Бетегесі мен жусаны ақбас толқыны аспанға атқан алып теңіздей үйіріле толқып, теңселе тебіреніп жатқан шетсіз, шексіз сарыбауыр дала. Сол даланың төсін таспадай тілген тас жолмен келе жатып аттанар жағыңда да, қамшылар жақ қапталыңда да көзге ілінер жалғыз қарасын таппай қайран қаласың. Қайран қалдыратын қазақ жерінің кеңдігі! Ұшқан құстың қанатын талдыратын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын Алтайдан Атырауға дейінгі ұлы даланың ұлтарақтай пұшпағын бағзы заманда тұс-тұстан аш қасқырдай анталап, бауырына басқысы кеп, азу тісін ақситқан, басқыншы жауға бастырмаған ер қазақтың ерлігіне сүйсінесің.
Алаштың ақиық ақыны Кәкімбек Салықовтың
Өр Алтай мен Атыраудың арасы,
Ұлан байтақ қазағымның даласы.
Сонша жерді сойылменен қорғаған,
Ата-бабам осал емес шамасы, –
деп сүйсініп айтқаны еске түседі.
Иісі мұрын жаратын боз жусан дәнін төге бастапты. Лүп еткен самал желмен қарсақтың құйрығынан аумайтын ұшар басын бұлғап-бұлғап қояды. Ақселеу құтты боз даланың шашақты найзасын қолына алып жау қашырған жауынгері іспетті. Жетім тоқтының ұйысқан жабағы жүніндей қорғасын бұлт көк аспанды торлап алған. Солтүстік батыстан соққан өкпек жел бұлт етегін жұлмалап, алдына салып, жөңкілтіп айдап бара жатыр. Аспан бауырын тілген қол басындай қаршыға екі-үш күйкентайды түре қуып, жалғыз жанына жай таптырмай, қырқаның етегінен асырып тастады. Қырандар да өз биігін, өз аспанын қориды екен ғой.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: – рухани жаңғыру» мақаласындағы «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады» деген мағынасы терең сөздері жас ұрпақты ата-баба аманатына адал болуға, рухани құндылықтарды қастерлеуге жетелейді. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жас буын аяулы атамекеннің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Міне, сондықтан сапарға шықтық. Мақсат Алаштың көрнекті перзенті, ұлы даланың ұлағаты мол ұлы Мәшһүр Жүсіптің басына тәу ету, ғұламаның ұлан-ғайыр рухани қазынасынан бір шымшым сыр шерту. Өз көкірегіміздегі рухани байлықты еселей молайтумен бірге, есті оқырманның жадында тағы бір жаңғырту.
Үстінен су төгілмейтін жорғада тайпалған жеңіл көліктің ішіндегі белгілі ақын Төлеген Қажыбай, ұлтжанды азаматтар Райып Қипасов, Сәбит Шағыров төртеуіміз Көкшетаудан шыққалы Алаш тарихына қатысты есте жоқ ескі кезеңнен сыр суыртпақтап келе жатқанбыз. Алдағы жол сорабы Мәшһүр Жүсіп атамыздың мәңгілік байыз тапқан жер бесігі. Екібастұз қаласынан тұп-тура сексен бес шақырым жерде. Аңыз айтады, тумысынан тұла бойында келер күндердің тынысын тамыршыдай дөп басып, болжай білген әулие Мәшһүр Жүсіп айрықша қасиетке ие болған адам. Ол өлең-жыр жазумен қатар, ілкідегі ауыз әдебиетінің үлгілерін келер ұрпақтың қамы үшін көзінің қарашығындай сақтап, жинап, бастырумен де айналысқан. Шерлі шежірелер мен айшықты айтыстарды, көптеген құнды тарихи жырларды кейінгі зерделі ұрпағына аманат етіп кетсе керек. Бар ғұмырын Алаш жұртын сауаттандыруға жұмсаған. Қазақ жерінің күн батысы – Сырдария, күн шығысы, ентелеп аққан Ертіс, оңтүстігі – Жетісу өзені, солтүстігі – Еділ мен Жайық. Бұл жер иесіз жатқан жер емес еді. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен күні кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек жанынан безіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысана байлап, жау қолында оққа ұшып қорғаған жері. Мәшһүр Жүсіп 1887 жылы 29 жасында Бұхара, Ташкент, Түркістан тәрізді ірі қалаларға сапарға шығады. Егер ол замандағы көліктің ең жүрдегі ат пен түйе екенін ескерсек, осы сапарының өзі екі-үш жыл уақытты толайым қамтыса керек. Бұхарада бір жыл тұрып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжіктің тілдерін біледі. Тілдерін ғана емес, мың жылдық әдет-ғұрпын да, ұлттық мәдениетін де. Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Яссауидің басындағы атақты Әмір Темір салдырған көк күмбезді көреді. Ғұлама ғалымдармен танысады. Сырға тұнған Сыр өңірін аралайды, Майлықожамен жолығады. Екінші сапарға Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни, 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына, яғни, 1907 жылдарға орайлас келеді екен. Сөз арасында Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты туындылары Қазан қаласындағы Құсайыновтардың баспаханасында жарық көреді. Сөйтіп, ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің айтулы тұлғасы сан ғасыр бойы жинақталған рухани байлығымыздың шырақшысы іспетті қызмет етеді.
Ілкіден жалғасқан ізетті әңгімені өрбітіп отырып, жарықтық жамбасы тиген жерге де жақындадық. Бұл өңір қыратты болып келеді екен. Көліктің терезесінен көз салып отырсаңыз, бір қыраттың етегін, бір қырат қымтай басып, тұтастықты сақтап жатыр. Осы жердің әр белесі мен әр төбесі, әр қыратының асты тұнып тұрған тарих сияқты болып көрінді бізге. 85 шақырымды көктей өтіп, Әулиенің басына да жеттік. Ішімізден мінәжат етіп, садақамызды беріп, құран оқыттық. Қазақтың киелі жері санатындағы Әулиенің жер бесігіне айналған өңір бұрынғы сақы салтанаттың көзге көрінбейтін рәуішті сезіміне бөленіп тұр екен. Жолаушылардың ат шалдыратын жайлы қонақ үйі бар, асхана да жұмыс істеп тұр, тамағы тегін. Осы арада оқырман тегін деген сөзге тесіле қарауы да мүмкін. Қазіргі безбүйректеу заманында тегін дүние бола ма. Оның есебі былай, әулиеге мінәжат етіп келген жұрт құрбандық шалдырады. Сол құрбандықтың еті асханада асылып, халыққа тегін таратылады.
Жарықтық шын көріпкел емес пе, 1930 жылы маңайдағы ет жақын ағайынды, жалпы халықты жинап, аманатын айтқан екен. «Мен келер жылы қайтпас сапарға аттанамын. Биыл маған арнап ас беріңіздер» депті. Жиналған жұрттың ішіндегі естілері сұрамай ма:
– Апырмау, әулие, тірі кісіге ас беріле ме? Оның үстіне күні бұрын, бір жыл ілгері неге асығамыз?
– Келер жылы балапан басына, тұрымтай тұсына кететін ұлы жұт болады. Мен түгіл, халық өздерінің қарақан бастарының қамымен әуре болмақ. Жақсының басы қай сайдың түбінде қалатындығын, бір Алла біледі. Сондықтан, ел аман, жұрт тынышта менің осы айтқанымды істеңдер,–депті Мәшһүр Жүсіп.
Өзіне арнап зәулім мола салдырған. Мен осы жерде 42 жыл жатамын. Бетіме жапқан орамалды жылда ауыстырып отырыңдар десе керек. Біреу нанатын, біреу нанбайтын ғажайып оқиға. Өмірден озған адамның денесі қырық жылдан астам уақыт бойы іріп-шіріп кетпей ме. Өтірік-шынын кім білсін, әйтеуір, қалың елдің аузында жүрген мынандай бір тәмсіл бар. Сонау 1952 жылы Кеңес Одағының қайтпас қайсар көсемі Иосиф Сталин бұл не қылған мавзолей. Мавзолейде жататын ол кім? Бұзыңдар деп пәрмен берсе керек. Қылышынан қан тамып тұрған көсемнің айтқаны қалт кетпейді. Ауданды да шаш ал десе, бас алатын әулиенің қадіріне, елінің ерінің қадіріне жете қоймайтын біреу басқарса керек қой. Жарлық келген соң жан қала ма? Қасиетті орынды трактор әкеліп сырып тастайды. Әлде сәйкестік, әлде әулиенің жер бесігінің тыныштығын бұзғандарға деген наласы ма екен, жарлық берген Сталин де көпке ұзамаған. 1953 жылы қанды шеңгелі мен көкірегін жұлмалап жер жастанғаны баршаға мәлім. Ал, жаңағы аудан басшысынан да, тіпті, тракторда отырған, бұйрықты орындаған механизатордан да жұрағат жоқ. Із-түссіз құрып кеткен. Міне, киелінің құдіреті деген осы.
Қыраттың бауырында суы мөлт-мөлт етіп бұлақ ағып жатыр. Бұл жерді Есенгелді мекені деп атайды екен. Шын аты «иесі келді». Осы жерде Мәшһүр Жүсіптің ұлы Шәрәпиден туатын, бүгінде жасы тоқсанға толып отырған Зарауханмен жүздестік. Шынын айту керек, кешегі кеңес заманында солақай саясаттың салдарынан ұлтымыздың ұлыларына мойын бұра алмадық қой. Сол жері өкінішті. Әйтпесе, Алаштың шетсіз, шексіз сайын даласы осындай ұлылардың ұлылығымен еңселі екені даусыз. Сол кеңес заманында көптеген шығармалары әдейі құртылған. Ел жадынан ұмыттыруға тырысқан. Бірақ, шын асыл қап түбінде жата бермейді ғой. Әйтеуір, бір жарыққа жарқ етіп шығатынына күмән жоқ. Жарықтық Мәшһүр Жүсіп ел ішінде өзінің әулиелігімен танылған адам. Белгілі бір халықтардың шығу тегіне, қалыптасуына, олардың тұрмыс-тіршілігіне, рухани мәдениетіне қатысты деректерді ғұламаның жазбаларынан жиі кездестіруге болады. Мәселен, «Бұл қазақ қай уақыттан үш жүз атанған» дейтін әңгімесінде Алаш сөзінің шығу тарихы, не себепті олай айтылғандығы, «жүз» деген ұғымның қалай қалыптасқандығы туралы өз көзқарасын білдіреді. Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген аталарының аты болса керек. Жүз деген атты руға, Алаш деген атты ұранға қойып жапырылып жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» деп шабыңдар, «Алаш, Алаш!» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. «Алаш, Алаш болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?» дейтін сөз содан қалса керек.
Бір қуанарлығы, дәйекті деректермен көктелген шырайлы шығармалары қазір жиырма том болып бастарылып жатыр екен. Мен білемін дейтін ғалымдардың айтуынша, ғұламаның зерттелмеген мұраларының өзі бізден кейінгі талай ұрпаққа азық болатыны даусыз.
Қасиетті өңірге ат ізін салған сапар сөз жоқ олжалы болды. Әр тамшысы бал татитын рухани теңіздің түпсіз тереңіне бойлай сүңгіп, шөлімізді бастық. Өзгенің де өткен күннің айшықты елесін сағынған, сол сағыныштан кезерген ерніне тамшысын тамызбақ болып осы сөздерді кестеледік.
Шабдан ТОҚМУРЗИН,
еңбек ардагері.
Суреттерде: Мәшһүр Жүсіп кесенесі; әулиеге орнатылған ескерткіш басында (солдан оңға қарай) Сәбит Шағыров, Шабдан Тоқмурзин, Төлеген Қажыбай, Райып Қипасов.