Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қолдау жігер береді - АРҚА АЖАРЫ

Қолдау жігер береді

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен республикалық «Дипломмен – ауылға!» жобасы қолға алынған болатын.

  Осы жоба аясында ауылға баратын жастарға, 70 айлық есеп-айырысу көрсеткіші көлемінде жоғарылатылған жәрдемақы төленіп, баспана алуға несиеге жеңілдік және айлығына 25 па-йыз үстеме ақы төлеу жолдары қарастырылған. «Дипломмен – ауылға!» жобасынан мемлекеттің де, ұлттың да ұтары көп. Өйткені, жаңа жобаның ауыл үшін де, жастар үшін де өзекті ұсыныс болғаны анық. Сондай-ақ, қалада туып-өскен жастарға да ауылда еңбек ету таптырмас тәрбие болмақ. Олар ауылдың тыныс-тіршілігімен таныса отырып, қазақы мінез-құлықты бойына сіңіреді, ана тілін толық меңгеріп шығады. Ауылға аттанған жастар үшін тұрғын үй алуға мүмкіндіктер жасалып, жеңілдікпен несиелер берілетіндігін ескерсек, бұл жобадан бас тартуға ешқандай да себеп жоқ.
Жарқайың ауданында осы жоба аясында өткен жылдың өзінде 12 жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың 8-і мұғалім болса, 3-еуі дәрігер, араларында бір мал дәрігері бар. Олардың барлығына 2 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілген. Ал, биылғы жылы бір жас педагог жұмысқа орналасты.  Алайда, әлі де болса жас мамандар қатары көбейеді деп күтілуде. Оған себеп, таяуда Астана, Семей, Қарағанды, Алматы қалаларындағы жоғары оқу орнын тәмамдағалы отырған 8 жас маманмен келісім-шартқа отырып, оқу бітірісімен бірден ауданға келіп, жұмысқа кіріседі екен. Олардың арасында хирург, терапевт, ЛОР, офтальмолог,  ортақ тәжірибедегі дәрігерлер бар. Мәселен, соңғы екі жылда «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ауданға 6 жас маман келген. Оларға 445 мың теңге көлемінде бастапқы уақытта берілетін бір мезеттік жәрдемақы берілді. Сонымен қатар, 3 білім саласының   және бір медицина қызметкеріне 6 миллион теңге көлемінде несие берілген. Алдағы жылы тағы 2 маманға жалпы құны 6 миллион теңге көлемінде несие беріледі деп күтілуде. Жаңа келген жас мамандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан  ауданда 10 пәтер бөлінген. Алдағы уақытта 60 пәтерлі тұрғын үйді қайта қалпына келтіріп, оны медицина қызметкерлеріне беру жоспарда бар. Бұл да болса мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау деп білеміз.
Шарапаты мол бағдарлама аясында бас-паналы болған жастардың қатарында Қанат Серікпаев та бар. Ол Семейдегі мемлекеттік медициналық университетін тәмамдасымен Жарқайың ауданына «Дипломмен –  ауылға!» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда ол Тасты-Талды селосындағы дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі қызметінде. Жас маман Бірсуат, Зерноградское, Шойындыкөл мен Тасты-Талды елді мекендерінде тұратын тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Жұмысқа орналасқан күннен бастап, бас-панамен қамтамасыз етіліп, бір мезеттік әлеуметтік қаржылай көмекке де ие болды. Қанат Нұрланұлының ауданда еңбек етіп жатқанына мінекей екі жылдың жүзі екен. Ауыл тұрғындары жас маманның қызметіне дән риза. Өзі де мемлекет тарапынан қолға алынған жоба бойынша жұмысқа кіріскеніне қуанышты.
– Қолыма диплом алған кезде бірден ауылда еңбек етуді ойладым.  Себебі, көзі ашық азамат ретінде мен мемлекет тарапынан жас мамандарға қолдау бар екендігін жақсы білетінмін. Содан болар,  елді мекенде тұрып, сол жерде тамыр жайып ауыл адамдарына қолымнан келген бар көмегімді беріп, университетте алған білімімді іс-тәжірибемен ұштастырып еңбек етуді өзіме мақсат тұттым. Университет тәмамдап жатқан тұста, аудан басшылығынан осындай ұсыныс түскенде бірден қуана келістім. Себебі, қалада жүріп тапқан-таянғанымды жалға алған пәтерге жұмсағанымша, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді пайдаланып, алаңсыз еңбек еткенді жөн санадым. Жастар ауылдан қашпауы керек. Қазіргі ауылдың ахуалы жақсарған. Елдің тұрмысы да түзелген. Жыл санап инфрақұрылымдар да бой көтеруде.  Ауыл адамдары табиғатынан ақжарқын, бауырмал келетіні белгілі. Елге қоныстанған алғашқы күннен бастап, осы ауылдың байырғы тұрғынындай ел адамдарымен етене араласып, бірден сіңісіп кеттім.
Өз басым осы ауылға келгеніме өкінбеймін. Өйткені, мәдениет пен тәрбиенің бәрі де ауылда. Қазіргі таңда индустриялдық-инновациялық бағдарламалар жасалып жатыр.  Негізі, қай жақта жүрсең де, білімді, өз ісіңе ұқыпты болсаң жұмыссыз қалмайсың,–дейді ол өз ойымен бөлісіп.  
Баянды бағдарлама көптеген жасқа жігер беріп қана қоймай, олардың сол ауылға бойларын үйретіп, тұрақтап қалуына, сонымен қатар, әрбір жастың материалдық жағдайын шешуге зор үлес қосуда.  Аталмыш бағдарлама бойынша ауылға келіп, қызмет етуді жөн санаған жас мамандар бірауыздан мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқандығын, соның бірі  «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы екендігін қуанышпен айтады.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар