Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында көрнекті тұлға, қоғам қайраткері, жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішұлының туғанына 90 жыл толуына арналған «Ғалым. Ұстаз. Қайраткер.» атты дөңгелек үстел өтеді. Бұл – халқымыздың рухани-ғылыми өмірінде аса айшықты із қалдырған ғалым мерейтойының беташар шараларының бірі. Осыған байланысты біз бүгін оқырмандар назарына Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожаның ғалымның жары, соңында қалған мол мұрасын жинастырып, сақтаушы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Күләш Садыққызы Ахмет апайымызбен көлемді сұхбатын ұсынып отырмыз.
«Арқа ажары»: – Құрметті Күләш Садыққызы, бүгінгі өзіңізбен қысқа қайырылмайтын және де бірер сауалмен тұйықтала қоймайтын дәйекті әңгімеміздің басында алдымен, халқымыздың біртуар перзенті, қазақ ғылымы мен әдебиетінде үлкен орны бар кемел тұлға, өзіңіздің аяулы жарыңыз Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың өмірдегі, өз ортасындағы кесек-тұлғасын, болмыс-бітімін әуелі бірер ауыз сөзбен қалай сипаттап берер едіңіз?
Күләш Ахмет: – Тұрсекең, Тұрсынбек Кәкішұлы пенде ретінде адал, екі сөйлемейтін, шыншыл, өте батыл кісі болатын. Ал, ғалым ретінде білімі телегей теңіз еді. Әдебиет, мәдениет, тарихқа қатысты ол кісі еркін араласпайтын тақырып болмайтын. Менің бұлай кесіп айтуға дәлелім көп. Кейде мерзімді басылым басшылары аяқасты хабарласып, өтініш жасайтын. 2000 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ержұман Смайыл: «Ғаббас Тоғжановтың биыл жүз жылдығы еді. Сол кісі туралы арнайы мақала керек. Академик Серік Қирабаевқа айтып едік, ол кісі: «Мен оны онша білмеймін. (Ғаббас Тоғжановты – К.А.) Оны Кәкішев жақсы біледі. Сол сендерге көмектесе алады», – деді. Тұрсеке, көмектесіңізші», – дегенде: «Академиктердің де білмейтіні болады екен-ау», – деп қалжыңдап алды да, бірден өтініштерін қолма-қол орындап берді. Мұндай мысалдар, яғни, өзіңіз айтып отырған кесек тұлғасын, болмыс-бітімін көрсететін қасиеттері көп.
Өте кең, мәдениетті кісі болатын. Анау-мынау, кішігірім мәселелерді елемейтін. Ал, ұлттық мәселеде өте табанды, айтқанынан қайтпайтын. Уәде бермейтін, берсе міндетті түрде орындайтын.
«Арқа ажары»: – Әрине, күнделікті көзіміз көріп, ойымызға түйіп жүрген өмір шындығымен айтсақ, адамды қарымды қалам иесі, сұңғыла ғалым ететін оның бойындағы табиғи дарыны, ерекше ыждаһаты мен білім-білігі екендігі аян. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Тұрсынбек ағамыздың бар саналы ғұмырында өзі қол артқан, өзгелер де мойындаған зәу биігі ненің арқасы дер едіңіз? Осы сауалымызды қысқа ғана түйіндер болсақ, сіздің көз алдыңызда ол кісі осы биігіне қалай жетті?
Күләш Ахмет: – Тұрсекеңнің достары сенетін, дұшпаны сескенетін қасиеті ол – азаматтық тұғыры. Сол азаматтық қасиетінің арқасында алған атағынан даңқы басым болды. Өзі айтатын: «Адал еңбекпен алатын атақтың бәрін алдым, ал, қулық-сұмдықпен, сайлаумен келетін атақтар менде жоқ. Соларды алмадым деп онша басым да ауырмайды», – деп. Шынында да ол кісі ешқандай еңбегін атақтың бодауына арнайы жазбаған.
«Арқа ажары»: – Бүгінде ортамызда жоқ, халқы да сағынған, өзіңізге де енді келмейтін, көрмейтін мәңгі бейнеге айналған аға рухымен іштей сырласқан кездеріңіз бола ма? Болса, ондай сәттерде жабырқау, жадау көңіліңіз қазақтың марқасқа азаматына не деп тіл қатады?
Күләш Ахмет: – Болғанда қандай… Күнде кездесем, күнде сөйлесем. Олай дейтінім, қазір үлкен кісінің (Т. Кәкішұлы) архивін шетінен қарап, реттей бастағаныма біраз болды. Қағазға өте ұқыпты екенін өзі барда да білуші ем. Өзінен соң тіпті көзім жетті. Жәй қағазының өзін сәл қисайтып, не орнын ауыстырып қоюға қолым бармайды. Осы архивімен жұмыс жасап отырып іштей де, сырттай да сөйлесуге тура келеді. Көңілшек, жылауықтардың қатарынан болмасам да көзімнің де әлі құрғай қоймағанын жасырмаймын. Оның үстіне, Тұрсекеңнің өзі бар кезіндей елеп-ескеретіндер де құдая тәубә, баршылық. Ол кісісіз жиын-тойда жүруге ойымды да, бойымды да үйрете алмай келем. Осындай сәттерде әлі де жабырқап, жадап қалатыным бар.
Негізінен Тұрсекеңе айтатын рақметім көп, разылығым басым. Оны көңілімнің ауанына қарай өзінің бар кезіндегідей білдіріп отырам. Ол кісі туралы әңгіме бола қалса, қырғыздың манасшылары сияқты таңды-таңға ұрып айтуға бармын. Бұл – жиырма жылдан аса тату-тәтті тұрмыстың нәтижесі болар.
«Арқа ажары»: – Әдебиет жүгі мен алмағайып заман жүгінің екеуін де қайыспай көтерген, көтеріп қана қоймай, шешуші сөзі, тегеурінді еңбегімен дараланған Тұрсынбек аға құдіреті әрине, бойындағы дара дарынымен туған халқына қалтқысыз қызмет етуде жатқанын жақсы білеміз. Бірақ, әр нәрсенің бастау-жалғасы бар ғой. Ол біздің пайымымызша, кіндік қаны тамған топырағы мен өсіп-өнген ортасы. Осы туған жер ұғымын ол кісі көзі тірісінде қалай түсініп, қалай бағалады?
Күләш Ахмет: – Тұрсекең жалпы қазаққа ортақ тұлға болғанымен, Арқа десе жайылып сала беретін. Ал, туған елі, кіндік қаны тамған жері Көкшетау, Ақмола дегенде арқаланып шыға келетін. Көкшетау, Астанаға қарай баруға себеп болса, жылдың төрт мезгілінде де жолға шығып кете беретін. Арнайы шақырулар болмаса, басшы-қосшыларға хабарласпай-ақ өз жолымызбен талай рет келіп-кетіп жүрдік. Көкшеге келген сапарында міндетті түрде «Арқа ажарының» редакциясына соғатынбыз. Сондықтан да, сіздің алдыңыздағы бас редакторлар марқұм Жомарт Әбдіхалықов пен Жабал Ерғалиев інілері кездескенде арқа-жарқа боп қалатын.
Тұрсекең Көкшетауды еш жерге теңгермейтін. «Көкшетауым тұрғанда Швейцарияңа да таң қалмаймын» дегенді талай жерде айтты да, жазды да. Сондықтан, ол кісі үшін Көкшенің суы да алтын. Нуы да алтын. Қай кезде келмесін рахаттанып, көңілді, жеңіл жүретін де, Алматыға қанаттанып қайтатын.
Өзінің әр мерейтойларында нөкерлерін өзгертіп отыратын. Жетпіс жылдығында Қасым аға Қайсенов, сексен жылдығында сол кездегі мүфти, көп жылғы қызметтес дос-інісі, ғұлама ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлиев пен аға-досы Әзілхан аға Нұршайықовты Көкшеге ертіп келді. Сонда да «қалай менің Көкшетауым» деп марқайып жүрді.
Көкшетаудан Алматыға бала шағында кетіп, ғұлама ғалым боп оралғандағы сезімін түсіну үшін Кәкішевтің көзімен қарау керек. Елінен жырақта жүрген әрбір адам туған жерін Тұрсекеңдей сағынып, туған еліне дәл сол кісідей елжірейтін болса, ұлт, туған жер алдындағы парызын түсінген, тіпті, өтей алған болар еді.
«Арқа ажары»: – Енді өзіңізбен мына бір күндерге оралайықшы. Алтын өндірісімен айналысатын ауылдың баласы сонау Ақмоланың бір қиырынан оқу іздеп, аттың басын Алматыға тірейді. Бағына қарай ҚазМУ-де факультет деканы, білгір ғалым Қайыржан Бекқожин кездесіп, орта мектепті бітірген аттес-татын көріп, бірден Мұхтар Әуезовтың лекциясына шақырады. Тұрсынбек ағаның өзі де кейін естелігінде осы ұстазын «менің жарылқаушым» демей ме. Расында, ол кісінің сол жолы қазақтың әдебиеттану ғылымындағы болайын деп тұрған бір болашақ дарабозын дәл аңғарған көрегендігіне таң қалғандайсың. Осы жөнінде өзіңіз не дер едіңіз?
Күләш Ахмет: – Дұрыс аңғарғансыз. Тұрсекеңнің Қайыржан аға Бекхожинді «менің жарылқаушым» дегені рас. Қаптаған абитуриенттің ішінен Тұрсекеңнің жанарындағы жылт еткен отты байқады ма, не болмаса өмір көрген көрегендік пе, әлде ата-бабасының тектілігіндегі адам танығыштық қасиетінің шапағаты ма, қалай болғанда да жас шәкірт үшін естен кетпес сәтті күндердің бірі ғой. Сол күнді Кәкішев бір сәт ұмытқан емес. Ылғи үлкен құрметпен қарап, жиі айтып отыратын.
Қазақ журналистикасының ғылыми негізін қалаған Қайыржан Бекхожин әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің негізгі ұстаздарының бірі, білім берген бұлағының бастауы. Ғылым деген түпсіз тереңге, шексіз ғаламға жол көрсеткен тұлға.
Отағасы ағайынды Бекхожиндермен өте жақын болды. Сол дәстүр әлі үзілген жоқ. Әсіресе, ақын Қалижан Бекхожиннің үйімен «тонның ішкі бауындай» араласпыз. Қалижан ағаның жүз жылдығын Павлодар жақсы атап өтті. Тұрсекең де денсаулығының сыр бергеніне қарамастан барып, ескерткішін ашып, жеңгесі Зайда апайға мың да бір рақметін айтып еді.
Бекхожиндер әулетінің қайсысының болмасын іс-шарасының басы-қасында болатын. Ағыл да тегіл естелік айтып, Қайыржан ағаның қазақ журналистикасының негізін қалағанын, ұстаз ұлағатын талай рет мақала етіп жазды.
Қалижан ағамен Тұрсекеңнің достық көңілі жарасым тапқаны ақындығын ғана мойындау емес, мінездерінің де ұқсастығынан болса керек. Оның үстіне Қалижан аға Сәбит Мұқанов отбасының бір баласы болып есептелетін. Соғысқа кетерде Сәбеңнің үйінен ақ батасын алып аттанған. Жиған-терген кітап, документтерін, қажетті бұйымдарын Сәбең мен Мәриям апайға қалдырып кеткен. Яғни, Қалижан аға да, Тұрсекең де Сәбеңнің шекпенінде, Мәриям апаның жылы алақанының табымен өскендер.
«Арқа ажары»: – Сөзімізді әрі сабақтасақ, сол Даниловка кенішінен ағаның университет пен әдебиеттегі алынбас қамалдар мен алыс асуларды жақындатқан үлкен ұстаздық, ғылыми жолы басталды емес пе. Ол сара да дара жол сан жанрдағы тынымсыз ізденістерге, күн мен түн қатқан жанкешті еңбектерге ұласып, ақыр соңында қисапсыз мұра, мол олжа болып, қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткені де баршаға мәлім. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ойыңызға алдымен, көрнекті ғалымның тұла бойындағы, интеллектуалдық биік деңгейіндегі өзіңіз көкейіңізге түйген қандай ерекшеліктер мен ерен қасиеттер оралады?
Күләш Ахмет: – Сіздің әрбір сұрағыңыздан болашақтағы Кәкішевтанудың бастауларын аңғарамын. Егер Кәкішевтану ғылымы қалыптасса, сол арқылы зерттеушілер қазақтың өзге де ұлы перзенттерін таныған болар еді. Өйткені, Кәкішев еңбектерінде қазақ тарихында орны бар көптеген тұлғалардың архив құжаттарына негізделген шынайы өмірдеректері бар және олардың саяси, әдеби, мәдени, тарихи көзқарастарын кеңінен тануға мүмкіндік көп.
Жиырма жылдан аса бірге тұру, жолсапарда бірге жүру, түрлі деңгейдегі орталарда бірге болу, үлкенді-кішілі жиындарда жанынан табылу, осының бәрі де Тұрсекеңді жеке де, салыстырып та бағалауға толық мүмкіндік береді. Тарихтың өзі Тұрсекең сияқты тұлғалардан тұратынын ескерсек, олардың айналасында болатын талай тарихи оқиғалардың да куәсі болу көп жайтқа еріксіз назар аудартады, ой түюге өмірдің өзі итермелейді.
Тұрсекеңнің тұстастары шетінен талантты. Өз сөзімен айтсақ, «өртеңге шыққан ұрпақ». Алдыңғы буын ағаларын, яғни, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтының ақылы, білімі, санасы болып есептелетін интеллигенциясын дүркін-дүркін жүргізілген репрессия қоғадай жапырып кетті. Екінші дүниежүзілік соғыста да талай боздақ оққа ұшты. Осындай ауыр да азапты жылдарда жоқшылық пен таршылықты бастан кеше жүріп, ғылым жасауға қабілетті ұрпақ қалыптаса білді. Көбі оқи жүріп, жауапты қызмет атқарды. Оқулықтарды жаңартты. Мерзімді басылымдарда істеді. Яғни, жастық желікті салмақты ойға айырбастады. Бірақ, заман талабы барлығына бірдей болғанымен, білімнің таяз-тереңдігі ғылымдағы құлаштарына әсер етпей қалмады. Ғалымдар да пенделіктен кенде емес. Сол пенделіктің пердесін екінің бірі түріп тастай алмайтыны, жаңадан қалыптасып келе жатқан интеллектуалды күштің айырмашылығы айқындала берді. Сол кездегі ғалымдарды ғалым, педагог ғалым, шенеунік ғалым деп үшке жіктеп қарауға болады. Тұрсекеңнің қазақ ғылымына, қазақ мәдениетіне қосқан үлесін таразының бір басына, екінші басына еңбегінің мемлекет тарапынан бағалануын қойсаңыз, біріншісі әлдеқайда басым екенін көресіз. Сондықтан да, ел арасында Тұрсекең өте даңқты. Ел тұлғаны алған атағымен емес, қоғамға сіңірген еңбегімен бағалайды. Таза тұлғаның іс-әрекеті ел аузында жүреді. Ақиқаты аңыздай айтылады. Осы тұрғыдан алғанда ғылымдағы таза еңбегі – өз көзімен көріп, қолымен ұстап ақтарған архивтері. Қазақ ғалымдарының ішінде Әлкей Марғұлан мен Тұрсынбек Кәкішевке архивтің қыр-сырын меңгеруден ілесуге талпынғандар болғанымен, тең келетіндер жоқ. Мен оны анық та, ашық та айта алам. Бұл – болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге үшін өте қажет.
Тағы бір ерекшелігі – «ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді» еш уақытта таңдамайтын. Ғылымдағы тақырыптары тың. Ғылым тұрмақ, жол жүргенде де бір жүрген жолмен қайта жүрмейтін. Мен осы үлкен кісінің жолсапарларының көптігінен машина айдауды үйрендім. Тұрсекеңнің бір жолмен екінші рет жүрмейтіндігінен талай адасқанымыз бар.
Ешқандай еңбегін атақ үшін жазбаған. Әйтпесе, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты оқулығы (жоғары оқу орнына арналған) Ұлттық ғылым академиясының академиктігін алуға әбден лайық еңбек. Оны үлкен де, кіші де, бәрі біледі. Ең бастысы – мойындайды.
Қасиеті дегенде құдай берген мінездерінен тектілік төгіліп тұратын. Егер өзі кінәлі болып қалса, бес жасар баладан да кешірім сұрауға бар. Ал, өзінің айтқаны оң болса хан болсын, қара болсын айтқанынан қайтпайды. Ел басқарған азаматтарды шен-шекпеніне қарап емес, елге, ауылға жасаған қызметін қадағалап, соған қарап баға беретін.
«Арқа ажары»: – Кейде бір көңілге қамшының сабындай қысқа ғұмырының от-жалынға, күрескерлік рухқа толы қиын-қыстау жылдарының дені Ақмолада өткен, осында алғаш бүгін 100 жылдық тарихымен аты шығып, абыройы асып жатқан «Арқа ажары» басылымының бастау-негізі – «Тіршілік» газетін дүниеге әкелген дауылпаз Сәкен Сейфуллиннің өмірін зерттесін, өнегесін зерделесін деп Тұрсынбек ағамызды қазаққа Алланың өзі бұйыртты ма, өзі ұйғартты ма екен деген де ойдың өз-өзінен сап етіп келе қалатыны бар. Өйткені, бұл кісінің осы орайдағы ұшан-теңіз, өлшеусіз еңбегі, қиыннан қиыстырған, жоқтан бар еткен алабөтен қажымас қайраты басқа ұғымның шеңберіне тіпті сыймайтындай. Осынау азапты да ғажапты жолды ағамыздың тап жанында, біздер айтқан небір ізденістердің басы-қасында болған сізден артық кім білер? Олай болса, ендігі әңгіме желісін көрнекті ғалымның бар саналы ғұмырындағы осы бір үлкен, тұтастай өз алдына бір бөлек жеке тақырыпқа, яғни, Сәкентану ғылымына қарай бұрсақ, қалай болар еді?
Күләш Ахмет: – Өте дұрыс. Себебі, Сәкенді Кәкішевсіз сөйлеу қандай қиянат болса, Тұрсекеңді де Сәкенсіз сөйлеу мүмкін емес. Кәкішевтің кандидаттық, докторлық алу үшін зерттеген ғылыми объектісі Сәкен емес. Ол – қазақ әдебиеті сынының тарихы. Қазақ әдебиеттану ғылымы.
«Сәкен – менің хоббиім» – дейтін. 1957 жылы Сәкен ақталғанда Сәкенді мақтап, Сәкенмен мақтанғандар көп болды. 6 томдық, 5 томдықтарын, «Тар жол, тайғақ кешуін» қайта-қайта шығарып жатты. Бірақ, алаш азаматтары ақталған 1988 жылдың соңы, 1989 жылдың басынан бастап Тұрсекеңнің маңындағы «сәкентанушылар» қатары күрт сиреді. «Қалғандарының» өзі Сәкенге күмәнмен қарады. Яғни, Сәкен туралы жазу-сызуларын сиретті. Сол тұста Сәкеннің жанында жападан жалғыз Тұрсекең ғана қалды. Сәкенді отқа салса отқа түсті, суға салса суға түсті. Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталғаннан кейін әдебиеттану ғылымын зерттеудің қадасын қаққан ғалым Есмағамбет Ысмайылов ұйымдастырған Сәкенді зерттеу экспедициясына Тұрсекең де қатысты. Сол алғашқы күннен бастап ден қойған зерттеуін өзі өмірден өткенге дейін үздіксіз жалғастырды. Соның нәтижесінде Сәкен туралы он шақты кітап жазды. Қазақ әдебиеттану ғылымында көп, жан-жақты зерттелген тұлға – Абай, Абайдан соң – Сәкен. Бұл жерде мына нәрсеге айрықша мән беруіміз керек. Абайды жекелеп те, топ-топ болып та, институт коллективі ұжымдасып та кітап шығарды. Ал, бір автор табан тайдырмай әр қырынан зерттеп, бір тұлғаға он шақты кітап арналған қазақ мәдениетінің тарихында Сәкен ғана. Бұл жағынан алғанда табанды зерттеушінің назарына іліккен Сәкеннің де бағы бес елі деп айтуға болады.
Ал, менің көз алдымда «Сәкеннің соты», «Сәкен сүйген сұлулар», екінші басылымы «Сәкен аялаған арулар», «Тар жол тайғақ кешудің тағдыры» (екеуіміз бірігіп), Сәкеннің бүкіл әдебиет пен өнер институты ғалымдары 5-6 томнан аспаған шығармалар жинағын Тұрсекең жалғыз өзі 12 томын шығарып, 13-томын дайындап кетті. Бұл деген Сәкен шығармаларының бас-аяғын түгендеп кетті деген сөз. Оның арасында Сәкен туралы мерзімді басылымдарда жазған мақалалары үзілген емес. Одан оқырман хабардар.
Астанадағы Сәкен музейі «Сырсандық» деген атпен Сәкен туралы жазылғандардың бас-аяғын жинап, көптомдық шығаруды бастапты ғой. Бұл керемет бастама дер едім. Құдай қаласа, Тұрсекеңнің Сәкен туралы мақалалары да, монографиялары да, хикаялары да қосылып қалар деп үміттенем.
Тұрсекеңді оқырман негізінен Сәкентанушы деп таниды. Танымалдылығын да Сәкенмен байланыстырады. Менің көз алдымда Сәкенге қатысты жазған үлкен еңбегі – «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі. Бұл кітапты оқыған оқырман қазақтың қос классик ақыны Мағжан мен Сәкеннің өнер бәсекесіне ғана қанығып қоймай, толғауы тоқсан тарау тарихтың қыр-сырының ішіне кіріп, небір айтулы азаматтармен бетпе-бет кездеседі. Ел аузындағы кейбір желдей ескен желсөздің аңызы мен ақиқатының аражігін ажыратып, сұсты сұрақтың өзіне салмақты, сауатты жауап алады. Тұрсекеңнің осы «Мағжан-Сәкен» атты ғылыми эссесін Көкшетау, Ақмола, Қызылжар өңірлерінің жастары жаппай оқуға тиіс деп есептеймін. Әсіресе, мектептің мұғалімдері. Себебі, ғылыми эсседе аталатын жер-су атаулары, кейіпкерлерінің көбі осы өңірлерге қатысты болғандықтан, елді мекендердің тарихынан хабардар болады. Бұл – бір. Екіншіден, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қарым-қатынасын бірден-бір жақсы білетін автордың осы еңбекті жазу барысын бүге-шігесіне дейін баяндауы тарихқа адал болуды ғана емес, тарихи фактілерді қайдан алып, қалай қолдануды да үйретеді. Адал, шыншыл болуға баулиды.
«Арқа ажары»: – Осылайша Сәкентануға басы бүтін бар өмірін арнаған Тұрсынбек Кәкішұлының жалғыз Сәкен емес, қазақтың осы бір ақиық перзентімен бір заманда, қатар ғұмыр кешкен нелер тұлғалардың да болмыс-бітіміне етене бойлай түскені соңында қалған қай шығармасында болсын, сайрап жатыр. Соның бір парасында Бейімбет Майлин, кәдімгі Сәбең – халқымыздың классик жазушысы Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, көкшелік Зияш Алдабергенов, атақты башқұрт жазушысы Сәйфи Құдаш, тағы басқа да тұғырлы тұлғалар бар. Аяулы ағамыздың әдебиеттану саласындағы ғылыми-зерттеу объектісінің ауқымдылығы сондай, өзі іздестіріп, соңына түсіп тауып алып, бар қыр-сырын ашқан «Садақ» журналына енді ғана ойысып жатырмыз. Осы жанкешті еңбегі, яғни, «Сандалтқан Садақ» туралы не айтарыңыз бар?
Күләш Ахмет: – «Садақ» 1915-1918 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттері айына екі рет шығарып тұрған қолжазба журнал. Ал, Тұрсекең «Садақтың» соңына 1957 жылдан бастап түскен. «Садақтың» іздеуін Ақмола-Петропавл-Уфа-Қазан-Ленинград-Мәскеу-Ташкент архивтерінен бастаған. Іздеген жоғын тауып қана қойған жоқ, қолжазба журналдың шығу тарихын жазды. «Садақ» журналының тілшілері медресе «Ғалияның» шәкірттері екенін ескерсек, олар Қазақстанның әр тараптарынан білім іздеп барып, табиғат берген таланттарының арқасында өздері ел танығанына, жер көргеніне мәз болып қана қоймай, қазақ деген ұлттың қасиетін танытып, қазақ тілі үшін күрескен екен. Медреседегі тіл дауына Уфадағы татар зиялылары да араласуға барған. Олардың арасында татар әдебиетшісі Ғалымжан Ибрагимов медреседегі қазақ шәкірттерінің сөзін сөйлеп: «Абайдай ақыны бар қазақ елінің тілін өзімізге қаратуға біздің күшіміз жетпейді», – деп қазақ шәкірттерінің ашық хатын дұрысқа шығарған.
Тұрсекең «Ғалия» медресесімен хабар үзген емес. Олар да Тұрсекеңе құрметпен қарады. «Ғалия» медресесінің жүз жылдық мерейтойына арнайы шақырылды. Қасына полиглот, қазақтың мықты теолог ғалымы Мұртаза Бұлытайды ертіп барды. Ондағы мақсаты қазақтардың сауатын ашқан татар деген түсінікке араша түсіп, қазақтың дүниетанымы мен ғылым-білімінің оқ бойы озық кеткенін көрсету.
Тұрсекең ең соңғы рет «Ғалия» медресесіне 2011 жылы барды. Ол жөнінде камераға басылды, түскен суреттері де бар. Осы сапарында да Уфа архивіне соғып, ұзақ аялдауға мүмкіндік болмағандықтан, медресенің бір жауапты қызметкері, қазақ жігітіне архивтен қажет құжаттарының тізімін беріп кеткен. Кейін ол тапсырмасы да жүзеге асты.
Кәкішев шығарған «Сандалтқан Садақ» медресе «Ғалия» шәкірттерінің қолжазба «Садақ» журналының тарихын, шәкірттердің шығармашылық өнерін зерделеген, көпшілік оқырманға жеткізген еңбек.
«Арқа ажары»: – Ардақты ағамыздың қолына алған адам сүйсінбей, тұшынбай тұра алмайтын тағы бір қомақты кітабы «Жаяусалдың серуендері». Бұл рухани мол қазына дерлік деректі көркем туындысы шартарапқа жасаған мәнді саяхаттарынан әсерлі сыр шертетінін білеміз. Сәкеннен қалған көмбелі ізді, Алаш арыстарының сүрлеу-соқпағы мен қауіп-қатерлі жолдары түйіскен қилы орындарды іздеп, танудан бір шаршамаған ғалым бұл орайда да ұлттың ұлы мүддесінен бір мысқал ауытқымайды. Сөйтіп, Омбы барады, Уфа асып, Бакуды жағалайды. Тағысын тағылар… Ол еңбегі де еш кетпей, кейін халқымыздың бай руханиятынан мол олжа болып оралғаны белгілі. Өзіңіз сол сапарлардың көбінде бірге болғандықтан, осы арада біздің білгіміз келетіні, ағаны мұндайда қандай мәселелер көбірек толғандырушы еді, нендей жайлар көз қырында жиірек жүруші еді?
Күләш Ахмет: – Әңгімеңізді «Жаяусалдың серуендерінен» бастап отырсыз ғой, сіздің қолыңызға қалай тигеніне таң қалып отырмын. Себебі, бұл кітапты сұраушылар өте көп болды. Өзі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасымен «Глобус» баспа үйінен 2009 жылы жарық көрген. Тиражы аз болған соң да көпшілік оқырманға жетпеді.
Саяхатты көп адам әртүрлі мақсатта жасайды ғой. Тұрсекең жүрген жерінде қазақты іздейді, қазақ ауылдарын іздейді. Егер ол артта қалып кетсе кері қайтып, тілдесіп, ауызба-ауыз сөйлеспей сапарын жалғастырмайды. Ал, архиві бар елді мекендерге, әсіресе, қалаларға келгенде Тұрсекен аялдамай, архивті ақтармай кетпейді. Ол кісі үшін демалыстың көкесі – еңбек. Әсіресе, Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан архивтеріне таңертең кіргеннен жабылар кезде бір-ақ шығып, сілейімізді талай қатырған. Оған Омбы архивіне бірге барған айтыскер ақын, Астанадағы Еуразия университетінің докторанты Дәулеткерей Кәпұлы куә.
Тұрсекеңе ілесерде Дәулеткерейге көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, сол кездегі ректор Мырзатай аға Жолдасбеков: «Архив оңай ақтара салатын, іздегенің алдыңнан оңай шыға келетін шаруа емес. Сондықтан, архив ақтарудың құпиясын бірден-бір білетін ғалым ол – Кәкішев. Сондықтан көріп, үйрен», – деп еркін жіберген. Осы сапарымызда Дәулеткерейдің зерттеу объектісі Сегіз Серіге қатысты болғандықтан, жолай Қызылжардың Айымжан ауылына ат басын бұрып, Сегіз Серінің ұрпағының ортасында ел-сел әңгіме айтып, аунап-қунап қайтқанбыз. Бұны айтып отырған себебім, Тұрсекең жол жүргенде бір ғана мақсатпен жүрмейтін. Бірнеше мәселені қамтып жүретін. Сондықтан, жолда жүрудің қыр-сырын үйрендік қой. Ол кісі жаңбыр жауып тұр, қар жауып, боран соғып тұр, күн райы жайсыз дегенді «сылтау» деп есептейтін де, ондаймен санаспай тартып отыратын. Бірде, Тұрсекең Сәкен ізімен Бетпақты кесіп өтемін деп Қызылорда-Жезқазған қара жолының ортасында машинамыз бұзылып, айдалада қалғанбыз. Анау енді машина жүретін жол емес. Оны ел де ескертіп айтты. Кейін сол жолдың жайын айтып министр Қажымұрат Нағмановқа да кірді. «Самолетпен ұша бермей ара-арасында халық жүретін қара жолмен де жүрмейсіңдер ме» деген. Өзінің іскер деп сыйлайтын министр інісіне сол ойын басқаша формада да айтуына болар еді, бірақ, айтпайды. Себебі, жолшыбай ерсілі-қарсылы ер азаматы қайсы, әйелі қайсы, алыстан ажыратып болмайтын сабылыс. Жолдың жайсыздығы сондай, тек жүк көлігі ғана жүруі керек. Өзі солай да. Жолшыбай жеңіл машина көзге түспейді. Тұрсекең отбасының жайын жасап отыруы тиіс әйел затының ерігіп жүрмегенін жөн сұраспай-ақ түсініп, ер азамат орнына «етігімен су кешіп» жүрген қазақ қыздарының тұншыққан зарын министрдің алдына төге салды. Тұрсекең жолсапарда жүрсін, қалада немесе далада болсын қазақтың көңілі жай болса, Тұрсекең де тоқ, ал, сол қазақтың көңілінде кірбің, жүзінде мұң көрінсе ол кісі теріс айналып кете алмайды. Сапарын сол жерден үзіп, мүмкіндігінше көмек қолын созатын. Өзі үшін ашпайтын есікті ашып, қамкөңіл қазақтың жоғын түгендеуге тырысатын. Оның қандай деңгейде орындалатыны басқа әңгіме. Әйтеуір, қолынан келгенінен аянбайтын.
«Арқа ажары»: – Әрине, біз манадан бері Тұрсынбек ағамыздың тұла бойындағы Жаратушы Тәңірім молынан берген ғылыми, қаламгерлік қасиеттеріне баса тоқталып жатқанымызбен, ол кісі ең алдымен, еліміздегі жоғары білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде білім алған мыңдаған шәкірттері үшін үлкен өмірге жолдама берген ұлы ұстаз! Осы оқу орнында қазақтың марқасқа азаматымен өзіңіз де ұзақ жылдар бойы бірге үзеңгілес қызмет атқардыңыз. Яғни, текті тұлғаның осы ұстаздық өнегелі еңбек жолын сырттай қызықтаушылардың бірі емессіз. Қайта осының бар ауыртпалығы мен қиыншылығын, жемісі мен жеңісін бірге көріп, бірге татқан асыл жары, жақын әріптесі ретінде ағамыздың ұстаздық асыл қыры туралы да айтарыңыз мол екеніне ешбір шүбәміз жоқ.
Күләш Ахмет: – Тұрсынбек Кәкішев ұлы ұстаз! Оған дау жоқ. Оқу орнына кіріп-шығып, сағатына қарағыштап, ойы он сақта тұратын «ұстаздар» қатарынан емес. Нағыз ұстаз. Қазақ әдебиеттану ғылымының басын құрайтын ең алғашқы әдебиет теориясына арналған оқулық 1926 жылы жарық көрді. Авторы – Ахмет Байтұрсынов. Екінші қазақ әдебиетінің тарихы 1927 жылы шықты. Оны Мұхтар Әуезов жазды. Ал, қазақ әдебиеті сынының тарихы 1964 жылдан бастап КазГУ-де оқытыла бастап, одан кейін программасы жасалып, оқулығы, оқу құралы жазылған. Оның авторы – Тұрсынбек Кәкішев. Тұрсекең жасаған программасын негізге алып, оқулығын бүкіл Қазақстанның филология, журналистика факультеті студенттері оқып жүр, оқи да бермек.
Жалпы қазақ әдебиеті сынының тарихы түркі жұртында алғашқылардың бірі, одан кейін әзірбайжандар жазды. Түркі тілдерінде түгенделмей отырған сын тарихын түрік ғалымдары Тұрсекеңмен кездескен Стамбулдағы зерттеу институтында айтып салды. Көмектесуді өтінді. Ғалым көмектесуге уәде бергендіктен, оны атқару енді біздің міндетіміз. Бұл – бір.
Екіншіден, оқулықты құрастыратын авторлар болады да, оқулықты тыңға түрен салып жазатын авторлар болады. Тұрсекең сол тыңға түрен салған А.Байтұрсынов, М.Әуезовтердің ізін жалғастырып, қазақ әдебиеттану ғылымы отауының шаңырағын көтеріп тұрған үшеудің бірі. Сіз өзіңіз де КазГУ-дің түлегі, кезінде журфактың студенті болып, ағаңыздың ұстаздығына қанық болған соң сұрақты тиянақтап қойып отырсыз. Сіздің сұрағыңыздың астарында жерлестік мақтанышты да сезіп отырмын. Ақмола, көкшеліктер Тұрсекеңдей тұлғасымен мақтануға құқылы.
Көкшеліктер өте сабырлы ғой. Тұрсекең сексенге келгенде «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев: «Аға, сіз біздің елдің азаматы болғаныңызда ғой, шіркін…», – дегенінде: «Нешауо, сендерде де данышпандар жеткілікті», – деп сөзінің соңын жұтып қойып еді. Әрине, қазақ дарындардан, тұлғалардан кенде емес. Бірақ, «жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегеннің кері ғой.
Тұрсекеңнің ұстаздығына келетін болсақ, «Тұрсекеңнің балдары», «Кәкішевтің бөлтіріктері» дегенді біз емес, соны өз құлақтарымен естіген шәкірттері айтып, жазып жүр.
Ол кісінің ұстаздығы сан қырлы. Бірі ғылыммен байланысты. Қазақ әдебиетін аймақтық зерттеу дегенді енгізіп, Қазақстанның батыс аймағын, Сыр бойы жазба ақындарының ерекшеліктерін, орталық Қазақстан өңірін, осылай-осылай бөліп-бөліп, шәкірттеріне зерттетті. Өкініштісі, «Қазақ поэзиясындағы Көкшетауға арналған өлең, жырлардың көркемдік ерекшелігі» деген тақырып зерттелмей, аяқсыз қалды.
Қарап отырсаңыз, Тұрсекең осы аймақтық зерттеуді «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып бастады. Осының арқасында біраз аймақтың шығармашылық ерекшелігі айқындалып, қазақ әдебиеттану ғылымының қоржынына көп олжа болды.
Оның сыртында Алматыда қалып, жұмыс жасаудың қиямет-қайымы көп кезде талантты, талапты балаларды лек-легімен алып қалды. Қазір солардың бәрі әдебиет-мәдениет төңірегінде, ғылым-білімнің ішінде айтулы азаматтарға айналды. Олар Шәкір Ыбыраев, Серік Негимов, Баянғали Әлімжанов, т.б. Өздеріңіз жақсы танитын жерлестеріңізді ғана айтып отырмын. Атай берсем, Тұрсекеңнің ұстаздығы қазақтың, кейде шетелдің де географиялық картасының көбін қамтиды. Жалпы, ғалым ұстаздықта өзі ерекше мән беретіні – «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» принципі. Мен де көп шәкірттерінің бірімін ғой. Ең бастысы, ешкімге, еш уақытта төккен терін, созған қол ұшын міндеттеген емес. Бұндай қасиет екінің бірінде кездесе бермейді. Сондықтан да, қайтыс болған кезде шәкірттері жан-жақтан үдере көтеріліп жетті. Мерзімді басылымдарға жазып, радио-теледидардың барлық арналарынан жоқтағанын көріп те отырмын, талайлар қызығып та айтып жатыр.
Бұл шәкіртті қалай таңдау керек, арақатынастық сыйластықты қалай сақтау керек дегеннің үлгісі. Тұрсекеңнің өзіндей көңілі таза, пейілі кең азамат шәкірттерінің көптігі қазадағы қайғыны біршама жеңілдеткендей.
Тұрсынбек Кәкішевтің ұстаздық қызметіндегі атқарған істері кейінгі ұрпағына үлгі, жерлестеріне үлкен мақтаныш.
«Арқа ажары»: – Әңгімеміздің соңына қарай қашанда ұлттың мүддесін ойлап, елдің сөзін сөйлеуде алдына жан салмаған, сонысымен де ақиқаттың туын жықпай, биік ұстаумен өткен Тұрсынбек ағамыздың әлі күнге халық жадында жүрген өткір мінезі, қайсар рухы туралы да ауызға ала кетпей болмас. Қайтыс боларынан бірер жыл бұрын, Көкшетаудағы Абылай ханның 300 жылдық тойындағы сондай кесек сөздерінің бірін сіз бен біз де ұйып тыңдадық. Зал тебіреніп, тербеліп, көтеріліп кетті. Шығармашылығына қоса, толып жатқан үлкенді-кішілі қоғамдық жұмыстары, сөйлей қалса, бірден халықты үйіріп әкететін осындай шешендігі мен батырлығы ол кісіні бүгін де, ертең де қалың қауымға керек етіп, аңсаттыра берері, іздеттіре берері уақыт, өмір қажеттілігі ғой деп ойлаймыз. Өзіңіздің де бұл тұрғыда қосарыңыз жоқ емес, бар екені айдан анық.
Күләш Ахмет: – Тұрсекеңнің батырлығы көзсіз батырлық болатын. Өзінің досы, үзеңгілесі Зекең, Зейнолла Қабдолов шығармасында Тұрсекең түрмеге отырғызылған. Соның сырын білмек болған сұрағыма: «Құдай дес бергенде біздің тұсымызда отыз жетінің ойраны әлсіздеу болды. Ал, шындап кіріскенде ең алдымен ұсталатын да, атылатын да сіздің күйеуіңіз болар еді», – дегені жай айтыла салған жорамал емес, ақиқат сөзі еді. Өз тұстастарынан адал еңбек пен асқан батылдығымен ерекшеленетін. Сол батылдық өзінің мінезіне де, дене бітіміне де жарасып тұратын.
Абылай ханның 300 жылдық мерейтойындағы сөзі аяқастынан айтылды. Қазақтың тарихын тереңнен білетін Тұрсекең үшін Абылай хан – хандардың ханы. Аяулы, құрметті тарихи тұлғасы. Сол жолы Көкшетауға асығып, қанатын қанша қомдап барғанмен, қасы мен қабағын бағып отырған мен ғана аңғарған көңілінде бір кірбің, толқу болды. Мен оны Абылайдың үлкен тойының Тұрсекеңнің туған жерінде тойлануымен байланыстырдым. Елдегілер сыртта жүрген жерлестерін жатбауыр боп кетеді деп есептеуі де мүмкін. Ондай жатбауырлар бар шығар. «Адам аласы ішінде, жылқы аласы сыртында» дегенді аталарымыз өмірден алғанын мен еске салмай-ақ білесіздер. Бірақ, Тұрсекең ондайлардың қатарынан емес еді. Алатау қанша бауырына басып, аңқылдап келген баланы ақылман дана деңгейіне жеткізсе де, Көкшетау, Ақмола дегенде аламанға түсетін қазанаттай жер тарпып шыға келетін.
Жалпы, Тұрсекеңнің өткір, қайтпас қайсар мінездерінің көп жағдайда өзіне таяқ болып тигенмен, қазаққа тигізген пайдасы көп. 1986 жылғы оқиғаның тұсында Тұрсекең декан болған. Көтеріліске шыққан жастардың да көбі КазГУ-ден. Бұл күндері «Күлтөбенің басында күнде жиын». Бір күні түнгі 12-ге ректоратқа жиналысқа шақырып, жоғарыдан келген «ақылман» қызды-қыздымен «КазГУ-ді жабу керек» деген ғой. Отырғандар тым-тырыс, демін ішіне тартып қалған. Сонда бір дауыс: «КазГУ-ді ашқан да сен емес, жабатын да сен емес», – депті. Бұл оқиғаны айтқан Зекең, Зейнолла Қабдолов досы: «Тұрсекең дәл түбіңнен жарылған мина сияқты. Қамданып үлгермейсің. Кейде бұл кісінің қасында отырудың өзі опасно», – дейтін. КазГУ-ді жабуды ұсынған сол кісі әлі бар. Тұрсекеңе кездескен сайын «ағалап» бәйек болатын.
«Арқа ажары»: – Бұл фәниде мәңгілік ешкім жоқ. Арамыздан оқыс кеткені халқына шынымен ауыр соққан ұлтымыздың біртуар перзенті Тұрсынбек Кәкішевтің де енді екінші өшпес өмірі басталды. Негізінен, көзі тірісінде-ақ еңбегі бағаланып, туған жері Алтындыдағы орта мектепке аяулы есімі берілген бұл кісі бақытты ғой деген ойдамыз. Қайтыс болғаннан кейін де Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тұрсынбек Кәкішевтің «Ғалым залы» ашылып, шығармалары, естеліктер кітабы жарық көріп жатыр. Әрине, аман-есен тұра тұрып, биылғы мерейлі 90 жасын да көруі керек еді. Амал не?! Осындайда өзі жанындай сүйіп, әрбір жағдайына алаңдап өткен туған топырағы – Ақмола, Көкше елі де қарап қалмас. Олай болса, Күләш апай, осы сұхбатымызды исі қазаққа ортақ дара тұлға Тұрсынбек ағамыздың алдағы мерейтойына байланысты ойластырылып жатқан іс-шаралармен, осы орайда өзіңіздің көкейіңізде жүрген кейбір орынды ой-пікірлеріңізбен түйіндесек, нұр үстіне нұр ғой дейміз.
Күләш Ахмет: – Тұрсекең өзінің тоқсан жылдық тойының төрінде отырғанда біздің де төрт құбыламыз түгел болар еді. Амал не?! Әрине, өзі аман-есен жүрген кезінде-ақ елі елеп, жетпіс жылдық мерейтойы тұсында ауылындағы мектеп пен көшеге атын берді. Бұл еңбегі үшін сол кездегі Мәтеннің (Макинка, қазіргі Бұланды – К.А.) әкімі Сағадат Бекеновке алғысым шексіз.
Сексен жылдығы тұсында Бұланды ауданының әкімі Ермек Нұғыманов Тұрсекеңе ауданның «Құрметті азаматы» деген атағын беріп, мектебін күрделі жөндеуден өткізді. Осы жерде айрықша атап өтетінім, Ермек қазір Ерейментау ауданының әкімі. Тұрсекең өмірден өткенде де, қырық күндігі, жылына да қатысты. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханадан «Ғалым залын» ашқанда да бәрінің басы-қасында болды. Сөйлеген сөздерінде ылғи да елдің атынан келгенін, облыс әкімі Сергей Кулагиннің сәлемін жеткізіп жүрді. Бұл жерде Ермектің тұлға танудағы мәдениеті жоғары екенін айтқым келеді.
85 жылдығын Бұландыда аудан күнімен біріктіріп, аудан әкімі Мұрат Балпан атап өтті. Әрине, бұл жиынның ұйымдастырылуынан бастап, өту барысы сол кездегі облыс әкімі Қайрат Қожамжаровтың қадағалауымен өткені білініп тұрды. Тұрсекеңнің өзі еліне де, өте жауапкершілікпен қарап, құрмет көрсеткен облыс басшысына да риза болды. Оған сіз өзіңіз де куәсіз.
Енді Тұрсекеңнің 90 жылдығын атап өту жөнінде үкімет тарапынан сөз болған. Сіздерге де хат-хабар жіберілгенінен хабардармын. Қазақта «той тондынікі» деген аталы сөз бар ғой. Сол да біздің қазіргі көңіл-күйге келетін сияқты. Әр нәрсе өзінің сән-салтанатымен болғаны жақсы ғой. Тұрсекеңнің мерейтойы тұрмақ, өзгелерге қатысты іс-шараларға бой үйрене алар емес. Мен үшін КазГУ қалашығы да бос, Алматыда алып шаһар да аңырап тұрғандай. Тұрсекеңсіз ғылыми конференцияларда сөйлегендер де күмілжіп тұрғандай. Өмір тоқтап қалған жоқ. Бірақ, бір адам болады бар-жоғы елеусіз, енді бір адам болады қоғамдағы орны ойсырап тұрады. Халық та жиі еске алады. Іздейді. Соның нақты айғағы, «ізі суымай жатып» 90 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр.
Өзім Тұрсекеңнің қадір-қасиеті уақыт өткен сайын еселене түсетініне сенем. Себебі, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен Тұрсынбек Кәкішевтей ғалым өте сирек. Қазақ қоғамы егемендік алғалы өзінің тұлғаларын бағалауда, қадірлеуде көпке үлгі.
«Арқа ажары»: – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбатты жүргізген Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.