Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Латын әліпбиі – ұлт қажеті - АРҚА АЖАРЫ

Латын әліпбиі – ұлт қажеті

Еліміздің тәуелсіздік алғанына да жиырма бес жылдан асып бара жатыр. Осы жиырма бес жылдың ішінде латын әрпіне көшу мәселесі аз көтерілген жоқ. Баспасөз беттерінде көптеп жазылып, ғалымдардың ой-пікірлері берілді. Ұзақ талқылаудан өтті. 

  Осы уақытқа дейін қазақ қоғамында латын әліпбиіне көшу мәселесінде бір түйінге келген бәтуа, келісім болған жоқ. Тек пікір алуандығы, көзқарастар қайшылығы орын алып жатты. Осыдан бес-алты жыл бұрын орыс тілінде шығатын «Экспресс К» газетінде біз де осы мәселеге байланысты өз ой-пікірімізді білдірген болатынбыз. Одан бері де бірталай уақыт өтіпті. Біздің қоғам бұл шараны  алғашқыда уақытша саяси шаралардың бірі деп қарағаны белгілі. Уақыт өте келе оның мұндай шара емес екені, ұлттық мүдденің талабынан туындағаны сезілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұлтымыз  үшін маңызды екендігін айтып жазған мақалада тағы да көтерілуі бұл мәселенің  күн тәртібінен  түспегендігін байқатады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси  бағыты» деген Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деп жазған болатын. Қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы осы уақытқа дейін саяси себептермен айқындалып келгендігі белгілі. Жақында жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында 2018 жылдан латын қарпіне көшуге байланысты дайындық жұмыстары басталатындығы көрсетілді. Бұл – сол кезден барлық салаларда
біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Балаларымыздың  болашағы үшін  осындай шешім  қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.
Латын таңбалы әліпбиге көшу мәселесінде зиялы қауым өкілдерінің бір парасы  өркениетті  қоғам  тұтынатын латын таңбалы әліпбиге көшкеніміз дұрыс десе, енді біреулері өзіміздің көзіміз үйренген төл дыбыстарымызды  ерекше таңбалармен белгілеген кириллицада қала беруді мақұл көреді.  Үшіншілері, тіпті, көне руника әріптерін жаңғыртып қолданайық десе, тағы бір бөлігі Ахаң – Ахмет Байтұрсынов негіздеген араб әрпіне негізделген әліпбиді хош көреді. Осы пікірлердің бәрінің де құлақ түретін, мақұлдайтын, ойланатын, ескеретін тұстары, жанды жерлері баршылық. Осы пікірлерді жоққа шығармай, өз ой-пікірлерімді білдірсем.
Біріншіден, көне руника таңбасын жаңғыртайық деушілер қазіргі Қытай, Корей, Жапон елдерінің әлмисақтан келе жатқан бабалар жазуын бүгінгі күнмен сәйкестендіріп отырғанын, мұның өзі оларға патриоттық рух беретінін, кейінгі жастар үшін мұның идеологиялық тұрғыда символикалық мәні бар екенін  алға тартады. Біз де бабалар рухын жаңғыртатын бұл таңбалардың  идеологиялық  тұрғыдағы символикалық мәнін жоққа шығармаймыз. Алайда, бүгінгі қарыштап өсіп бара жатқан  ақпараттық біліктілік жүйеге негізделген өркениеттің, қоғамның шындығы басқа, талабы бөлек. Мұнымен санас-пай болмайды. Тіпті, дамыған Қытай, Жапон, Корей   елдерінің өзінде осы таңбаларға байланыс-ты шешілмеген мәселелер жетерлік. Сондықтан, оларда да уақыт өте келе латынға көшу мәселесі  талқыланған. Әрі қарай бұл әңгімені соза беру орынсыз бос әңгіме болмақ.
Араб, мұсылман дүниесімен бір болуды көздейтін араб таңбалы әліпбидің ұтымды, оң жақтары мол. Бірақ, біз қалай айтсақ та  тарихи мүмкіндікті, оңтайлы  сәттерді дер кезінде  жіберіп алдық. Енді оған оралу тіпті де мүмкін емес. Біз қазіргі тарихи реалды шындықты мойындауымыз қажет.
Кирилл таңбалы әліпбиге  келетін болсақ, әрине, біздің көзіміз оған әбден үйреніп қалған. Төл дыбыстарымыз  ерекше таңбалармен белгіленген. Былай қарағанда, бұл жазулар тонның ішкі ба-уындай өзіміздікі сияқты. Мұның бәрі әрине, біздің көзіміздің үйреніп кеткендігінен. Біз кирилл жазуы-нан айырылсақ, жаппай сауатсыздыққа ұшырайтын секілдіміз. Бұл – алдамшы жағдай. Мұндай жазу ауыстыру тек біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Бізге  қазір Ресейдің рухани-мәдени экспансиясынан, ықпалынан шығуымыз қажет. Қанша дегенмен жазу таңбасында кодталған, символикалық мән бар тәрізді. Мұның өзі біздер үшін  қоғамдық-саяси, психологиялық факторлар екені рас. Бүкіл Еуропа, түркі жұрты  қолданып отырған латын әрпіне тезірек көшкеніміз жөн. Және кирилл таңбалы әліпбиіміздегі төл дыбыстарымызға  байланысты кеткен фонетикалық олқылықтарымызды енді латын жазулы әліпбиімізде қайталамауымыз қажет. Тағы бір түсінбестік бар. Біздің қоғам таңба, әріп ауыстыруды, яғни, графика ауыстыруды әліпби ауыстыру деп түсінетін сияқты. Бізде бір ғана әліпби бар. Ол – Ахмет Байтұрсынов негіздеген, Ахаң түрлеген жаңа үлгідегі (усули жәдит) қазақ әліпбиі.
Біздің қазірге дейінгі қолданып жүргеніміз осы Ахаңның әліпбиі. Ауысса таңбалар ауысып жатыр. Араб, латын, орыс әріптеріне, графикасына негізделген бір ғана әліпби, яғни, ол алфавит. Қазір қайтадан латын таңбалы әріпке, графикаға көшкелі отырмыз. Осыны дұрыстап ұғынсақ!
Сөз соңында айтарым, «даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, осындай ұлттық мүддеден туындайтын, зор қоғамдық-әлеуметтік мәселені бекерге сөз бұйдаға сала бермей, оңтайлы шешім қабылдайтын кез жетті ғой деп ойлаймын.

Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті  
тарих факультетінің деканы,   тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар