Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақан ауылында өткен айшықты той - АРҚА АЖАРЫ

Ақан ауылында өткен айшықты той

Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани жаңғыруға қатысты жобаларды жүзеге асыру бағытында өңірімізде нақты жұмыстар  жүргізіліп жатыр. Соның бір айғағы ретінде сенбі күні Зеренді ауданы Ақан ауылында өткен «Алаштың алтын шаңырағы» этнофестивалін атап өтуге болады.

  «Той  дегенде қу бас та домалайды» дейтін ежелден тойшыл қазақ  Ақан ауылына жан-жақтан ағылып келіп жатыр. Жол жиегіндегі көк шалғында орнаған киіз үйлер ауылы ән мен күйге бөленіп, алтыбақан тепкен қыз-жігіттер той сәнін аша түскендей. Аспан шайдай ашық, күн нұрын төгіп табиғат та халықтың көтеріңкі көңіл-күйімен үндескендей. Этнофестивальдің негізгі шарасы ауылда жаңа ашылған мешіт алдында өтті. Ақан ауылының тайлы-тұяғы қалмай осы жерге жиналыпты. Іргелес ауылдардан, облыс орталығынан келгендер де көп. Бір-бірімен амандасып, қауқылдасып жатқан жұрт.
Ақан ауылын еңселендіріп тұрған күмбезі күндей нұрын шашқан  мешіт үйі жан-жақтан жиналған қауымға есігін айқара ашты. «Мұқыш молда» мешіті деп айшықтала жазылған маңдайша жазуы анадайдан көзге түседі. Осы шараны ашып, жүргізген қазаққа танымал айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, осы елдің тумасы Құдайберлі Мырзабек алдымен Мұқыш атаның кім екенін бір еске салып өтті.
Асыл дінімізді қорғаймын деп жүріп, патшаның қатыгез сынағын бастан өткерген Науан хазіреттің аталас туысы, шәкірті, ізін басқан бауыры осы Мұқыш молда екен. Науан мен Шәймерден қудаланған кезде халықты күштеп шоқындырмақ болған отаршылдық үстемдікке қарсы шыққан Мұқыш молда да жазадан қашып  құтылмаған. Ол Өскемен жеріне айдалып, сонда абақтыға қамалды. Дін үшін күрескен осындай ардақты тұлғаға арналған мешіттің ашылуы ардақтыларымызды есте сақтау бағытында жасалған оң қадам екендігі анық.
Алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Айдос Кәмиев Алланың үйі ашылып, қуанған елге  ырыс пен береке тіледі және осы шара аясында өткелі отырған «Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалінің ашылуымен  құттықтады. Мешітті салып, оған сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа аудан әкімі атынан сый-құрмет жасады. Алланың үйіне ақшалай сыйлығын да ұсынды.
Мешіт ашылар күннің алдында мұнда алғашқы жұма намазы оқылыпты.  Ауыл маңайындағы сегіз зиратқа зиярат етіліп, құран бағышталыпты. Себебі, Ақан ауылының айналасында  зираттардың көптеп орналасуының да өз сыры бар екен. Кешегі ел басына күн туған ашаршылық, онан кейінгі саяси қуғын-сүргін жылдарында қазақ даласында көп адамдардың көмілген зираттары қалған еді. Ақан ауылының маңайында да сондай орындар аз емес. Бұның бәрі Елбасы мақаласында көтерілген қазақтың қасиетті орындарының географиясына енуге лайықты десек, артық айтқандық болмас.
Зеренді ауданының  бас имамы Қасымхан Ыдырыс өмірден өткен аруақтарға арнап құран бағыштады. Ел ақсақалдарының атынан сөз алған Сейіт Жанәбілұлы да, бір кездері елден жырақ кеткен шұңғыршаның бір бұтағының бетке ұстар азаматы, Қостанай өңірінде облыстық деңгейде қызмет атқарған, қоғам қайраткері Амангелді Садырбеков те өз туған жұртында жақсы істің басына жиналып отырғандарына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Одан әрі сөз облыстың бас имамы Қуаныш Сәбитке берілді. Облыстың өкіл имамы мешіт салудың зор сауапты іс екендігін айтып, осындай жақсы бастамаға қолдау танытқан азаматтарға, барлық ауыл тұрғындарына ақ алғысын білдірді. Ауыл мешітінің салынуына бас-көз болған ел ағасы Бақыт Шылымов  осы ізгілікті іске белсене атсалысқан азаматтарға ел атынан алғыс хаттарды табыс етті. Мешіт ғимаратын салған Жанарбек  Оразалинге жерлестері астына сәйгүлік мінгізді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов Ақан ауылы тұрғындарын Алланың ақ үйінің ашылуымен құттықтауын өлеңмен өріп жеткізді. Есімі өңірімізге танымал ғалым, тарихшы Қадіржан Әбуев те жүрекжарды жылы лебізін айтып, ауыл тұрғындарын имандылыққа ұйытатын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Жаңа мешіттің лентасын қию құрметі облыстың өкіл имамы Қуаныш Сәбит пен оның құрылысына демеуші болған Жанарбек Оразалинге тапсырылды. Мешіттің ашылу рәсімі өткен соң алдымен ақсақалдар кіріп екі бас намаз оқыса, содан кейін ауыл тұрғындары мен қонақтар жаңа мешіт ғимаратын көрді. Алтын түсті айшықты күмбезі бар шағын сәулетті мешіт адамдарды имандылыққа, ынтымаққа ұйытатын Алланың үйі болады деген сенім бар.
Сарыөзек ауылдық округінің әкімі Сабыржан Бесмағамбетовтың айтуынша, жаңа мешіт бір жылдың ішінде халық жинаған қаражатқа салыныпты. Мешіт салуға ауыл тұрғындары түгел атсалысып, біреу 10 мың, біреу 20 мың, енді біреуі 100 мың теңге беріп, қолдан келген көмегін көрсеткен. Бұл шарадан ауылда туып-өскен, бүгінде басқа өңірлерде тұратын азаматтар да шет қалмаған. Осы орайда, Елбасы мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нағыз үлгісі осы ма деген ойға қаласың.
Бұдан кейін «Алаштың алтын шаңырағы» фестивалі  ашылып, мерекелік шаралармен жалғасты.  Ақмола облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова сөз алып, өзінің жүрекжарды құттықтауын жеткізді. «Бұл шара Мәлік атамыздың музейінің биылғы Алаш тойына арнаған сыйлық сыбағасы іспеттес. Себебі, біз өткен тарихты зерделемей, болашаққа нық қадам баса алмаймыз. Әр адам шыр етіп жерге түскен жерін қайда жүрсе де жүрегінің түкпірінде ұстайды. Туған жер – қашанда ыстық, қастерлі. Елбасының рухани жаңғыру бастамасы аясында осындай ұлағаты мол шаралар қолға алынып жатқаны жақсылықтың нышаны» деп атап өтті ол.
Ақан ауылындағы шара аясында ақындар айтысы, балуан күрес, асық ату, көкпар, бәйге сияқты қазақтың ұлттық  ойындары ойналды. Айтыс сахнасына шыққан ақындар Нұрислам Әбділ, Рауан Қайдаров, Құрмет Құралхан, Тоқтасын Семейхан, Тоба Өтепбаев және Бергенбек Азатбекұлы халыққа танылып қалған айтыс ақындары. Қай қайсысы болса да өздерінің бабында екендіктерін көрсетіп, тапқыр сөздерімен, ұтымды ойларымен көрерменді тәнті етті.  Ақтық сында керекулік Рауан Қайдаров пен торғайлық Тоба Өтепбаев өзара сөз жарыстырды. Соңғысы осы айтыстың жеңімпазы деп танылып, бас жүлдені иеленді. Барлық айтыс ақындарына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Ат құлағында ойнайтын шабандоздардың  шеберлігін шыңдаған республикалық турнир елдің делебесін қоздырды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиналған шабандоздар бас білмеген асауларды үйретіп, шабандоздықтарын көрсетті. Ноқта көрмей, бұлқынған асаулардың мойнына  бұғалық салудан басталатын бұл додада ержүректер мен ептілер ғана жарыстың көшін жалғастырды. Тіпті, асау аттың жалын тартып мінген шабандоздар мөңкіп, ырық бермеген сәйгүліктен құлап, шаң қауып та жатты. Осындай тартыста бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан келген шабандоз Ерасыл Диқанбаев қанжығасына байлады.
Тай және тоқ бәйгелердің  қызығы да елді еліктірмей қоймады. Тай жарыста – Диас Нұрмолда, тоқ бәйгеде – Қанат Сүгірәлиев топ жарып, мерейлері үстем болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық спорттың жамбы, асық ату, қазақ күресі, көкпар түрлерінен де тартысты жарыстар өтіп, көрермендерінің көңілдерін баурады. Әр спорт түрінде өз жеңімпаздары анықталды. Бір айтарлығы, осы жеңімпаздарға берілген ақшалай жүлделерді Ақан ауылынан шыққан атақты тұлғалардың ұрпақтары өз қалталарынан шығарып берді. Шара барысында қаншама аты шыққан бабалардың есімдері ауызға алынды. Мысалы, бір елден шыққан Науан хазірет, Мәмбетәлі  Сердалин, Зарап Темірбековтерді айтпағанда,  денесі киелі Түркістанда жерленген Көжемек батырдың ерлігі өз алдына бір дастан. Ал, Нұры, Нарымбай, Ақан, Меңдібай, Аққұлы Қарабас батырлар да қазақтың тәуелсіздігі жолында жан аямай күрескен тұлғалар. Мұқыш, Жанәбіл, Иманбай, Нұрғали молдалар да елін имандылыққа шақырып, көп еңбек сіңірген. Қапар және Сапар Балтабаев сынды бейбіт өмірдің майталмандары және  басқа толып жатқан айтулы тұлғалары осы елдің абыройын асқақтатқанын атап өткен артық болмас. Бұл да ұрпақтар сабақтастығының айқын өнегесін көрсетсе керек. Қарауылдың Есенбай тармағы атасынан осынша танымал тұлғалар шыққанына таң қаласың. Ал, олардың есімдерін тірілткен ұрпағына қалай риза болмассың.
Ақ шаңқан киіз үйлердің бірін Ақан батырдың жетінші ұрпағы Шияп Әлиев тіккен екен. Осы алты қанат ақ үйде сырттан келген меймандарға ас берілді. Қазақ елінің әр қиырынан келген алаш азаматтары  ақ дастархан басында бас қосты. Бұл да астың   туыстықтың, бауырмалдықтың бір ғибратын көрсеткен көрінісі болды. Осындай оннан аса киіз  үйдің ішіндегі ақ дастархан басында ақ тілектер ақтарылды.
  Ауылға кіре берістегі «Алаштың алтын шаңырағы» фестиваліне хош келдіңіздер!» деген айшықты  жазу да, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алмайды  туған елін» деген Елбасының даналық сөзі де Ақан ауылында ұйымдастырылған этнофестивальдің туған жерді, елді сүйіп, қадірлеуге үндейтін тамаша шара болғандығына көзімізді айқын  жеткізе түсті. Ақан ауылынан бастау алған осындай ел-жұртты бірлікке, ынтымаққа бастайтын, елін, жерін сүюге ынталандыратын шаралар онан әрі жалғасын таба берсе екен деген тілекпен аттандық бұл қасиетті де киелі топырақтан.

Ақан ауылы,
Зеренді ауданы.

Суретте: «Мұқыш молда» мешітінің салтанатты ашылуы; боз кілемде балуандар белдескен сәт. шарадан көріністер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар