Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбегімен ел құрметіне бөленген Мәули аға - АРҚА АЖАРЫ

Еңбегімен ел құрметіне бөленген Мәули аға

Еңбегімен ел құрметіне бөленіп, бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған, ел ағаларының бірі – Мәули Сұңғатов. Мұндай ардагер ағалардың өмір жолдары кейінгі толқынға өнеге.

 

Қазақта айтылмаған сөз қалған ба? Бірде жақсымен жайсаң бас қосқан алқалы жиында Бөгенбай биге бір болыс:
– Байқаймын, сіз елге қадірлі қариясыз. Елің сізді қадірлейді, осы абыройдың  мәнісі неде? – депті. Сонда Бөгенбай би:
– Әділетті жақтасам, ар-ұятты сақтасам, қиянатты таптасам, ақ ниетті сатпасам, елім мені қадірлі қария демей, кім дейді? – деген екен. Мәули аға да қартаюдың әдемі жолымен жүрген жастарға өзінің мінез-құлқымен, өнегелі ісімен үлгі көрсетіп жүрген адам.  Жақсы ағаның тәлімді тағылымы кімге болса да «Осы кісіге ұқсасам-ау!» дегізгендей. Енді сәл таратып айтайық. Мәули Сұңғатов 1946 жылдың 27 тамызында Қарашілік ауылындағы шаруаның отбасында туған. Әкесі ол кезде темір тұлпар тізгіндеген механизатор, кейін ауылдағы тұңғыш автокөлік жүргізушісі болды. Шешесі – Нағима Аманбайқызы үй шаруашылығында болып, Рамазан, Мәули, Әлия сияқты ұл-қыздарының тәрбиесімен айналысты. Ол кезде Қарашілік ауылы жеке ұжымшар болған. Ауылға облыс орталығынан әкелінген «Урал», «ЗИЛ» маркалы  жаңа автокөліктер Сұңғат атай үйінің маңында қаз-қатар сап түзеп тұрушы еді. Техниканы ұжымшар басқармасы ауылдағыларға бекітіп беретін. 1941 жылы дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталып, ауыл азаматтары қан майданға аттанды. Сұңғат атайға брон беріліп, ұжымшар басқармасы Молдабек Мақышевпен бірге тылдағы жұмыстарды атқаруына тура келді. Өйткені, сол жылдары ауылда автокөлік жүргізушісі қат болатын.
Бала Мәули ауылдағы он бір жылдық мектеп-интернаттың табалдырығын 1953 жылы аттады. Бастауыш сынып мұғалімі Әмина Сейдахметова апай қолына алғаш рет қалам ұстатты. Бала кезінен техникаға жақын болған Мәули әкесінің автокөлігінен түспейтін. Есі дерті автокөлікке ауған бала оқуды да ұмытып, 1 сыныпты екі жыл оқиды. Қарашілік ұжымшарының малы қысы-жазы Көксеңгір өңірінде бағылды. Мұндағы малшыларға Сұңғат Әлішев азық-түлік тасымалдайтын. Екі жүз шақырым қашықтықтағы жайлауға барып келгенше Мәули автокөлік кабинасындағы әкесі мен ұжымшар басқармасы Қажыкен ағайдың ортасында түрегеп тұрыпты. Кейін бірінші сыныптан 4 сыныпқа дейін Манар Бейсенбаеваның алдынан дәріс алады. Сол кезде бұл мектепте Бурабай, Зеренді, Сандықтау аудандарындағы бірнеше ауылдардың ұл-қыздары интернатта оқитын.
Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде мектепте өндірістік бригада ашылып, оның бригадирлігіне Мәулиді ұсынады. Оқушылар үшін жаңа ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген болатын.  Ескендір, Төлеген, Мәулилер жаңа «Беларусь» маркалы тракторды жүргізуді үйренді. Оқушылар бригадасы қызылша, жүгері дақылдарын сіңіріп, мол өнім алды. Мәули Сұңғатұлы 11 жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін әскер қатарына алынып, үш жылдық әскери борышын Түрікменстан астанасы – Ашхабат қаласы іргесіндегі әскери бөлімде байланысшы болып өтеді. Кейін радио-механик мамандығын игерді. 1968 жылы үлгілі әскери қызметі үшін одақтар астанасы Мәскеуге жолдама алды. Мұнда бүкілодақтық ВДНХ көрмесін аралап, кремль мен Ленин мовзолейін көрді.
– Мари қаласында өткен әскери мерекенің салтанатты жиналысында  генералдармен бірге президиумда отырдым. Ұялғанымнан біресе шаңыраққа, біресе солдаттарға қарай беріппін. Ол кезде әскери қызметтен бірінші болып елге оралу әр сарбаздың арманы болатын. Өз басым алғашқылардың легінде ауылға оралдым, – дейді ол.  Қарашілік ауылы М.Ғабдуллин атындағы  кеңшарына қараушы еді.  Мәули кеңшар жолдамасымен Зеренді селосындағы жүргізушілер курсында оқыды. Ауылға келіп «Газ-51» маркалы жүк көлігінің рөліне отырды. Алғашында электр дәнекерлеушіні, кейін шөп тасыды.
– Бірде Дороговка селосының тұрғындары абыр-сабыр. Біз аң-таңбыз. Сөйтсек, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келген екен. Мәртебелі мейманға Қараүңгірде ас берілді. Щучинск қаласы мен Зеренді селосының жолына бір жылдан соң грейдер салынды. Үш жылдан кейін асфальт төселді, – дейді қарт жүргізуші.
Кейін «Ленин жолы» кеңшары ашылып, Қарашілік ауылы оның бөлімшесі болды. Мәкең осы шаруашылықта жүргізуші болып жүргенде кеңшардың төрт жаңа автокөлігіне бірінен соң біріне мінді. Ол кезде жаңа көлік тек қана еңбек озаттарына берілетін. Астық, шөп, сабан тасу тәрізді әртүрлі жұмыс атқарды. Кейін Ресейдің Омск, Свердловск, Тюмень, Челябинск, Талда қалаларынан құрылыс материалдарын тасымалдады. Мәкең жұмыстан қол үзбей Көкшетаудағы автомеханикалық техникумда оқып, автомеханик мамандығын алып шығады. Жеті жыл «Ленин жолы» кеңшарындағы автопаркте механик, кейін Қарашілік трактор-егіс бригадасында механик болып жұмыс істейді.
– Қазір Қарашілік ауылында жиырма шақты түтін қалды. Мұнда Бөгенбай Наурызов, Ербол Мұхаметалин, Жанболат Иманғалиев, Қанат Хамзин, Роза Әлішева басқаратын шаруа қожалықтары жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіреді. Атбасар қаласынан тартқан инвестор да ауылға біраз көмегін тигізуде. «Ерұлан» серіктестігі пайшылардың үлесін беріп, қыс айларында жолдың қарын аршу үшін жанар-жағармай бөледі, – дейді Мәули Сұңғатұлы. Бүгінгі күні жетпістің желкесіне мінген ауыл ақылшысы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары мен немерелерінің қызығын көруде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар