Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында жас көшбасшылардың республикалық съезіне орай, «Мен – өз елімнің азаматымын!» тақырыбымен тоғызыншы ауысым болып өтті.
Ауысым барысында демалушы балалар «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының 15 жылдық мерейтойына арналған акция ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – табиғатты қорғауды үйрету, балаларды қайырымдылық пен мейірімділікке баулу.
Аталмыш іс-шара барысында балалар арамшөптерді жұлып, құстарға жем салғыш жасап, көлдің жағалауын қоқыстан тазартты. Ал, ең бастысы – ата-анасыз өсіп келе жатқан кішкентай бүлдіршіндерге сыйлық ұсынылды.
Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, айналамыздағылардың ізгі істерге мұқтаж екенін байқай бермейміз. Қайырымдылық жасау қолдан келетін іс емес пе? Осыған байланысты «Балаларға қуаныш сыйлаймыз!» деген ұранмен Щучинск қаласындағы «Бөбектер үйі» мемлекеттік мекемесінде іс-шара өткізілді.
Оған тәрбие кешенінің директоры Жангелді Әмірғалиев, директордың орынбасары Сәуле Жанғожина, ұйымдастырушы ұстаздар Шырын Мұханбетқалиева, Меруерт Қазистаева, өзін-өзі басқару органынан тоғызыншы ауысым президенті Камила Әділова мен ауысымға қатысушылар белсене атсалысты.
Біздің қызметкерлер мен ауысымға қатысушы балаларды директор Дана Шахметова зор құрметпен қарсы алды. Өздеріне сыйға тартылған жеңіл күртешелер, тәтті тоқаштар мен табиғи шырындарға алғыстарын білдірген кішкентай жеткіншектер шағын концерт қойып, ән айтып, өлең оқып, бар өнерлерін көрермендерге паш етті.
Біз балдырғандарымызға зор денсаулық пен өмірде өз орындарын табуын, жүздерінен шат күлкі кетпеуін тіледік. Іс-шараға қатысқан балалар отбасы амандығы мен ата-ана мейіріміне бөленіп өсудің қандай бақыт екенін сезініп қайтты.
Әсел ЕРМҰХАНОВА,
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының әдіскері.
Бурабай ауданы.