ұштастыра білудің маңызы зор.
«Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», – деді Елбасы. Түсіне білген адамға бір ауыз сөздің ішінде ғасырлар бойы қазағым деп қан жұтып, елім деп еңіреп өткен есіл ерлердің арманы жатыр. Сонымен қатар, Елбасы тарихтың бүгінге керек қырын ескеріп, өткен заманның бүгінгі күнге көлеңке түсірмеуін, «ұлттық кодымды сақтаймын деп, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтынын» ескертеді. Осы сөзден әр шешімді ақылмен қабылдайтын, хәкім Абай данамыз айтпақшы, «жылы жүрек пен нұрлы ақылға жүгінген» сарабдал саясаткердің ойын ұғуға болады. Елбасының салиқалы ойы, әрбір пайымды пікірі тарихқа деген көзқарасты түзетуге, ұлттық бірегейлікті сақтауға, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге бағамды бағдар. «Бізге тарих жайлы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ», деуі шешімді пікір.
Жалпы азамат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Үшінші жаңғыру арқылы біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстауға, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізбекпіз. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналмақ. Олай деуімізге себеп, әлемдегі түрлі революциялардың ешқашан оңтайлы нәтиже әкелмегенін білеміз. Осыған орай рухани жаңғыруда қойылып отырған межелі мәселенің бірі – «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік әпермек.
Сонымен қатар, мәдениетіміздің озық үлгілері әлемдік деңгейде кеңінен танылып, дүниежүзіндегі бәсекеге қабілеттілігі халықаралық деңгейге сай болуы қажет. Осы бағытта Елбасы рухани жаңғыруды жүзеге асыруда әлемде ешкімге ұқсамайтын дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асырудың межелі міндетін қойып отыр. Мәдениетті жасайтын халық болғандықтан, осы идеяның аясында замандастарымыздың жетістіктерін көрсетуге бағытталған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қолға алынбақ. Осы ретте тәуелсіздіктің іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан тұғыры биік тұлғаларымызды елге танытатын жаңа бастама болмақ. Елбасы жаңа тұрпатты Қазақстанның қалануына дарын-қабілеті ерек, ақыл-парасаты зерек жандарды қоғамға етене таныту, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, жаңа мультимедиялық алаң қалыптастыруда «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау маңыздылығын айқындап берген болатын. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері жетерлік. «Еңбек бәрін жеңбек» деп аянбай ел игілігі үшін қызмет жасап жатқан жандардың есімі мемлекеттің айшықты айнасына айналмақ. Осы орайда, отандық сот жүйесінің қалыптасуына ықпал еткен ардагер судьялардың еңбегі елеулі. Адалдықтың тура жолына беттеген, парасатымен көрінген жандардың бұл жобаның аясында ел есінде есімдері сақталып қалатыны мәлім.
Игі бастамаға орай әлемдегі ең таңдаулы әртүрлі тілдердегі 100 оқулық қазақ тіліне аударылып, халқымыздың білімін әлемдік кеңістікке, ғаламдық деңгейге алып шығуға тың серпін беретіні сөзсіз. Білім – бүгінгінің басты қажеттілігі. «Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – дейді Елбасы. Дүниетанымы кең адам ғана бәсекеге төтеп беретіні анық. Осы орайда өскелең ұрпақты әуелі білімге құштар болуға үндеуінің сыры осында. Ұлы ойшыл әл-Фараби
«білімді болу деген жаңалық ашуға қабілетті болу» деп пайымдағандай, білім көкжиегінің шарықтап дамуына ықпал ететін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынбақ.
Сондай-ақ, Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғыртудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз екі арнада мұны іске асыруымыз керек. Оның бірі – ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі – өткен тарихымыз бен дәстүрімізден асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кең «туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Айналып келгенде туған жерді аялау, атамекенді қастерлеу қазақтың ұлт ретіндегі мәдени-генетикалық кодының негізі іспетті. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай. Қазақтың «Туған жерге туыңды тік!» деуі де бекер емес. Туған жерінен тамыр тартқан әр адам кіндік қаны тамған жері мен туған елін іңкәрлікпен сүюі арқылы ел мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға атсалысуы шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі болмақ. Осы орайда, ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналып отыр.
Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.