Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қауіпсіз тағамды таңда» - АРҚА АЖАРЫ

«Қауіпсіз тағамды таңда»

Шілденің шіліңгір ми қайнатар ыстығы өз алдына,  базарда да сауда  қызып  тұр екен. «Жібек жолы» базарының маңы ығы-жығы, иін тірескен халық. Әсіресе, қарбыз мен қауын сатып аламын деушілер көп. Бағалары жаздың алғашқы айларындағыдай қымбат емес, қалта көтерерліктей деңгейде. Жасырары жоқ, жабайы сауда қазір кең етек алған. Жеміс-жидек сататындар  базарды айтпағанда көше бойларын да сауда орындарына айналдырып алғандай.    

 

Күні кеше облыс орталығындағы «Жібек жолы» базарына келушілерге арналған «Қауіпсіз тағамды таңда» тақырыбында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалымен бірлесіп, арнайы акция ұйымдастырды. Бұл жерде тұтынушылар сатып алып жатқан тағамдарының сапасын анықтады.
Айта кетуіміз керек, неге екені белгісіз, халықты қауіпсіз және сапалы тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында өткен аталмыш шарада тұрғындар тарапынан белсенділік байқалмады. Үш сағатқа созылған акцияда  сатып алған тағамын тексеремін деген бар-жоғы алты адам ниет білдірді. Солардың бірі Зеренді ауданы Раздольный ауылының тұрғыны Сағымбай Мұстафин.
– Ауылдан қалаға жол түскесін, үйдегі немерелерге базарлық болсын деп арнайы базарға соғып, қарбыз сатып алдық. Акцияның үстінен түстік. Пайдасы зор, игілікті шаруа екен.   Қарбызды тексертіп, құрамында нитраттар бар ма, жоқ па екендігін біліп алдым. Жемістің сапасына шүбә келтірмей, пайдалануға болады дейді мамандар. Жалпы, осындай шараларды көктемнің басынан бастап ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, осы уақытта сауда  орындарының сөрелерінде қауын-қарбыздар қаптап тұрады. Өйткені,   жұртқа таңсық өнім түрлері бұл уақытта пісіп үлгермейді. Негізінен басқа жақтардан әкелінеді. Сондықтан, алар кезде әрқашан сертификатқа да назар аударған абзал, – дейді тұтынушы ойын ортаға салып.
Жалпы, осы күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында осындай акциялар ұйымдастырылды.  Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің лаборанты Шолпан Жақсылыққызының айтуынша,   акция барысында алынған сынамалардың ішінде талапқа сай емес фактілер орын алмаған.   Дегенмен де сақтық үшін азық-түліктердің сапасын анықтау мақсатында мұндай шаралар жаз айында жиі ұйымдастырылып, тексерістер жүргізіліп тұрады.    
Шара барысында тұрғындарға өткір ішек инфекциясының алдын алу және одан сақтану жолдары жазылған арнайы кітапшалар таратылды.
Р.S. – Акцияға қатысыңыз, – деп өткен-кеткендерді ұйымдастырушылар шақырып жатыр. Жанай өткен жігіт ағасы оларға күмәнмен қарады. «Көз бояушылық үшін жасап жатқан жоқсыңдар ма? Бес-алты адамға арнап жасайсыңдар да, баспасөз бетінен жарқыратып бересіңдер. Халыққа пайдасы болса болды»,– деп өз ойын бүкпесіз бір-ақ айтты.  

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар