Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше - АРҚА АЖАРЫ

Бала тәрбиесінде әкенің орны ерекше

 

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тектен-текке айтылмаса керек. Өйткені, адам өмірі ұрпағы арқылы жалғасады. Мемлекет дегеніміз жеке адамдардан тұратынын ескерсек, бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын азамат болатынын, сондықтан да,  ұрпақ тәрбиесі – бұл мемлекеттік маңызы бар келелі мәселе екенін түсінуге болады.

 

Бала тәрбиесінің басында ең алдымен ата-ана, содан кейінгі орында мектеп, яғни, ұстаз тұрады. Баланың бойындағы адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, әдептілік сияқты жақсы қасиеттердің бәрі отбасынан сіңеді. Қазақ «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп ата-ананың бала санасына тигізер әсерін дөп басып айтқан. Өкінішке орай, бүгінгі күні ежелден қалыптасқан дәстүрлі отбасы институты біраз өзгерістерге ұшырап, тоқырауды бастан кешуде. Мәселен, АХАЖ деректеріне назар аударсақ, өткен жылы ажырасушылар саны үйленіп отау құрғандардың елу пайызынан асыпты. Яғни, әрбір екінші отбасы ажырасып жатыр деген сөз. Сонымен бірге, толық емес отбасылар қатары көбейіп барады. Әкесіз, не анасыз өскен бала толыққанды отбасында тәрбие алған балаға қарағанда өзгеше болады.
Баланың басты ұстазы – ата-анасы. Одан артық тәрбиеші де, ұстаз да жоқ. Ал, жас бала ең алдымен үлкендерге, соның ішінде күнде араласып, бірге жүрген ата-аналарына қарап, еліктеп өседі. Осы орайда, психолог мамандардың пайымдауынша, баланың жан-жақты жетілуіне әкенің де, шешенің де рөлі зор. Ана балаға кішіпейілділік пен қайырымдылықты, әдептілік пен төзімділікті үйретсе, әке өмірдің қиындықтарын мойымай көтеретін табандылықты, батылдықты, бірбеткейлікті, сабырлылықты санасына сіңіреді. Міне, осылайша, ата-анасының бірдей тәлімін алып өскен ұл-қыз тәрбиелі, өмірге бейім болып өседі.
Ал, бүгінгі күннің шындығы мынадай: Көп аналар балаларын ер адамның қатысуынсыз жалғыз өздері тәрбиелеп өсіреді. Бала үйінде анасының тәрбиесін алады, мектепте тағы да әйел мұғалімнің тәрбиесінде болады. Осыдан келіп, бүгінгі психологтар әрдайым көтеріп жүргендей, әйел мінезді, қиындыққа шыдамай морт сынатын ынжық бозбалалар өсіп шығады. Статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, қыз балаларға қарағанда суицид көлемі ер балалардың арасында көп кездеседі екен.
Қазіргі таңда орын алып отырған өзекті мәселелердің бірі ретінде отбасы құрылымының өзгеріп, оның мүшелері санының азайып, әсіресе, бала санының кеми түскенін атап өтуге болады. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси жаңғырулар мен әртүрлі қоғамдық сипаттағы және әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасулар отбасы мүшелерінің арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас сипатына да өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Бүгінгі нарық жағдайында ата-аналардың көпшілігінің жұмыс- бастылығы бала тәрбиесіне көңіл бөлмеушілікке әкелуде.
Баланы дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда әкеге байланысты болмақ. Әке тәрбиесін алған ер бала қажырлы, ер мінезді болып өседі, ал әкесін үлгі тұтқан қыз бала өзінің ертеңгі өмірлік серігі болатын жолдасын таңдауда қателіктерге көп ұрынбайды.
«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының психолог, уролог, гинеколог, дермотовенеролог және заңгер мамандары аудандарды аралап, тегін қабылдаулар өткізуді дәстүрге айналдырған. Осы арада айта кетерлік бір жай, өңірлерге іссапармен барған психолог мамандарға көрініп, ақыл-кеңес сұрайтындардың көбі ер адамдар. Өзіне қол жұмсап, суицидке баратындардың да басым көпшілігі ер адамдар екендігін атап өткен артық болмас. Осы жайлар ер азаматтардың тез күйзеліске түсуіне, психологиялық тұрғыда қиындыққа дайын болмауына негізінен гендерлік тепе-теңдіктің мағынасы мен мәні бұрмаланып, ер азаматтың отбасының иесі екендігін сезіне алмауы себепкер болып отырғанын көрсетеді. Осы орайда, «Шаңырақ» қоғамдық қоры Ақмола облысының барлық өңірлерінде «Әке – асқар тау» байқауын ұйымдастырып, барлық жеңімпаздардың қатысуымен «Әке дәурені» атты облыстық әкелер слетін өткізді. Бұл шаралар әкенің отбасындағы және бала тәрбиесіндегі рөліне жұртшылықтың назарын аудару мақсатында өткізілді.
Отбасылық қарым-қатынаста оның әрбір мүшесінің өз рөлі мен орны бар. Отбасында ана баланы өмірге әкеледі, оны ақ сүтімен тамақтандырып, әлдилеп, мәпелеп өсіреді. Анадан бала эмоциялық жылылық пен махаббат сезімін сезінсе, ал, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас негізінен сыйластық, еліктеушілік, қорғаныш санаушылық түрінде өрбиді. Қазіргі таңда әкенің рөлі қалай болса да ананың рөлінен кем болмауы керек. Бұл жағдай тек әр адамның жауапкершілік сезіміне тәуелді болып келеді. Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз арқылы баланы тәрбиелеу басты мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Отбасылық дағдарыстардың белең алуы көп жағдайда еліктеушілік қасиетімізге байланысты екені күмән туғызбас шындық. Сондықтан, бала тәрбиесіндегі мәселелер, әсіресе, отбасылық өмірге тұлғаның дайындығы ғылыми тұрғыда негізделуі керек.
Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін ешнәрсе жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық тәрізді адамгершілік қасиеттерін ата-аналары арқылы саналарына сіңіруіне байланысты болмақ.
Өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің ықпалы зор. Ер адамдардың отбасындағы басты міндеті туралы пікірлердің алуандығынан кейде ой қайшылықтарын туындатады. Сарапшылар азаматтардың отбасындағы ғана емес, тұтас қоғамдағы рөлін саралап алуға кеңес береді. Бұл орайда, М.Қабақованың: «Зерттеушілердің көпшілігі тіпті, ер адамдардың дағдарысқа ұшырағанын көлденең тартады. Аталған дағдарысқа бірнеше себеп бар. Бастысы, ер адамдардың көпшілігінің бастапқы беделі мен мақсат-міндетіне сәйкес келе алмауы. Күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін, кімнің неге жауап беретінін жете түсінуі қажет. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың екеуі де өздерінің отбасылық рөлдеріне қанағаттануы шарт. Бұл шаңырақтағы үйлесімділік пен тұрақтылыққа кепіл болады» деген пікірі көкейге қонады.
Психологтар бала тәрбиесінде, әсіресе, ұл баланың келешегіне әкенің ықпалы қажет екенін айтады. Ол үшін әке ұлымен сәби кезінен бастап дос болуы керек. Осы себепті, әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет. Қоғамның құрылуы әкелерден басталады.
Жоғарыда көрсеткен мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар: отбасы мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу; қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де БАҚ, кино арқылы арттыру; бала бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда әкенің рөлі жоғары екенін насихаттау; психологиялық тұрғыда үлгі тұтуға болатын отбасыларды насихаттау; «Жас отбасылар мектебі» «Болашақ әкелер мектебі» тәрізді курстарын ашу керек.
Сонымен қатар, отбасылық құндылықтар, шаңырақтағы отағасылардың міндеті мен мақсаты, бала тәрбиесі, аталар мен әжелердің рөлі туралы газет-журналдар шығаруды ұсынамыз.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы болып табылады. Қазақ біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мадақтап жатады. Отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен.
Осы айтылған жайлардан көріп отырғанымыздай, мемлекеттік маңызы бар келелі мәселе саналатын ұрпақ тәрбиесін дұрыс жолға қоямыз десек, ең алдымен, отбасы бірлігін, шаңырақтың шайқалмай, ер адам мен әйелдің өз міндеттерін адал атқарып, ата-аналық міндетіне адал болуын қалыптастыру – бүгінде белең алып бара жатқан жастар арасындағы түрлі келеңсіздіктердің жолын кесіп, саналы да тәрбиелі ұрпақ өсіруімізге жағдай жасайды.

Берік РАҚЫШЕВ,
«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және  зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар