Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Интернетке қосылуда қиындықтар бар - АРҚА АЖАРЫ

Интернетке қосылуда қиындықтар бар

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша партияның аумақтық кураторы комиссиясының отырысы болып, онда кең жолақты Интернетке елді мекендердегі мектептердің қолжетімділігін арттыру, электр қуатын үнемдейтін құралдарды құрылыста қолданудың тиімділігі  мен өзектілігі, елді мекендердегі көшелерге жарық орнату мәселелері талқыланды.

  Облыстық мәслихаттың депутаты, партиялық бағдарламаның аталмыш бағыты бойынша кураторы Қайрат Сұлтановтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Астана мен оның маңындағы аудандар технологиялық даму жағынан бірінші орында болатыны, сонымен бірге, облыстың басқа аудандарына, әсіресе, шалғай елді мекендердегі мектептердің кең жолақты Интернетпен толық қамтылуына да жете көңіл бөлінуі керектігі атап өтілді. «Астанателеком» орталығы директорының орынбасары Ратмир Шаяхметов осы мәселе бойынша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша облыс орталығы мен 9 қалада және аудан орталықтарында, 597 ауылда кең жолақты Интернет күшейткіштері қосылған. Бірақ та, Интернет желісінің тиісті деңгейде жұмыс істемейтіндігі, кейбір аудандар мен ауылды жерлердің онлайн-конференцияларға қатысқан кезінде желінің дұрыс қосылмауы көрініп қалып жатады. Орталық директорының орынбасары қазіргі уақытта қаладағы, аудандардағы, не болмаса ауылдық жерлердегі мекемелер байланыс құралдарының аз төленетін тарифтерін таңдап, бір желіге бүкіл ұжым болып қосылатынынан осындай келеңсіз жай орын алатынын айтты. Өзінің күші аз тарифтер қолданушылардың көптігінен дұрыс жұмыс істемейді немесе мекемелердің компьютерлері ескірген. Баяндамашының айтуынша, Интернетке жалғанған компьютерлер негізінен бес жылда бір рет ауыстырылып тұруы қажет екен. Мектептердің кейбірінде кең жолақты Интернетке қол жетпей жатқандығын ескерсек, бұл олқылықты білім мекемелері 2025 жылға дейінгі бағдарламаға сүйенетіндіктерімен түсіндіреді.  Ал, Ратмир Шаяхметовтің айтуына қарағанда, арнайы жасалған жоба жоспарына сай ол 2020 жылға дейін толық аяқталуы тиіс.
Комиссия төрағасы шет мемлекеттерден туристер жиі келетін Зеренді мен Бурабай секілді курорттық аймақтарда да Интернетке қол- жетімділік өте төмен деңгейде екенін атап өтті. Баяндамашы қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыс белсенді жүргізіліп жатқандығын және Астана – Бурабай жолы аумағында Интернет жақсы жұмыс істейтіндігін айтты.  Сонымен бірге, ол GPON жүйесінің облыста дамып келе жатқандығына тоқталды.
Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Елена Ысқақова әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын даярлау кезіндегі электр үнемдегіш құралдарды пайдаланудың маңызы мен оның біздің өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайында жан-жақты баяндады. Мәселен, Бурабай ауданына қарасты Атамекен ауылында биылғы жылы құрылысы аяқталып, тапсырылған емханада электр үнемдегіш құралдардың жұмыс істеп тұрғандығына назар аударды. Мекеменің маңайындағы жарық түсіретін шамдар күн сәулесінен қуат алып, жарық береді. Ішіндегі жарық та сол күн сәулесінің қуатынан таралады екен. Осындай емхана жоғарыда аталған ауданның Кенесары ауылында салынатын көрінеді. Сонымен қатар, ол ауруханалардың палаталарында қабырғаларының екі түрлі түске боялғанын аңғарғандар болса, ол да жарықтың бөлмеге түсуіне байланысты жасалған үнемдеу тәсілі екендігін айтты.
Бұдан кейін аталмыш комиссия төрағасының орынбасары, «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрайымы Мәриям Әбішева кәсіпкерлік және әлеуметтік сала нысандарын жаңғырту, энергосервистік келісім-шарттар жасау арқылы облыстағы елді мекендердің көшелерін жарықтандыру мәселелері жайында баяндама жасады. Отырыс соңында төраға аталмыш мәселелер бойынша тиісті орындарға хат жолдау қажеттігін айтып, құзырлы орган мамандарына тапсырма берді.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар