Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Байкерлер шеруі - АРҚА АЖАРЫ

Байкерлер шеруі

 Облыстық әкімдіктің қолдауымен және облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Зеренді ауданының «Елікті Park» тау шаңғы базасының аумағында тұңғыш рет «Road Freedom Fest» халықаралық мотофестивалі өтті. 

«Road brothers MCC» мотоклубы мен «Елікті Park» тау шаңғы базасы бірлесіп өткізген бұл игі шара ашық аспан астында кеш батқаннан таң атқанша дейін жалғасты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов бүгінгі таңда облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің тарапынан аймақтың бай табиғаты мен тарихи жәдігерлерін облыстан тысқары жерлерге кеңінен паш етуге, сөйтіп, өлке танымдылығын арттыруға баса көңіл бөлініп отырғанын айта келе, бүгінгі маңызды шараның да Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткізіліп жатқанына тоқталып өтті. Бұдан әрі басқарма басшысы облыс әкімі атынан осы мотофестивальға қатысу үшін басқа республикалардан мыңдаған шақырым жол жүріп келген меймандарды және өзге қатысушыларды қуанышты оқиғамен құттықтап, әрқайсысына сый-сияпатын жасады. Облыс-
та өтіп жатқан рок фестиваль, байкерлердің слеті сияқты іс-шаралар сөз жоқ, түрі басқа, тілегі бір қонақтарымызға халқымыздың салт-дәстүрі мен тереңнен бастау алатын тарихын танытуда, салауатты өмір салтын насихаттауда ерекше орын алатыны айқын. Сол үшін де жарқын мерекеге бергісіз мұндай шаралар ешқашан көптік етпейді.   
Бұл күні алыс-жақыннан келген өз ісінің хас шеберлерінің темір тұлпарларын тізгіндеп, бар өнерлерін ортаға салуы табиғаттың өзі сұлулықтан кенде қылмаған көрікті өлкеге тіпті, жан бітіргендей болды. Талай қашықтықты бағындырып, енді өздеріне  ат басын бұрған мотошерушілерді зеренділіктер қол талдырар ду шапалақпен қуана қарсы алды. Тағы бір айта кетейік, мотошеруге қатысушылардың қатарында Ақмола облысы мен Астана қаласынан, сондай-ақ, Вильнюс, Перу, Калининград, Нижний Новгород қалаларынан да аталмыш өнерге ынтық қонақтар қауымы болды. Қаз-қатар тізілген мотоциклдердің бір-бірінен әр түрлілігімен ерекшеленетіні сонша, олардың сырт пішініне қарап көз сүрінеді. Жұртшылық осындай темір тұлпарларға бір мініп көруге ынтызар болғанымен, мотоциклдердің тілін байкерлерден артық ешкім түсіне алмасы анық. «Road brothers MCC» мотоклубы Ақмола филиалының президенті  Андрей Лабунецті сөзге тартқанымызда ол астында мотоциклі, қолында «А» санатындағы жүргізуші куәлігі бар кез келген жанның клубтың мүшесі бола алатынын айтты.   
Аталған шара Зерендіде бірінші рет өтіп жатқанымен, осыған дейін де «Road brothers MCC» мотоклубы талай мотошерулерге  қатысып жүр. Солардың ең шоқтықтысы деп Астана қаласында өткен барша қазақстандықтарды қамтыған ғаламат мотошоуды айтуға болады. Осындай шаралармен қатар, байкерлердің елімізде қайырымдылық істермен де айналысып, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер мен медициналық-әлеуметтік мекемелердегі бүлдіршіндерге көмек қолын созып жүргенін ерекше атап өтуіміз қажет.
Фестиваль барысында көпшілік рок-музыканттардың орындауындағы әсем әндермен құлақ құрышын қандырып, байкерлер байқауын да тамашалады. Қарағанды қаласынан келген «Сальерика», Көкшетау қаласынан «Гараж», Атбасар қаласынан барған «Периферия» рок топтары бірінен соң бірі көпшілікке әуезді әндерін шырқап жатты. Жеңімпаздарға  жүлделерді  шара демеушісі – Астана қаласындағы «Квадро-центр» дүкенінің басшылығы тапсырды. «Елікті Park» тау шаңғы базасының атынан да сертификаттар табыс етіліп, фестиваль соңы керемет би кешіне ұласты.
Осылайша Зерендідегі мотофестиваль оның сан қызығына батқан қалың көрермен мен ұйымдастырушылардың діттеген үдесінен шықты.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар