Кеңес заманында газет-жорналдарға шығатын мақалаларды қарап, оның коммунистік идеологияға сай келетін-келмейтінін анықтап отыратын «лито» деп аталатын мекеме болатын еді. Газеттер шықпас бұрын алдымен сол мекеме қызметкерлерінің сүзгісінен өтіп, кейбір күмәнді материалдары алынып тасталып немесе қысқартылып, өзгертіліп жататын. Қазіргі демократиялық қоғамда әркім өз ой-пікірін ашық айтуға, жазуға ерікті.
Ашықтық болғаны дұрыс қой, десе де, соны пайдаланып кейбіреулер заңға да, адами ар-ұят қағидаларына да қайшы нәрселерді айтып, жазып жататыны бар.
Көкшетауда орыс тілінде жарнамалық газет шығады. Бастан-аяқ жұрттың берген жарнамаларынан тұратын қалың басылымнан қалаған затыңды тауып, қызметіңді ұсынуыңа немесе пайдалануыңа болады. Жарнамалық басылымға деген сұраныс та жоғары. Өйткені, базар жағалап басыңды ауыртқанша, іздегеніңді осы басылымнан тауып алуыңа әбден болады немесе бірдеңе сатқың келсе құлақтандыру берсең жетіп жатыр, қажет еткен адамдар өздері іздеп табады. Цензура деген кеңес заманымен қоса жоғалғандықтан, жарнамалық басылым ба, басқа басылым ба, ешкім қарап, тексеріп жатқан жоқ. Әркім қалағанын жазып, оқырманына ұсынады. Осы жарнамалық газетті өздерінің адами қасиетке жат жаман пиғылдарын жүзеге асыруға пайдаланып жататындар да жоқ емес. Бұған көз жеткізу үшін жарнамалық газеттің құлақтандыруларына көз жүгіртсең жеткілікті.
«1-комн. кв. Есть все. По часам, на ночь, по суточно», «Квартиру по часам, на ночь» деп жалғасатын хабарландырулардың астарына үңілсеңіз, қажет еткен адамдарға қоналқы ұсынатын бейкүнә қызметпен бірге, бүгінде үлкен қалаларда белең алып кеткен тәнін саудалаумен айналысатын жезөкше дейтіндердің қызметіне жол ашатын мүмкіндік жатқанын да аңғаруға болады. Өзіңіз ойлап қараңызшы, есі дұрыс адам пәтерді сағаттап жалдай ма? Бір, не екі сағатқа пәтер жалдау кімге керек? Жарайды, барар жері болмаған сырттан келген адам бір түнге ақшасын төлеп қонып шықсын дейік, ал бір, не екі сағатқа пәтер жалдаудың қанша жөні бар? Бұның астарында жезөкше қыздардың қызметін пайдаланатын желөкпелік пиғыл жататынын есі дұрыс әрбір адам жақсы біледі. Осындай сағаттап пәтерді жалға берушілердің пәтерімен көрші тұрған бір танысымнан мынадай жайды естіген едім. «Түн болса айқай-шу, мас әйел-еркектер, ыңқыл-сыңқыл тыйылмайды. Бөлмені бөлген қабырға жұқа, бәрі естіліп тұрады. Тіпті, жас балаларымнан ұялып, оларды бұзатын болды-ау деп жаным шығады. Содан талай барып есіктерін қағып, тәртіпке шақырып көрдім, қожайынына да айттым, тіпті полицияға да шағымдандым, бірақ, еш нәтиже шықпады», – дейді ол.
Сағаттап пәтерлерін жалға берудің астарындағы осындай келеңсіздікті құқық қорғаушылар да біледі. Бірақ, әлгілерді тәртіп тезіне салатын заң жоқ. Ал, сондайлардың жаман әрекеттерін емін-еркін жасауына жарнамалық газет те «сүбелі» үлесін қосып жатыр.
Тәндерін ашық саудаға салып, жезөкшелікпен айналысатындардан гөрі сыпайылау тағы бір топ бар, олар да өз қызметтерін осы жарнамалық басылым арқылы ұсынып, клиенттерін тауып жататын сыңайлы. «Девушка – высокооплачиваемую работу», «Девушка прив-
лекательной внешности – высокооплачиваемую работу», «Девушка высокооплачиваемую работу у состоятельных людей» деп жалғасатын жарнамалардан нені ұғуға болады? Бір қарағанда жұмыссыз жүрген қыз жалақысы жоғары қызмет тапқысы келетін сияқты көрінеді. Бірақ, жұмыс берушіге қыздың сыртқы келбеті, сұлулығы емес, ең алдымен кәсіби біліктілігі, тәжірибесі қажет емес пе? Қызығы сол, жұмыс іздеуші қыздардың бірде-бірі өзінің білімі мен біліктілігі, кәсібі жайында ләм деп ауыз ашпайды, есесіне сұлулығы мен тартымдылығын айтып, жоғары жалақы талап етеді. Яғни, бұның астарында да сағаттап пәтерлерін жалға беру сияқты жаман пиғылдың бұғып жатқанын ақыл-есі бар әркім-ақ аңғарады. Жасыратын не бар, бүгінде қоғамымызда көбейіп кеткен бай-бақуатты адамдардың ресми емес әйелдері – жұрт арасында «тоқал» атанып кеткен ашыналары болу қазір көрікті қыздардың көбінің арманына айналғандай. Жарнамалық газет арқылы сұлу қыздардың сондай жоғары жалақы төлейтін бақуатты клиенттер іздеуінің көрінісі бұл.
Еліміз қолға алып жатқан құқықтық демократиялық зайырлы қоғамда сөз бостандығына тиым жоқ, десе де ашықтық жолы осы деп азғындықты насихаттауға бола ма? Жарнамалық басылым болса да, құзырлы органдар тарапынан заң шеңберінде осындай азғындықтарға жол беретін жайларға шектеу қойылуы қажет дер едік. Құқық қорғаушыларымыз жезөкшелерді ұстап, бірер сағаттан соң босатумен, жеңгетайларды бірнеше жылға соттатумен белең алып бара жатқан бұл кесапатты жоюдың мүмкін болмайтынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ең алдымен, соған мүмкіндік жасайтын түп-тамырына балта шапса, белең алып бара жатқан індеттің алдын алуға болар еді.