Биыл ұлы Абайдың туғанына 172 жыл толып отыр. Осындай айтулы мерекенің қарсаңында біздің қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесі мен облыс орталығындағы 5510 әскери бөлімшесінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты әдеби кеш болып өтті.
Аталмыш кештің мақсаты: жастардың рухани ой-өрісін арттыру, Абай шығармашылығы арқылы жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады. Кітапханашылар Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты көрмеге шолу жасап, бейнежазба көрсетті.
Іс-шара барысында «Мұрагер» клубының мүшелері «Қыс», «Жазғытұры», «Күз» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Әскери қызметкерлер Абайдың қара сөздері мен ақынға арнаған өлеңдерін оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына үлкен қызығушылық танытты.
Абайдың шығармашылығы өскелең ұрпақты өз еліне қалтқысыз қызмет етуге, білімге ұмтылуға тәрбиелейді. Оның өлеңдері ешқашан құндылығын жоймай, әрқашан халқының жадында сақталады.
Азина МАНАМБАЕВА,
Көкшетау қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесінің әдіскері.