Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Соттағы істер мемлекеттік тілде қаралуына кедергі жасалмайды - АРҚА АЖАРЫ

Соттағы істер мемлекеттік тілде қаралуына кедергі жасалмайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтің БАҚ өкілдерімен облыс соттарының 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы брифингі болып өтті.

Брифингке облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ерлан Жанәділов пен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раджаб Даминов және БАҚ-пен жұмысты үйлестіруші судьялар Сәуле Қияшева мен Нұрлан Өміртайұлы қатысты.
Облыстық сот төрағасы өз баяндамасында соттарда қаралатын істердің саны жылдан жылға артып, тиісінше азаматтардың сотта құқықтарын қорғау туралы талап қою арыздары өсіп келе жатқандығын атап өтті. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Ақмола облысы соттарымен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 47 182 іс қаралған екен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 12 978 іске артқан. Бұдан соттарға деген халықтың сенімі өсіп келе жатқандығын көруге болады.
– Құқық бұзушылықты қайталау және азаматтардың басқа да заң бұзушылықтарының алдын алу мен ескерту мақсатында Ақмола облысының соттары қараған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер мен материалдар бойынша 390 жеке қаулы шығарылды. Алайда, шығарылған жеке қаулылардың кейбіріне жауап беруге тиісті органдар уақытында жауаптарын жолдамайды.  Сондықтан да, осы бағыттағы жұмыс бақылауға алынатын болады, – деді облыстық соттың төрағасы.  
Сонымен қатар, сот төрағасы сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін немесе сот мәжілісіне шақырылған тараптардың сотқа келмеуіне байланысты 14 әкімшілік іс қаралып, оның ішінде 8 азаматқа ескерту жасалынып, 1-еуіне айыппұл және 4-еуіне қамаққа алу жазасы тағайындалғанын айтты.   
– Мұндай жағдайлардың себебінен сот мәжілістері қаралуы тиіс уақытта өтпей қалады. Сол себепті, заң талаптарын бұзған азаматтарды жауапқа тартуға біз міндеттіміз. Республика судьяларының кеңейтілген кеңесінде Жоғарғы Соттың төрағасы да бұл мәселеге ерекше көңіл аударды, – деді баяндамашы.
Облыстық сот төрағасы сот шешімдерінің сапасына тоқтала отырып, барлық сот актілерінің 5,8 пайызы ғана тараптардың шағымдануы нәтижесінде жоғары сатыдағы сотта қаралғанын, ал, сот шешімдерінің 94,2 пайызына бірде-бір тараптан шағым түспегенін атап өтті.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Р.Даминовтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығымен байланысты 32 адамға қатысты 26 қылмыстық іс қаралған. Алқабилердің қатысуымен
2 қылмыстық іс қаралыпты. Сонымен бірге, ол журналистер тарапынан қойылған, жуырда Целиноград ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты жүріп жатқан сот мәжілісінің соңы не болатыны жа-
йында түсіндірді. Сотта айыпталушы болып, ісі қаралып жатқан адамның өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі. Енді оның  туған-туысқандары егер қайтыс болған адам кінәлі емес деп, сотты соңына дейін жеткіземіз десе, онда сот жалғасады екен.
Сонымен қатар, облыстық соттың төрағасы брифингте соттардың медиация тәсілін қолданумен 680 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік, партисипативтік рәсім тәртібінде 8 азаматтық іс қаралғандығы туралы айтты. Облыстың аудандарында, ауылдарында медиаторлардың жоқтығы, олардың орнына ауыл әкімдерінің жұмыс істеп жүргендігін айтып, медиаторларды даярлаудың мәселелеріне тоқталды.
Еліміздегі сот төрелігінің халыққа ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету тұрғысында Ұлт жоспарының 20-шы қадамы нақты орындалып, облыс соттарының барлық залдарында дыбыс-бейне жазба құрылғылары орнатылыпты. Барлығы қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша – 84,11 пайыз дыбыс-бейне жазба жүйесі қолданылған. Сот жүйесіне енгізілген «Сот кабинеті» сервисі арқылы  облыс соттарына 12 178 талап қою арызы және 5 624 әкімшілік материалдары түсіпті.
Басты назар аударатын мәселелердің бірі – сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдануы екендігін атап өтті төраға. Мәселен, қазақша білетін ұлты қазақ азаматтардың ісін тергеу кезінде құқық қорғау органдарының мамандары өздеріне ыңғайлы болулары үшін орыс тілінде жүргізе бастайды. Содан барлық іс орыс тілінде өтетіні белгілі. Бұл жөнінде облыстық соттың төрағасы Д.Әміров:
– Сот процестерінде мемлекеттік тілдің қолданысы төмен болғанына прокуратура, құқық қорғау органдары да жауапты. Енді сотқа дейінгі тергеу, тексеру амалдары қай тілде жүргізілсе де, сот процестері ұлты қазақ және қазақша білетін азаматтар үшін мемлекеттік тілде өтеді, – деді.
Сонымен қатар, облыстық сот төрағасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шараларды іске асыру жұмыстарының барысы жайында айтып берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар