Халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің мәдени бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда тұңғыш рет австриялық атақты композитор Густав Малердің сегізінші симфониясы орындалды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған бұл жобаға еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіби, мәдени ошақтардың хор ұжымдары топтастырылып, жалпы
жиыны 1200 адамға жетті. Бұл рекордтық жобада Италиядан келген «Карло Феличе» театрының хор ұжымы да өнер көрсеткендігін айта кеткен жөн. «Астана Опера» театрының бас дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Алан Бөрібаев дирижерлік еткен жобаға облыс орталығындағы Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің хор ұжымы да арнайы шақыртылды.
Хормейстер Сара Оразова, оқытушы Серік Тасмұқамбетовтердің жетекшілігімен колледждің білім алушылары екі апта бойы әлденеше өнер ұжымдарымен бірлесе отырып, опера қойылымына тиянақты дайындық жасап, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсете білді. «Астана Опера»
театры сахнасының төрінде әлемдік деңгейдегі әртістермен иық тіресе өнер көрсетіп келген білім алушылардың алған әдемі әсерлері мен жинаған тәжірибелері алдағы уақытта кәсіби маман ретінде қалыптасуларына игі ықпал ететіндігі даусыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.