Астананың іргесіндегі елді мекендерде әлеуметтік нысандардың құрылысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жеке инвестиция тартылуда.
Облыс әкімі Мəлік Мырзалин мен «Агрофирма «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Иван Сауэр арасында жасалынған ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде құны 29,5 миллион теңгеге Родина ауылында дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын күрделі жөндеу жəне күндізгі стационардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталып, стоматологиялық, электрокардиографиялық құралдар, ультрадыбыстық терапия аппараты тәрізді медициналық жабдықтар орнатылды.
Сонымен қатар, құрылтайшы «BI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бауыржан Исабаевтың демеушілігімен жасанды жабындысы бар футбол-баскетбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаның құны 11 миллион теңгені құрап отыр. Ауданның тағы бір тумасы «Шаңырақ басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Лоренц құны 5 миллион теңгеге Бірлік ауылында 50 орындық бастауыш мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Оған қоса Отаутүскен ауылында 50 орындық бастауыш мектептің құрылысы қолға алынған. Оны Қанат Жəкенов басшылық ететін «Көкше Жемчуг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Жоба құны 12 миллион теңгені құрайды.
Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен ауданда денсаулық сақтау басқармасының нысандары мен 200 жəне 50 орындық мектептің құрылысын жүргізу жоспарда бар.
Целиноград ауданы.