Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап 2017-2021 жылдары тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Барлығы үшін техникалық және кәсіптік тегін білім беру» жобасы енгізілді.
Облыстың колледждеріне 1190 адам жұмысшы мамандығы бойынша кәсіптік дайындыққа қабылданады деп күтілуде. Техникалық және кәсіптік білім беруде мамандар даярлау бағдарламасының қатысушылары – оқу орнына түсе алмаған, жұмыс іздеп жүрген 9-11 сыныптардың түлектері. Олардың ішіне өмірдің қиын жағдайына тап болған жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың мүшелері, сондай-ақ, өзге де санаттағы азаматтар бар. Өңірлік комиссия бағдарлама қатысушыларын кәсіптік дайындықтан өткізу үшін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының тізімін бекітті. Тізімге жұмысшы мамандығы бойынша білім беруге рұқсаты және үш жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар облыстың 19 колледжі кірді. Олар 31 жұмысшы мамандығы бойынша дайындық жүргізетін болады. Бүгінгі күні бағдарламаның талабына сәйкес қалалық және аудандық комиссияның шешімімен елді мекендерде 293 жедел топ құрылды.
Жедел топқа білім және жұмыспен қамту бөлімдері, полицейлік қызмет, ауылдық округ әкімдері, мектеп, колледждер, жастар ұйымдары тартылды. Олар түсінік және кәсіптік бағдар беру, талапкерлерді іздеу жұмысын жүргізуде. Талапкерлер тізімі қалалық және аудандық комиссиялармен бекітіліп, оқитын топ құру және колледждермен келісім-шарт жасау үшін облыстық білім басқармасына жіберіледі. Қатысушылар әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданып, шәкіртақымен, бір мезгіл ыстық аспен және қоғамдық көлікте жүру жеңілдігімен қамтамасыз етіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беруде мамандар даярлау мерзімі таңдалған мамандыққа байланысты. Бірінші деңгейдің қорытындысы бойынша бағдарламаның қатысушылары жұмысшы мамандығы бойынша диплом алады. Сондай-ақ, өз тілегі бойынша оқуды аяқтай алады. Бүгінгі таңда білім бөлімдерінің мәліметі бойынша қалалық және аудандық комиссиялардың қарауына 351 адамнан тұратын талапкерлердің тізімі ұсынылған. Оқуды 1 қыркүйекте бастау үшін бұл жұмыс биылғы жылдың тамызында аяқталуы тиіс. Жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды кәсіптік оқытуды қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін қосымша 900-ден астам адам қамтылады. Бұл мақсатта 25 колледж бен төрт оқу орталығы анықталған. Білім беру еңбек нарығына қажетті 57 мамандық және 117 біліктілік бойынша қысқа мерзімдегі кәсіптік дайындық түрінде жүргізіледі. Қысқа мерзімде кәсіптік білім беру сондай-ақ, жедел оқу орталықтары арқылы жүргізіледі. Бұл бағытта республикалық бюджет есебінен 100 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда екі жедел оқу орталығын сатып алудың конкурстық тәртібі жүргізілуде.
Бекжан СӘДУАҚАСОВ,
облыстық білім басқармасының
бөлім басшысы.