«Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағдары бойынша кураторы, облыстық мәслихаттың депутаты Максим Божко жұмыс сапарымен Бұланды ауданында болды. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға аудан активтері қатысты.
Басқосуда егін жинау науқаны жұмыстарын қаржыландыру, құс шаруашылығын дамыту және Макинск құс фабрикасы құрылысының барысы туралы мәселелер талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов егін орағын мемлекет тарапынан қаржыландырудың жайы мен шарттары туралы жан-жақты айтып берді. Диқан қауымы үшін аса маңызды егін орағын белгіленген мерзімде сапалы өткізу үшін ең алдымен қажетті жанар-жағармай қорын жасауда кездесіп жататын түрлі кедергілер мен қиындықтар туралы айтылып, партия тарапынан бұл мәселе әрдайым назарда ұсталатыны атап өтілді.
Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына белсене қатысатын облысымызда құс шаруашылығын дамыту мәселесі үнемі көтеріліп жүр. Еліміздің әр өңірінде ірі құс фабрикалары салынып, жұмыстары жолға қойылуда. Солардың бірі ретінде Макинск құс фабрикасын атап өтуге болады. Жоба құны 45,6 миллиард теңгені құрайтын құс фабрикасы аудандағы ғана емес, облысымыздағы ірі кәсіпорындардың біріне айналары анық. Қажет соманың жартысын құрылтайшы өз қалтасынан шығармақ. Жетпейтін қаржы «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ы арқылы кредит түрінде алынады. Қазіргі күні 5,5 миллиард теңгенің жұмысы игерілген. Жоба іске қосылған кезде 900-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ және жылына 60 мың тонна құс еті өндірілетін болады. Қазіргі күні екі өндіріс алаңының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жиында партия белсенділері жоба құрылтайшыларының назарын құс фабрикасы құрылысын белгіленген мерзімде бітіруге аударды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.