Кездескен жерде «мал-жан аман ба» деп алдымен ауызға малды алатын бұрынғының қазағы үшін төрт түлік күнкөрістің қайнар көзі болып саналса, қазір де ауыл тұрғындарының көбі осы малға қарап отырғаны шындық.
Осы орайда, белең алып кеткен мал ұрлығы ауыл тұрғындары үшін бүгінде ең өзекті мәселе болып отыр. Ішкі істер департаментінің дерегіне назар аударсақ, биылғы жылдың басынан бері ғана облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 90 оқиға тіркеліпті. 627 бас мал қолды болған. Қылмыстың ашылу деңгейі 51,7 пайыз көлемінде. Мал ұрлығына қатысты қылмысты ашуда біраз қиындықтар кездеседі. Ең алдымен, малды ұрлаушылар бір адам емес, әдетте ұйымдасқан топ болып келеді. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Біреу малды ұрласа, екіншісі оны сойып, тиісті жерге жеткізеді, үшіншісі сатады. Сондай-ақ, ұрыларға малды шығарып беретін жергілікті жердегі көмекшілері де болады. Осылардың бәрі қылмысты ашуды қиындата түседі дейді ішкі істер органы қызметкерлері.
Мал ұрлығының белең алып кетуіне, ішкі істер органы мамандарының айтуынша, көбіне адамдардың өздері себеп болып жатады екен. Өйткені, мал далада қараусыз жайылады. Ондай малды ұрлау да оңай. Ал, көп тұрғындар малдарын есігі құлыптанбайтын қораларда ұстайды. Бұл да ұрылардың еш кедергісіз түнде малды алып кетуіне мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған 90 ұрлықтың 29-ы қараусыз жүрген өрістегі малға қатысты болса, 43-і есіктері құлыптанбайтын қоралардан ұрланған.
Десе де, құқық қорғаушылар белең алып кеткен мал ұрлығын тыюға қатысты біраз шараларды жүзеге асырып жатқан көрінеді. Ең алдымен, полиция күре жолдардың бойынан бөгет қосындарын ашқан. Сол арқылы тасымалданатын барлық мал мен мал еті бақылауда ұсталады. Сонымен бірге, малға сырға тағуға байланысты үш жақты келісім-шартқа қол қойылып, бүгінгі күнге дейін 7683 бас жылқы, 200 мыңнан астам сиыр мен қой сырғаланған. Учаскелік инспекторлар тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, малды далаға қараусыз жібермеу, қораларды бекітіп, есіктеріне құлып салу қажеттігін айтып отырады.
Әрине, ұрлыққа қатысты ең басты күрес, қылмысты ашу болатыны түсінікті. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері ұрланған 519 бас малды иелеріне қайтарған екен. Мұның бәрі жедел іздестірудің, көп тер төгудің нәтижесінде келген жетістіктер екені анық. Мәселен, жеті адамнан тұратын топ Целиноград ауданында мал ұрлығына қатысты көптеген қылмыстар жасаған. Соңғы қылмыстарын олар биылғы жылдың қаңтарында жүзеге асырып, Қызылсуат ауылының тұрғынының төрт жылқысын алып кеткен. Келтірілген залал құны – 1400000 теңге болады. Полиция қызметкерлері бұл қылмысты бір тәуліктің ішінде ашады. Бұлтартпас айғақпен қолға түскен ұрылардың жасаған қылмысы бұл ғана емес екен. Кейін айғақтар мен куәлар арқылы қылмыстық топтың мал ұрлығына қатысты тоғыз қылмысы анықталды. Қазір ұрылардың үстінен қылмыстық іс ашылып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазақ «өзіңе өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дейді. Яғни, ұрлықты тыюдың ең тиімді жолы – ауыл тұрғындарының малын қараусыз қалдырмай, сақтық шараларына жете көңіл бөлуі болып қала бермек.
Қалкөз ЖҮСІП.