Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Екі майданның ері – Манаш Құлышев - АРҚА АЖАРЫ

Екі майданның ері – Манаш Құлышев

Осы шағын мақала тағдырдың жазуымен талай ауыртпалықты басынан кешкен, қан майданда көрсеткен ерлігіне қоса, бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін танытып, Социалистік Еңбек Ері атанған Манаш Құлышевқа арналмақшы. Ол 1908 жылы Көкшетау уезінің Қараөзек ауылында дүние есігін ашып, екі жасқа толғанда әкесінің қайтыс болуы салдарынан анасының тәрбиесінде болады.

 

1930 жылы колхоздастыру науқаны кезінде оның әкесі Нәби Құлмағамбетов ауқатты деп есептеліп, мал-мүлкі тәркіленеді. Өзіне халық жауының баласы деген жала жабылып жер аударылады. Заңсыз жазаны өтейтін жерге әкетіп бара жатқанда он екі жасар Манашқа, тоғыз және бес жасар інілерімен қашып шығу мүмкіндігі туады. Балалар басында Көкшетау жылқы зауыты орналасқан елді мекеннен пана тауып, Манаш сол жердегі табыншының көмекшісі болып жүреді. Осы жерде зауыт директоры Смирнов өз басына түсуі мүмкін қатерге қарамастан балаларға жанашырлық танытып, анықтама беріп, жаңа құжаттар алуларына көмек қолын созады. Осылайша Манаш Құлмағамбетов-Манаш Құлышев атанады. Дегенмен, ағайындыларға бұл жерде тұру мүмкін болмағандықтан басқа өңірлерді кезулеріне тура келеді. Туған ауылдарына жолдың біржола жабылғанын жете түсінген балалар әртүрлі қиындықтарды бастарынан өткізіп, ел басына түскен зардаптың, жолда аштықтан шетінеген жандардың мүрделерін көре жүріп, Пет-
ропавл қаласына жетеді. Шаһарда біршама уақыт әупірімдеп күнелткен Құлышевтар тағы жолға шығуға мәжбүр болып, талай жерлерді, елді мекендерді артқа тастап, ақырында жаңадан құрылып жатқан «Чаглинка» (кейіннен Киров атындағы болып өзгертілген) совхозына тап болады. Қолдарындағы жоғарыда есімі аталған мейірбанды жан берген құжаттың арқасында балалар қысымға ұшырамай, әлдері жеткенше шаруашылықтың жұмысына араласады.     
Уақыт өте келе еңбегімен елге танылған Манашты шаруашылық басшылары тракторшылардың курсына жібереді. Оны ойдағыдай аяқтаған жас жігіт механизатор мамандығын алып, жұмысқа кіріседі. Осылайша алдағы өмірінің нақты бағытын айқындаған ол бар ынта-жігерімен қызу еңбекке араласып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, ұжымның құрметіне бөленеді. Ел басына қатерлі сәт туындап, Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың тамыз айында, сол кездегі талап бойынша Манаш Құлышев өзі жұмыс істеп жүрген ЧТЗ-60 тракторын Қиялы стансасында әскери эшелонға тиеп, ел қорғауға аттанады. Батыс майданына тап болған жерлесіміз әскери қызметін өз техникасымен жалғастырады. Талай жан алыс, жан беріс ұрыстардың бел ортасында жүрген Манаш атамыз өзіне жүктелген әскери міндеттерді мүлтіксіз орындаған. Көрсеткен ерліктері ескеріліп, жауынгерге «Москваны қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары беріліп, әлденеше марапаттардың иегері атанады. Олардың әрқайсысының өз тарихы бар. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей қарша бораған жау оғының, жарылып жатқан мина, снаряд, бомбалар жарқыншақтарының бел ортасында жүріп, талай қиян кескі ұрыстарға қатысқан жауынгер майдан даласындағы қырғыннан аман қалады. Соғыс жеңіспен аяқталып, Германияға күйрете соққы берілгеннен кейін Жапониямен болған соғысқа қатысып, Киров атындағы совхозға тек 1946 жылдың күзінде оралып, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, тракторда, «Сталинец» комбайнында еңбек етеді. Соғыстың зардабын жете тартқанына қарамастан мейірімді, қайырымды, ең бастысы атқаратын ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ерекшеліктерін сақтаған ол жер жыртып, өңдеу, егін өсірудің қыр-сырын меңгереді. Көп уақыт өтпей Қаптай есімді аруға үйленеді. Үкіметтен несие алып, өз күшімен мекенжай тұрғызады. Шаттығы мен татулығы жарасқан отбасында екі ұл, жеті қыз дүниеге келеді. Манаш атамыз балаларына өз еңбектеріңмен өмір сүріңдер, сонда ғана тыныш ұйықтайтын боласыңдар деген сөздерді жиі қайталап отырыпты. – Әкеміздің ерен еңбегі жерлестеріне, бізге балаларына әрдайым үлгі болатын. Ол бізді адал еңбек етуге үйретті. Мұнымен қатар, кезінде өзінің қолы жетпегенінен болар, баршамыздың білім алуларымызға жағдай жасады. Үлкендерімізге кейінгілеріміздің оқуларын қадағалауды тапсырды. «Үйде атқарған шаруаларың отбасының игілігі, алған білімдерің келешектерінің негізі» қағидасын қайталаудан бір жалықпайтын. Өмір ағымында бір ғана мамандық бойынша жұмыс істеген, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан, партия мүшесі әкеміз еңбектегі жетістіктері үшін көптеген орден, медальдардың, алғыс хаттардың иегері атанды. Ол Киров атындағы совхоздың №2 бөлімшесінде Роман Алексеевич Бабкин, Әшкен Мадыбаев сынды майталман механизаторлармен қатар жұмыс істеп, достық қарым-қатынаста болды. Олардың үшеуіне де бір мезгілде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен еңбектегі үздік жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Кеңес Одағының ең жоғары марапаты Ленин ордені қоса тапсырылды. Бір бөлімше механизаторларына үш жоғары атақ берілген басқа шаруашылық бұрынғы одақ тарихында да болған жоқ шығар. Осы жетістіктің арқасында әкеміз туралы орталық баспасөздерде мақалалар жарияланып, теледидар арқылы хабарлар ұйымдастырылды. Хабарлардың бірін әкемнің полктасы, Краснодар өлкесінің тұрғыны Федор Макеев көріп, хат жазып хабарласады. Талай қиындықтарды басынан өткізіп, өмірдің бағасын жете түсіне білген әкем кімге болса да, қашан болса да көмекке келуге дайын тұратын. Бірде қатты боран болып, бір топ сығандар біздің үйге кіруге сұраныпты. Анамыздың керегі жоқ, бізді тонап кетулері мүмкін деген сөздеріне қарамастан, жанашырлық танытып, оларды үйге жіберіпті. Мейірбандыққа риза болған «шақырусыз меймандар» әкеме ертұрман сыйға тартыпты. Жалпы, біздің үйіміздің есігі келем деушілерге әрдайым ашық болатын. Жастары егде тартқан жандар жиі жиналатын. Майдангер соғыс жылдарын аса есіне алғысы келмейтін. Ол көбінесе кеңес әскерінің жантүршігерлік сәттерге толы алғашқы кезеңдегі сәтсіздіктерін, бірде алаңды қираған техникалардан тазарту барысында тракторының астынан мина жарылып, қалай аман қалғанын әлі күнге дейін түсінбейтінін ғана әңгімелейтін, – деп есіне алады ардақты жанның ұлы Рахметжан Құлышев. Осы шағын мақалада қандай ауыртпашылық, қиындықтардың басына түскеніне қарамастан тағдыр тәлкегіне көне, ел басына күн туғанда өшпес ерліктің үлгісін таныта білген, ерен еңбегімен ел ардақтысы атанған, 1976 жылдың мамыр айында қайғылы қазаға ұшыраған Манаш
Құлышев өмірінің негізгі кезеңдеріне ғана тоқталып өттік. Болашақта атамыздың есімін өскелең ұрпақтың есінде қалдыру, оның мағыналы өмір жолы өңір тарихынан өзінің лайықты орнын алуы мақсатында мәдени-танымдық шаралар өткізу жоспарланса, туған елінде ескерткіш белгітас қойылса нұр үстіне нұр болар еді деген ойдамыз.
Қайрат ЕСЕНТЕМІРҰЛЫ.
 P.S. Мақалада келтірілген деректер Краснояр селосында тұратын М.Құлышевтың қызы Жәния Манашқызының жеке архивінен алынды.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар