Қаскүнемдік

Щучинск қаласының тұрғыны Виталий Старостин үшін өткен жылдың 21 қыркүйегі мәңгі ұмытылмастай болып есінде қалған күн болды. Ол осы күні төніп тұрған ажалдан ғажайыптың күшімен аман қалып, өмірге екінші қайтара жолдама алғандай болып еді.

  Иә, ажал деген күтпеген жерден келіп, құрдымға құлатар қатерлі құбылыс екен. Дені сау, отыздан енді асқан жігіт өлім туралы мүлдем ойламайтын. Мәңгі-бақи осылай өмір кеше беретіндей, ажал атты құбыжық құбылыс өзіне ешқашан келместей сезінетін. Жекеменшік жеңіл автокөлігімен жолаушы тасып, сонымен нәпақасын тауып жүрген жігіт сол күні де күндегі әдетінше автовокзалдың жанындағы алаңда жолау-
шы күтіп тұрған. Орта бойлы, мығым денелі жігіт өзін Степняк қаласына жеткізіп салыңыз дегенде клиент табылғанына қуанып, күздің осы бір жаймашуақ күнінің табысты басталғанын жақсы ырымға балаған еді. Әдеттегіше ол жолаушыға қызмет құнын айтып, есіне салды. Степнякқа алып барғаны үшін сұраған 4 мың теңгеге жолаушы жігіт бір ауыз сөз айтпастан келісті.   
Қол сөмкесі, не басқа заттары жоқ жігіт неге екені белгісіз машинаның артқы орындығына отырды. Алдыңғы орындықта отырса қауіпсіздік белдігін тағуы тиістігінен қашып, кейбіреулер артқы орындыққа отырып жатады. Виталий де клиентінің мына қылығын соған балап, оған онша мән бермеген. Қаладан шыға берістегі дүкен жанында кідіруді өтінген жолаушының ұсынысын орындаған ол көлігін жол жиегіне тоқтатты. Дүкенге кірген жігіт сәлден соң шетелдік бренди ішімдігін ұстап шықты. Көлікке отырғасын ол «пышағыңыз бар ма, бөтелкені ашатын» деп сұрады. Сол сәт оған бұралып ашылатын брендиді ашу үшін пышақ сұраған жігіттің сөзі оншалықты қауіп туғызбаған. Аздап ішіп алған ба немесе құтының аузына назар аудармады ма деген оймен «пышағым жоқ» деп жауап берді.
Брендиді бұрап ашқан жігіт ішімдікті аузынан іше бастады. Градусы жоғары ішімдікті аузынан ішіп отырған жігіттің мына қылығы аздап таңырқатса да, Виталий оған онша көңіл аудара қоймады. Арақ ішіп, аздап қызып алған жігіт өзінің Ресейде үлкен бизнесі бар, қалталы кәсіпкер екенін айтып, біраз көсіліп алды. Киіміне, шетелдік ішімдік ішкен мына қылығына қарап, бәлкім, бизнеспен айналысса айналысатын шығар деп те ойлаған.
Жолы нашарлау болса да Щучинск пен Степняктың арасы оншалықты қашық емес. Түске қарай Степнякқа жетті. Жолай бір танысына телефон шалған жігіт өзін халыққа қызмет көрсету орталығына апаруды сұрады. Сұраған жеріне жеткізген соң әлдекіммен телефон арқылы сөйлескен ол енді Сәуле ауылына апаруды талап етті және сол үшін қосымша ақша төлейтінін айтты.
Қызмет көрсетуші үшін клиенттің айтқаны қашан да заң, Виталий еш ойланбастан жігітті Сәуле ауылына жеткізді. Ауылдың арғы жағындағы күре жолдан әріректегі көтерме жолға келіп оның айтуы бойынша тоқтады. Ауылдан екі-үш шақырым жердегі айдалаға неге тоқтатқанын түсінбесе де, жолаушының айтқанын істеген ол  машинасының моторын сөндірді. Осы арада есеп айырысуын сұраған. Қазір деп қалтасынан ақша алып шықпақ болған жігіттің әрекетінен еш қауіп күтпей, жайбарақат отырған Виталий кенет мойнына жіп салып, қыса бастағанда жандәрменімен жіп арасына саусағын тығып үлгерді. Жаны қысылған ол мойнын сығып бара жатқан жіпті босатуға талпынып, жанталасты. Мойнына салған жіпті екі қолымен шірене тартқан мығым жігіт таксисті өлтірмей тоқтайтын түрі жоқ еді. Көзі бұлдырап, есеңгіреп бара жатқан Виталий сол сәт әріректен өтетін күре  жолмен жақындап келе жатқан автокөлікті көріп, сигналды басып үлгерді.
Сәуле ауылында тұратын Серік Шәйкенов сол күні шағын автобуспен аудан орталығына балаларды апарып қайтып келе жатқан еді. Күре жолдан әріректегі егін алқабына апаратын көтерме жолда тұрған жеңіл автокөлік кенет сигнал бергенде бір жағдайдың болғанын түсініп, машинасын бұрып, соған қарай тартқан. Сол сәт ол көліктен шыға сала әріректегі қалың ағашқа қарай жүгірген жігітті көрді. Машина ішінде есеңгіреп отырған отызды орталаған азамат өзін әлгінде ғана бейтаныс жолаушының өлтірмек болғанын айтты. Мынаны естігенде Серік дереу қылмыскердің соңынан түсуді ұсынған. Бірақ, қатты есеңгіреп қалған
таксист алғысын айтып, машинасын күре жолға бұрып жүріп кетті.
Жақында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы А.Қосжановтың төрағалығымен өткен сотта Максим Лариннің  ісі қаралды. Арақтың қызуымен және таксистің дөрекі мінезіне ызаланып, оған ешқашан ұмытылмастай сабақ беру мақсатында қалжыңдаған едім деген Лариннің уәжі нанымсыз болып шықты. Жігіттің бос тұрған алдыңғы орынға емес, автокөліктің артқы орнына отыруы және бұралып ашылатын брендиді ашу үшін таксистен пышақ сұрауы, қалтасына үзілмейтін мықты жіп салып жүруі, ақырында таксисті айдалаға апарып тоқтатып, қылқындырғаны, бұның жай қалжың емес, қасақана жасалған қаскүнемдік әрекет екенін айғақтағандай еді. Таксистің пышағы жоқ екендігін білген соң айдалаға апарып, қылқындырып өлтіріп, қымбат шетелдік көлікті қолды қылу мақсатын көздеген қылмыскердің әрекетін куәлер мен айғақтар анық дәлелдеп берді. Осыған орай, сот М.Ларинді айыпты деп тауып, 16 жылға бас бостандығынан айыруға, жеке басының мүлкін тәркілеп, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге шешім шығарылды.
Сөйтіп, жолы болмаған қылмыскер кісі өлтіріп, оның жеке мүлкін тонамақ болған қаскүнемдік әрекетке барғаны үшін өмірінің ұзақ жылдарын тар қапаста өткізетін болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар