Бір заң бұзушылықтан барып екіншісі анықталды

Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды, керісінше, заңсыздық әрекет үшін жауап беруге мәжбүрлейді. Өкінішке орай, заңды білмеушіліктен оны аяқ асты ететін әрі сонысын мүлдем сезінбейтін жандар бар.

Астрахан ауданының  аумағында орналасқан Жалтыр кентінде кешкілік уақытта «Гүлнәр» дүкенінің сатушысы М.Шахманова кәмелетке толмаған балаға  «LD-сұр» темекісін сатып тұрған жерінде құқық қорғаушылардың құрығына ілінді.  Саудам жүрсе болды деп ойлайтын саудагерлердің көбі кәмелетке толмаған балаға арақ, темекі сату заң бұзушылық екеніне онша мән бере қоймайтыны рас. Дегенмен, заң бұзушылықтың үлкен-кішісі болмайды, заңды бұздың екен жауап беруге тура келеді. Құқық қорғаушылар тарапынан хаттама толтырыла бастаған сәтте сатушы М.Шахманова жауапкершіліктен жалтармақ болып жалғандыққа барды. Ол сол арада полицейлерге дүкен иесі күйеуі А.Шахманов екендігін, өзінің ол жоқта уақытша тұрғандығын, дүкенге мүлдем қатысы жоқтығын  айтып  жалтармақ болды. Дегенмен, құжаттарды тексере келе, дүкен иесі саналатын А.Шахманов пен сатушы М.Шахманованың арасындағы еңбек жөніндегі келісім-шарт жасалғандығы белгілі болды. Кәсіпкер сатушының жалақы мөлшерін белгілеп, айлық жалақысын төлеп тұрған. Бірақ, ол зейнетақы қоры мен әлеуметтік салықтарды төлеуді есінен шығарып алыпты. Дүкенде сауда жасайтын жұбайына кәсіпкер зейнетақы қоры үшін де, әлеуметтік салықтар үшін де көк тиын аудармапты.
Бұның бәрі кейінірек салық органдары арқылы тексерту барысында белгілі болды. Осыдан кейін іс сотқа жіберіліп, әкімшілік істер жөніндегі сот кәмелеттік жасқа толмаған балаға темекі сатқаны үшін айыпты деп тауып, М.Шахманованы  әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған қоса, салықтан жалтарған оның күйеуі кәсіпкер А.Шахманов та жауапкершіліктен құтылмады. Сөйтіп, бір заңсыздық екінші заң бұзушылықты анықтауға себеп болды.

Бақытжан ЖАРЫЛҒАСОВ,
облыстық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі
ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар