Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері бір тәулік ішінде есірткі сататын екі адамды қолға түсірді.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері арнайы операция нәтижесінде есірткі сатумен айналысатын күдіктінің бірін қылмыс үстінде ұстады. Ол Зеренді ауданының Садовое ауылында тұратын 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті .сатып алушыға 4,65 грамм мөлшерінде «марихуана» есірткісін сатпақшы болған. Оның үйін тінту кезінде «Дозор» атты қызметтік иттің көмегімен жедел уәкілдер үш қап кендір (конопля) тәркілеген. Аталмыш есірткі оның есігінің алдында өсіріліпті. Сонымен бірге, құқық қорғау қызметкерлері күдіктінің автокөлігінен шашылған марихуананың ұнтақтарын анықтады. Күдіктінің отбасы, келіншегі мен бала-шағасы бар екен. Заңсыз есірткі сатумен айналысқан азаматқа қатысты қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осыған ұқсас жағдай Астрахан ауданында да орын алды. Аудандық ішкі істер бөлімінің криминалды полиция қызметкерлері шаштараз болып жұмыс істейтін 28 жасар аудан тұрғынын қолға түсірді. Полицейлердің мәліметінше, әлгі азамат 2,9 грамм көлеміндегі марихуананы заңсыз саудалаған. Сонымен бірге, күдіктінің үйінен үш түйіншек марихуана табылыпты.
Қазіргі уақытта табылған айғақтар сот-химиялық сараптамаға жіберілген. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Дайындаған Ырысалды ШАМШИЕВА.