Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл әкіміне жүктелетін міндет ауыр - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл әкіміне жүктелетін міндет ауыр

Елбасымыздың биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің алдында тұрған бүгінгі күнгі көкейкесті мәселелерді шешу, болашақтағы дамудың нақты бағдарлары тұжырымдалған. Өткен жылы ғана тәуелсіздігінің 25 жылдығын дүрілдетіп атап өткен еліміз осы ширек ғасырдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жетістіктерге жетті. Сол тарихи оқиғалардың басы-қасында жүріп, куәгері болғандығымды мақтанышпен есіме аламын.

  Кеңес заманында ауылда бес бірдей басшы болатын. Олар: директор, парторг, селолық кеңестің төрағасы, жұмысшы комитеті, комсомол комитетінің хатшысы. Бұл басшылардың бәрі өз салалары бойынша қызмет атқарып, өз міндеттерін орындайтын. Ал, қазір сол кеңес заманындағы бес басшының міндетін жалғыз  ауыл әкімі  атқарады. Ауылдың барлық мәселесіне жауап беріп, күнделікті кездесіп жататын қиындықтар мен сан салалы шаруалардың жалғыз әкімге жүктелуі оның міндет жүгін ауырлата түседі. Өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында ауыл әкімі болып, осы саланың ауыртпалығын бір адамдай көтерген мен оның қаншалықты қиын шаруа екендігін жақсы білемін.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда алдымызда күрмеуі қиын көп мәселе тұрғанда Мемлекет басшысының «Бізге уақыт керек ағайындар! Асықпайық, аптықпайық, бәрі де өзінің жөнімен болады. «Сабыр түбі сары алтын» деген, сабыр етейік! Екі тізгін бір шылбырды маған сеніп тапсырған екенсіздер. Сеніңіздер маған. Мен үшін өз халқымды бақытты етуден басқа арман, мүдде жоқ, мен басымды бәйгеге тіккен адаммын!» деген сөзінің ақиқаттығын уақыт көрсетіп берді. Елбасының осы сөзін сол тұста ауыл әкімі болып, жергілікті жерде жұртпен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген кезімде айтып, жарқын болашаққа жететінімізге сендіруге тырысып жүретінмін.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында көп қиындықтар мен ауыртпалықты бастан кештік. Ол кезде мен облыстық мәслихаттың депутатымын. Бір күні мені қала әкімі тұрғындармен өтетін жиынға жіберді. Жарық жоқ, жылу жоқ, жалақы уақытында берілмейді. Ашынған адамдар өте ширығулы екен. Содан мен «бір-бірден сөйлеңіздер, сұрақтарыңыз бен пікірлеріңізді кезектесіп айтыңыздар» дедім. Ширыққан адамдар коммуналдық қызметтің төлемақы төлемегендерді одан ажыратуы заңсыз екендігін, өйткені, жалақы уақытында берілмейтіндігін айтып жатыр. Мұның өзі «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деген жайға ұқсайтын еді. Жұрт қызмет ақысын төлемейді, өйткені, жалақы алмайды. Мен адамдарды тыныштыққа шақырып, бұның бәрі уақытша қиындық екендігін, қиындыққа төзімділік танытып, сабыр сақтау керектігін айтып, сол арада 17 адамнан тұратын ынталы топ сайладық. Содан ақырындап бұл мәселе өзінің шешімін тапты.
Биылғы жылдың ақпан айындағы «Арқа ажарының» бір нөмірінде сенатор Рашид Түсіпбеков Конституцияға өзгерістер енгізуге байланысты халық арасында кереғар пікірлер туғызған 26-бапта жерге меншік жайы айтылмағандығын айтқан еді. Мәселенің байыбына бармай жатып байбалам салғандардың көбі бұл жайдан бейхабар немесе қасақана білмегенсіген сияқты. Әр кезеңде сондай істің байыбына бармай дау-дамай туғызуға құлшынатын жандар мен мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына байыппен қарап, қолдан келгенше нақты қолдау білдіретін азаматтар болады. Елдің болашағына ықпал ететін де дәл сондай өз ұстанымы бар белсенді азаматтар болмақ.
«Арқа ажары» газетінің биылғы жылдың 11 ақпанындағы нөмірінде жарияланған көп жыл Володаровка аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етіп, елге еңбегін сіңірген Болат Көшімбаев ағамыздың  мақаласында алдағы бес жылдың ішінде еліміздегі бытырап жүрген шағын шаруа қожалықтары мен фермерлерді кооперативтерге біріктіре алсақ, экономикамыздың өркендеуіне елеулі үлес қосар еді деген пікірін айтыпты. «Бірлік түбі – тірлік» деп қазақ атамыз текке айтпаған. Ұсақ шаруа қожалықтарын біріктірудің мемлекеттік маңызы бар шаруа екендігі шындық. Ағамыз осы мәселені нақты мысалдармен нанымды етіп жазады. Ел болашағына алаңдап, соған аз да болса үлесімді қоссам дейтін жанашыр адамның сөзі бұл.
Қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді. Елдің ертеңіне көзжұмбайлықпен қарамайтын әрбір елжанды азамат атқарылып жатқан жақсы шаруалармен бірге, кейбір кездесіп қалатын олқылықтарды да құзырлы орган өкілдеріне жеткізіп, назар аударуларын, сол мәселені шешуге ықпал жасауларын талап етуі керек. Ұзақ жылдар түрлі деңгейде қызмет атқарып, өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын бір кісідей арқалаған мен үшін көз алдымда болып жатқан кейбір жайларды айтпау қиянат деп білемін. Ұлым тұрып жатқан Кеңөткел ауылында қазір біраз шаруа қожалықтары өз беттерінше бытырап, дұрыс жұмыс жүргізе алмай жүр. Мектеп жабылудың алдында, екі сынып бір бөлмеде оқиды. Клубтың төбесі жанып кетіп, содан бері жөнделмей тұр. Жол ойқы-шойқы, сонау кеңес заманынан бері жөнделмеген. Осы жайларды айтайық десек, ауылымызға не әкім, не халық қалаулылары жуымайды. Кезінде бұдан да қиын уақытта халық арасында болып,  жағдайды шешуден қашпайтын едік. Қазір қолында бюджеті бар әкімдер неге халықпен кездесуден тайсақтайды? Ауыл әкімі Мемлекет басшысының елдегі көзі, құлағы емес пе? Ендеше, Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жергілікті жерде жүзеге асыратын, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеп, түрлі мәселелерді шешетін солар болуы тиіс. Президент Жолдауы тек оқып, жоғарыдағылар бекіткен кестеге сай бес-он адамды жинап, соларға айтып бере салатын жаттанды сөз емес, оны нақты іске асыру қажет. Атқарушы билік өкілдері осыны мықтап естерінде ұстаса екен деймін.

Аманжол АХМЕТЖАНОВ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар