«Азаматтарға арналған үкімет»
Оның қызметін пайдаланған адам халыққа қызмет көрсету орталығына барып, түрлі құжаттар жинап әуре болмайды, оның бәрін дербес менеджер атқарады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, қазіргі күні халыққа қызмет көрсету орталықтарында қажетті құжаттарды алу тізбесі барынша азайтылған. Бірақ та, ХҚКО-да басқа мекемелерге бару арқылы көрсетілетін қызметтер де бар. Мысалы, автосалоннан несиеге немесе бөліп төлеуге көлік сатып алған кезде кепілге қойылған жылжымалы мүлікті тіркеу қызметі сияқты күрделі қызметтерді азаматтардың өздері жүріп жасауы қажет болады. Дербес менеджерлер, міне сондай біраз уақытты қажет ететін күрделі шаруаларды атқарады. Олар қажетті анықтамаларды жинайды, қажет болған жағдайда банкке барады, құжаттың түпнұсқасын жарамсыз деп тану жөнінде газетке хабарландыру да береді. Осыдан көріп отырғанымыздай, дербес менеджердің атқаратын қызмет түрі сан алуан және күрделі.
Жаңа сервис облыстық маңызы бар барлық қалаларда ашылып, іске қосылған. Бұл қызметті ХҚКО-ға барып уақыт өткізгілері келмейтін жеке және заңды тұлғалар пайдалана алады. Әрине, ол тегін емес. Дербес менеджердің қызметі үшін белгіленген мөлшерде ақы төлеу қажет. Дербес менеджер көрсететін қызметтер тізімін www.gov4c.kz сайтынан қарап танысуға болады.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.