Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірімнің бір мәні осы газет - АРҚА АЖАРЫ

Өмірімнің бір мәні осы газет

Өмірдерек: Мақала авторы 1934 жылы Қорғалжын ауданының Кеңбидайық ауылында дүниеге келген. Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдағаннан кейін, бірқатар шаруашылықтар мен мекемелерде бас мал дәрігері болып қызмет атқарған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтында 15 жыл қатарынан кафедра меңгерушісі болып, еліміздің білім саласына да елеулі үлесін қосты. Биология ғылымдарының кандидаты. 50-ге тарта ғылыми жұмыстардың, екі оқулықтың авторы. Саналы ғұмырында бұдан басқа да 11 кітап жазып, қаламгерлік қарымын көрсете білген абзал жан жұбайы Күләш Қылышқызымен бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, немере, шөберелерінің қызығын көріп отыр. 

Еліміздің, Ақмола облысының байырғы, әрі кең танымал бұқаралық ақпарат құралы – «Арқа ажары» газетінің шыға бастағанына 100 жыл, яғни, бір ғасыр толып отырғанына көп оқырманның бірі ретінде мен де өте-мөте қуаныштымын.

Мамандығым мал дәрігері, биолог болса да, өзімді ерте кезімнен осы басылымның шын жанашырларының бірімін деп есептеймін. Теледидардың әлі жоқ, радионың тапшылық уақытында барлық ақпаратты тек газеттен ғана алатынбыз. Сондықтан, мен өзім «газет – халықтың көзі мен құлағы, кез келген газет өз дәуірінің жыршысы, жаршысы» деген қағидамен өскен азаматтардың бірімін.
Халқымыздың өмірінде ерекше орын алған басылымның сонау 1917 жылдан «Тіршілік» одан бері де «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры», «Арқа ажары» атанса да, халықтың өз жолынан адас-
пай, жаңа өмірдің тізгінін ұстауына қосқан үлесі орасан зор болғаны сөзсіз. Бұл ақпарат құралы еліміздің, халқымыздың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, адасса тура жолға салып, жөн сілтеп отырды. Мазмұнды, берекелі, бағдары айқын «Арқа ажарының» бастауында Сәкен Сейфуллин сынды ұлт ардағы тұрғаны, шындық майданында солармен бірге болғандардың көпшілігі отыз жетінің қара түнегінде құрбан болып, күйіп кеткені өкінішті-ақ. Бірақ, олардың орнына ойы ұшқыр, ақылы терең, атына заты сай жас ұрпақ келіп, кемістігін толтырып, жетпегенін жетілдіріп, уақыт сынынан сүрінбей, бастаған игілікті істерді жалғастырып, бүгінгі тәуелсіздік заманға жеткізгеніне тәуба қыламыз.
Тәуелсіздіктің арқасында «Коммунизм нұры» газеті 1991 жылдың 26 қаңтарынан бастап «Арқа ажары» газеті атанды. Егемендігімізді алғаннан кейін газеттің атының өзгеретінін күтіп жүрдік. Газетке «Сарыарқа» деген атты лайық көріп, не болар екен деген оймен жүргенімде «Арқа ажары» болғанына көңілім тола қоймай (кейін құлағымыз үйреніп кетті ғой), бас редактор Октябрь Әлібековтен «Сарыарқа» деген ат дұрыс болмайтын ба еді, деп сұрағанымда:
 – Өзім де, редакция қызметкерлері де «Сарыарқаны» құп көріп, сондай шешімге келіп, Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті мен халық депутаттары облыстық Кеңесінің органы болғандықтан, газеттің атын өзгерту үшін сессияның шақырылуын күтіп отырғанымызда, Жезқазған облыстық газетінің атын «Сарыарқа» деп хабарлап қойды. Сонымен, біз аз ғана кешігіп қалғандықтан, әрі-бері ойланып, «Арқа ажары» деген атты ұсынып едім, қалғандары қолдап, газеттің атын облыстық сессияда солай бекіттік, – деп айтып еді.
Өзі екеуіміздің алғаш қалай кездесіп, танысқанымызды жиі еске алып, айтып отыратын еді. Октябрь университетті бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін біздің Қорғалжын ауданының «Кеңбидайық» совхозына іссапарға келіпті. Келген жұмысын совхоз басшыларына баяндап, кеңседен далаға шықса, ешкім көңіл аудармайды. Дәл осы сәтте түскі асқа мен де кеңседен шығып, далада танымайтын жас жігіттің жалғыз тұрғанын көріп, қасына барып, «жүр біздің үйге барайық» – деп, үйге алып барыппын. Біздің де отбасын жаңа құрған жас кезіміз. Үйге келген соң жұбайым Күләшпен танысып, біздің үйден шай ішіп, жұмысын әрі қарай жалғастырып кетеді. Ол кезде совхоздарда асхана, қонақ үй дегендер болмайтын. «Жаман бергенін айтады» – деген емес, осы аз ғана оқиғаға Октябрь үлкен мән беріп, өмір бойы қарым-қатынасымызды жалғастырып, реті келгенде екеуміздің қалай танысқанымызды айтып отырушы еді.
Бірде бір жақын адамым қайтыс болып, Қарағанды облысының Теңіз ауданының «Соналы» совхозына қазаға бардым. Үйде екі молда отыр екен. Сол арада біреуін уағызды араб тілінен тікелей қазақшаға қолма-қол тез аударып айтып отырғанына қарағанда, араб тілін жетік білетін сауатты адамға ұқсаттым. Сонымен, бұл ақсақал қай жерден деп үй иесінен сұрасам, «Қорғалжын» совхозының Ақтүбек деген бөлімшесінде тұрады. Әубәкір қожа деген кісінің баласы, аты Хамит, халық «Хамит қожа» деп атайды, жасы сексеннің шамасында, – деді. Шай үстінде мен сол кісілерге жақынырақ отырып:
– Ақсақал, кешіріңіз, сіздің уағыз-шариғаттарыңызды тыңдап отырып, «мына кісі мынадай терең білімді қайдан алды екен, Қорғалжын маңында мұндай діни мектеп жоқ сияқты», – деп таң қалып отырмын, дегенімде:
– Қарағым, бұл үлкен әңгіме, оны айтып беру үшін кемі бір-екі сағат уақыт керек,–деп еді, мен болмай сұраған соң меселімді қайтара алмады.
Сөйтсем, әлгі ақсақал Ұлы Отан соғысында немістерге тұтқынға түседі. Қайда жүрсе де әкесі Әубәкір қожадан үйренген құран сүрелерін ұмытпай қайталап жүреді екен. Болған іске мойымай, арасында өзінше намазын да оқып қояды. Ұзын сөздің қысқасы, содан не керек, Түркістан легионына өтіп, бір себеппен Түркиядан бір-ақ шығады. Мұнда бір мұсылман татардың арқасында діндарлығын сақтап әрі жетілдіріп, тағдырдың неше түрлі қыямет-қайымынан кейін табаны туған елінің бір шетіне тиеді. Бірақ, «қорлықты көрмей көрге кірмейсің», немісте тұтқында болғаны үшін 25 жылды арқалап кете барады. Ақыры, көрмегенді көріп елге оралған сол Хамит қожа жөнінде бір үлкен шығарманың жазылмай қалғанын марқұм жазушы Мәди Хасеновтың бұл дүниеден өтіп кетуімен байланыстырғым келіп отыр.
«Арқа ажарының» осы бір қызметкерімен де бір жолсапарда танысып, әңгімелескеннен кейін ниетіміз бен көзқарасымыз үйлесіп, қарым-қатынасымыз жарасып кетіп еді. Ол кезде кітап шығарған журналистер бірен-саран ғана болатын. Мен Мәдиге осы жағдайды айтып едім, дұрыс екен деп қолдай түсті. Сөйтіп, екеуіміз жазда, менің демалысымда бірнеше күнге Хамит қожаға бармақшы болып келісіп те қойып едік. Алайда, Мәдидің басына түскен ауыртпалыққа, денсаулығының күрт төмендеуіне байланысты бұл жоспарымыз іске аспай қалды.
Жалпы, мен өзім кәсіби журналист болмасам да, бар саналы ғұмырымда ақпарат құралдарының өкілдерімен жиі кездесіп, аралас-құралас болып тұрған адаммын. Сондай бір жақсы сәттердің тағы бірін бастан кешуім «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық пен оның орынбасары Жылқыбай Жағыпаров інілерімнің де азаматтық қамқорлығының арқасы деп есептеймін. Мен 60 жасқа толатын жылы Жомарт бауырым:
– Аға, сіз биыл мерей жасқа келейін деп жатқан көрінесіз, сол туралы біздің газетке бір мақала жариялайық, редакцияға соғып кетіңіз,– деп өтініш білдірді. Алайда, уақыт жылжып өтіп жатса да, бармадым. Бір күні тағы да екеуі кездесіп қалып:
– Аға, уақыт аз қалды. Тездетіңіз,–деген соң, ешқандай сылтау айта алмай, көнуіме тура келді. Содан мен газетке сұхбат беріп, фотосуретші үйге келіп, жұбайым Күләшпен, балалармен суретке түсіріп, «Арқа ажарының» толық бір бетіне «Ғұмыр – дастан» (1997) деген атпен үлкен мақала жарияланды. Бұл мақала жарық көрісімен үйге жан-жақтан телефон соғушылар көбейіп, кездескендер де: «жанымызда жүрген өзіңді білмейді екенбіз ғой, сен осы жағдайға қандай еңбек, бейнетпен жеткеніңді газеттен оқып білдік» деп ағынан жарылумен болды. Баспасөздің күші деген шіркін, осы емес пе?!.
Кейін осы мақаланың ізімен «Жалын» журналында (№5, 2004) «Ғибратты ғұмырлар антология-
сы» атты айдармен мен туралы «Тағдырмен бетпе-бет» деген үлкен көлемді дүние жарық көрді. Мұндайда көпшілік пікірі, оқырмандар қошеметі адамға қанат бітірмей ме?! Өмірден жиған-терген, көрген-білгенімді қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетсем деген ойлар мазалап, ақыры, нар тәуекел деп «Ғұмыр – дария, дастан» деген атпен 320 беттік ғұмырнамалық кітабым дүниеге келді. Құдайға шүкір, оқырман қауым оны жылы қабылдады. Осылайша мен үшін Жомарт пен Жылқыбайдың бастамасы құтты болып, бұл күнде түрлі тақырыптағы үлкенді-кішілі 11 кітаптың авторы атанып отырған жайым бар.
Журналистер қауымымен араласқанша қаламгерліктің соншалықты ауыр, үлкен жауапкершілікті талап ететін, қиын да қастерлі мамандық екенін жете біле қоймаушы едім. Осы газеттің әр жылдардағы бас редакторлары Ә.Ипмағанбетов, Ә.Нүркішев, О.Әлібеков, Ж.Әбдіхалық, бас редактордың орынбасарлары, бөлім меңгерушілері Р.Ахметов, М.Хасенов, Ж.Жағыпаров, Б.Имашев тағы басқа табақтас, ниеттес, пікірлес азаматтарға мендік қарт жүрек қашанда күннің ыстық нұрындай елжіреп тұрады. Осы орайда, «Арқа ажарының» барша журналистеріне айтарым, бір ғасырлық шырқау биіктеріңіз үлкен тойға ұласып, қадірлі басылымның абыройы арта берсін!

Бостан ШАХМАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар