Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сапалы өнімге қашанда сұраныс мол - АРҚА АЖАРЫ

Сапалы өнімге қашанда сұраныс мол

Биылғы жылдың  «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» аталымы бойынша «Алтын сапа»  конкурсының жүлдегері болған аймағымыздағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Щучинск  бу қазандығы-механикалық зауыты» серіктестігі  шығарған өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне таралады.

Ол аз десеңіз, іргелес Ресей мен Орта Азия елдеріне де экспортқа шығарылады.  Қазіргідей бәсеке белең алған заманда өнімдері жұртшылық тарапынан жоғары сұраныс тауып отырған іргелі кәсіпорынның бүгінгі жай-күйімен, атқарылып жатқан жұмыстар, болашақ мақсат-жоспарларымен танысу үшін өндіріс орнына арнайы ат басын бұрған едік.

Бурабай өңірі көркем табиғатымен жұртты тамсандырып, алыс-жақын шетелдер мен еліміздің басқа аймақтарының демалушыларын тартатын туризм орталығы ғана емес, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларын да қатар дамытып отырған облысымыздағы іргелі аудан. Темір жол бойына қызмет көрсететін рельс кесетін зауыт, аймағымызды ғана емес, еліміздің барлық өңірлерін сапалы жылумен қамтамасыз ету барысында Щучинск бу қазандығы-механикалық зауыты сияқты ірі кәсіпорындар нарық талабына сай жұмыс істеуде.  
Қазандық-механикалық зауытында өндірістік бу қазандықтарынан бастап, су ысытқыш темір қазандықтар, модульді қазандық құрылғылары, қазандықтардың көмекші құралдары, жылу магистраліне арналған құбырлар, кез келген мақсаттағы металл конструкторлар заманауи қондырғылардың көмегімен шығарылады. Серіктестіктің қазіргі директоры Марат Ахметов аталмыш ұйымды 2012 жылдан бастап басқарып келеді. Оның айтуынша, өндіріс орны қазіргі уақытта Тобыл, Шаңтөбе, Есіл қалалары сияқты үш ірі нысанда жылу қазандықтарын салуда. Яғни, қала тектес Есіл, Шаңтөбе аумағында жаңадан орталық қазандықтар орнатылып жатыр екен. Былтырғы жылы зауыт жұмысшылары Бурабай кентінің басты жылу қазандығын жаңадан салып берген. Ол жобаның жалпы құны барлық жұмыстарды қоса есептегенде 1,2 миллиард теңгені құрапты. Сонымен бірге, Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр селосында былтырғы жылы іске қосылған жылу қазандығы да зауыттың жемісті еңбегі.
– Қазіргі уақытта зауытта шамамен 240-тай адам жұмыс істейді. Олардың көбі қазандықтар салынып жатқан жұмыс орындарында. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 100-120 мың теңгенің шамасында. Кадр тапшылығы мәселесі кез келген кәсіпорынның бас ауруы шығар. Біздің зауытқа көбінесе дәнекерлеуші мамандар көп керек. Себебі, зауыттағы басты жұмыстар темір дәнекерлеушілерге тікелей байланысты. Қатаркөлдегі техникалық колледжден іс-тәжірибеден өтуге келетін оқушылардың көмегі атап өтуге тұрарлық.  Жұмысты ұнатқандары болса, осында қалып, жұмыс істейді.  Жылына 20-30 бала келеді. Дәнекерлеушілердің жалақылары қай жерде болсын 150 мың теңгеден кем болмайды, – деді серіктестік директоры Марат Нұрсайынұлы.
– Мен зауытта үш жылдан астам жұмыс істеймін. Жүк көлігімен жылу қазандықтарын және оларға қажетті құрал-жабдықтарды тиісті нысандарға тасымалдаймын. Алыс жолға баратын болсақ, екі-үш жүк көлігі қатар шығамыз.

Жақында Есіл, Шаңтөбе қалаларына қазандықтарды дер кезінде жеткізіп бердік. Міне, қазір тағы да сапарға шыққалы отырмыз, – дейді жүргізуші Бекзат Сәрсенбаев. Біз де жолаушыларға сәт сапар тілеп, қазандықтарды әзірлейтін цехқа қарай бет алдық.
Зауыт тарихына үңілетін болсақ, ол 1971 жылы Қазақ КСР-нің ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы бойынша Щучье жөндеу-механикалық зауыты болып ашылыпты. Сол тұста өндіріс орны ең алдымен экскаваторлар мен автокрандарды жөндеуден өткізіп, елді мекендердің құрылысына қажетті өнімдерді, құбырлардың қосалқы бөлшектерін шығарған екен. Яғни, зауыт ауыл шаруашылығы сапасын  қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отырған. Кейін 1989 жылы зауыт ауыр машина құрастыру министрлігінің қарамағына өткеннен кейін Щучье қазандық-механикалық зауыты болып атауын ауыстырған. Кеңес Одағы тұсында ірі кәсіпорын КЕ сериялы бу қазандықтары мен НР-23, КВТС, КВГМ және тағы да басқа су ысытқыш қазандықтарды шығара бастаған. Сол кезде Кеңес Одағының барлық республикаларын қазандықтармен қамтыған.
Қазіргі уақытта жаңа құрал-жабдықтардың, құлтемірлердің көмегімен жылына орташа есеппен әртүрлі модификацияланған 300-ден астам қазандықтар мен оларға қажетті қосалқы бөлшектердің ауқымды бөлігін шығаратын зауыт блоктік-модульдік қазандықтарды да өндіруде.  Еліміз тәуелсіздігін алған жылы өндіріс орнын ұжым мүшелері бірлесіп сатып алып, бұрынғы жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізе береді. Араға алты жыл салған соң өндіріс орнын «Азия-ЭнергоПроектМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иемденеді. Сол жылы ол аталмыш серіктестіктің филиалы ретінде қайта құрылады. 2013 жылы зауыт серіктестіктің құрамынан бір жола бөлініп, «Щучинск бу қазандығы-механикалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып жеке шығады. Мұнда замануи станокті парк пен құрал-жабдықтар түрлері жетерлік. Қазіргі уақытта зауыт өнімдеріне Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ секілді ірі ведомстволардан тапсырыстар жиі түседі.
Жыл сайын кәсіпорын «Қазақстанның ең үздік өнімі» республикалық көрме-байқауына да қатысып тұрады. Ағымдағы жылы Астана қаласында отандық тауар өндірушілерінің арасында өткен «Ұлы дала елі» форумында «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
– Зауыт басшылығының басты міндеті – жұмыс сапасы мен өнімнің санын арттыру үшін жағдай жасау. Бұл бізде дұрыс жолға қойылған. 2007 жылдан бастап кәсіпорын сапа менеджменті халықаралық жүйесінде жемісті еңбек етіп келеді. «Экологиялық менеджмент жүйесі» сертификаты да бар. Осындай байқаулар бізді талпындырып, жұмысшыларды еңбек етуге ынталандырады, қанаттандырады. Осындай қолдаудың арқасында жұмысшылар қазандықтарды орнату жұмыстарын уақытында аяқтауға тырысады, алға қойған мақсат-міндеттерді тиісті деңгейде орындайды, – деді зауыттың бас конструкторы Виктор Кондрашов.
Барлық тауарлар Кедендік Одақтың талаптарына сай сертификатталған. За-уыт мемлекетке тиісті салығын төлеумен бірге, қайырымдылық шараларын да жүзеге асыруды ұмытпайды.  Мәселен, өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртетін болсақ, өнеркәсіп орны 32 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетіп, қайырымдылық жасаған. Қазіргі уақытта Щучинск қаласындағы шіркеуге жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі, соның төбесіндегі мұнараларды зауыт тегін жасап беруде. Сондай-ақ, жұмысшылардың айтуынша, Наурыз мерекесінде де зауыт басшылығы қолғабыс көрсетеді.
–Зауытта әртүрлі салмақтағы ауыр темірлерді көтеруге арналған крандар бар. Мына пескаструй құралы құбырларды қақтардан тазалайды. Ол жылу трассаларына арналған құбырларды даярлауға көмектеседі. Жылу қазандығының қазандары толық орнатылған соң, оларды үйлерге жеткізу үшін қолданылатын құбыр  тораптары болады. Оларды тұрғындардың үйлеріне жеткізіп береміз,  әрі қарай оны өздері орнатады, – дейді зауыттың менеджмент саласындағы маманы Алау Өмірханов. – Былтыр Бурабай кентінде салынған қазандықтың қуаты 25 Гкал/сағ. Бір жыл қолданыста болды, кепілдендірілген. Әлі де біздің бақылауымызда. Жалпы, елімізде осындай мақсаттағы шағын кәсіпорындар жетерлік, бірақ, біз сияқты ірі кәсіпорындар екеу. Біреуі Қостанайдағы «Титан» болса, екіншісі біздікі, – деді ол.
Биылғы жылы сатып алынған құрылғылардың бірі плазмарез құралы. Ресейден сатып алынған аталмыш жабдықтың құны шамамен 12 миллион теңге тұрады. Металдарды өте әдемі және қажетті қалыпта қиып, кесіп береді. Зауыт жұмысшыларының айтуынша, кәсіпорын шикізатты өз елімізден, атап айтқанда, Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы металл
сататын орындардан алады екен.
–Мына цехта біз қазандықтардың барабандарын әзірлеп, шығарамыз. Дәнекерлеуші құлтемір дайын шлюздерді біріктіреді. Құлтемір автоматты түрде темірлерді бір-біріне қосып, дәнекерлейді. Бұл жаңа құрылғыны өткен жылы сатып алдық. Зауыттың басшылығы тарапынан ешқандай да мәселе жоқ, цехтағы жұмысшыларға ең бастысы еңбекақысының дер уақытында төленуі ғой. Зейнетақы қорына аударылуы тиіс төлемдер, әлеуметтік аударымдар уақытында жіберіледі. Сонымен бірге, жаңадан енгізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деген жаңашылдықтардың енгізіліп жатқандығы жайында да жұмысшылар хабардар, – деді №3 цехтың басшысы Иван Кацер.
– Қазіргі уақытта «Қазцинк», «Қамқор-локоматив» серіктестіктерінің ұйымдарына блоктік-модульдік қазандықтарды дайындап жатырмыз.  Аталмыш қазандықтардың ерекшелігі оларды тез бөлшектеп, бұзып, орнын ауыстыра қоюға болады. Олар жиналмалы келеді. Бұл қазандықтар бір-екі ай ішінде жасалады. Мынау жасалып жатқан қазандық аяқталған соң, Қызылордаға жеткізіледі. Қыркүйекте орнатылуы тиіс. Оның құны 58 миллион теңге.  Бурабай кентіндегі қазандықты орнатудың толық жұмысы 2,5 миллиард теңгені құрапты. Ал, Есілдегі қазандық 6 миллиард теңгеге шыққан. Қостанайдың Тобыл қаласында қайта қалпына келтіріліп жатқан қазандықтың жылу қазандарын ауыстыруға 1 миллиард теңгенің өнімі жұмсалыпты. Зауытты аралап жүріп, бір қазандық құралының 5,5 миллион теңгеге дейін тұратынына көз жеткіздік.
Зауыт Қазақстанның басқа да кәсіпорындарымен ынтымақтасып жұмыс істейді. Мәселен, «АзияЭнергоПроект-Монтаж», Өскеменнің «Технологиялық құрал-жабдықтар» компанияларымен бірлесіп жұмыс істегендіктен, мамандары өзара тәжірибе алмасып жүреді. Егер зауыттың құрылыс нысандары көп болып, адамдар жетіспей жатса, сол зауыттардан шақырылады екен.  Өндіріс орнын аралап жүріп, жұмысшылардың ауыр жұмысқа қарамастан, көңілдері көтеріңкі екендігін байқадық. Жалақысы жақсы, тұрақты жұмыс істеп жатқан олардың көңіл-күйлерінің көтеріңкі болатын да жөні бар. Тұрмыс билеген бүгінгі нарық заманында тұрақты жұмысың, жоғары жалақың болса, одан артық не керек. Жұмысшыларына осындай жағдай жасап қойған кәсіпорын басшылығының іскер ұйымдастырушылығына риза көңілмен аттандық.

Бурабай ауданы.

Суретті  түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар