Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық құндылықтарға басымдық беру болашақ үшін қажет - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық құндылықтарға басымдық беру болашақ үшін қажет

Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырлық тарихын қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті,  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздін жаңа кезеңге аяқ басқанын, бұл орайда, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің аз болмағанын айтып өтті. Алайда,  жеткен жетістіктерімізге мәз болып, бір орында тоқтап қалуға  болмайды. Өмірдің заңдылығы сол – іс одан әрі ілгері басуы үшін экономикалық, саяси  өзгерістермен қатар, рухани дүниеміз – санамыз да жаңғыруы тиіс.
Елбасы бұл орайда, XX ғасырдағы батыстық жаңғыру бізге өнеге  болмайтынын атап  өтті. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры – тарихының тереңінен  бастау алатын  рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу!.. Егер  жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Елбасы тұтас қоғамның, оның әрбір мүшесінің санасын   жаңғыртудың бағыттарын да атап көрсетті. Олар: бәсекеге қабілеттілік; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білім және сананың ашықтығы;
Мақалада көтерілген ең басты мәселе – ұлттық кодты, ұлттық мәдениетті сақтау, білімді болу. Ұлттық жаңғыру ұлттық сананың кемелденуін білдіреді дейді
Елбасы.
Ғалымдардың  пікірінше, сананың түрлері көп: пендешілік сана, масылдық сана,  тоғышарлық сана, бодандық сана. Бұлар сананың  төменгі деңгейлері. Бұл саналардың деңгейінде рух туралы әңгіме болуы мүмкін де емес. Рух сананың дамуының, өркендеуінің, қоғамға ықпал ету деңгейінің ең жоғары биігінде
туындайды. Бұл кезде әрбір адам немесе қоғамның негізгі тобы жеке басынан  гөрі халықтың жағдайын ойлайды. Дәл осы жағдайда ғана ұлттық сананың қалыптасуы орнайды.
Сана күнделікті тіршілікке байланыс-ты мәселелерден, дүниеқұмарлықтан  азат болып, рух деңгейіне жеткен кезде материалдық тәуелділіктен  арылады, қоғамға бет бұрады. Осы кезде рух  пайда болады.
Рух жалпы адамзатқа  тән болғанымен, ұлттық  формада өмір сүреді. Өйткені, адам – белгілі бір ұлттың өкілі.
Ұлттық рухтың мазмұны – өз ұлтына деген сүйіспеншілік. Ол қайдан пайда болды? Ол тілін   меңгерсең, тарихын білсең, мәдениетін, әдет-ғұрпын білсең пайда болады. Бұл – ұлттық рухтың негізгі базасы. Әрі қарай рух қалыптасуы үшін ұлттың жағдайын, мұң-мұқтажын, мақсатын сезіне білуің керек. Сонда ғана ұлттық рух қалыптасады. Ұлттық рухты тек  түсініп, сезініп қою жеткіліксіз, ең негізгісі – өз ұлты үшін белсенді іс-әрекетке көшу. Бұның нақты мысалын XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің  істеген істерінен, жазған еңбектерінен көруге болады.

Қазақ ұлтының басындағы үш жүз  жылға жуық бодандық халқымыздың бойында ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан  жоғары деңгейдегі ұлттық рухты біраз әлсіретті: тілін  жоғалтуға таяу қалды, ұлттық дәстүр әлсіреді, дін әлсіреді. Ендігі мақсат сол әлсіреген рухты жандандыру, қайтадан жоғары деңгейге жеткізу. Бұл мақсатқа жету жолында Елбасы жариялап отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  платформасы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының  маңызы ерекше.
XIX ғасырда ірі неміс ғалымы В.Гумбольд тілді халық рухының  сыртқа шыққан көрінісі  ретінде бағалап, адамның рухани дамуы  тек тіл арқылы мүмкін болатынын дәлелдейді.
Әр ұлт басқа ұлтта қайталанбайтын  ерекшелікке, өзіндік мәнділікке ие. Жалпыланған, өз бейнесін жоғалтқан ұлт болмайды. Егер олай болса, ол тарих сахнасынан өшеді.
Осы тұрғыдан алғанда, біз өзіміздің рухани құндылығымызды ана тілін емес, орыс немесе ағылшын тілін білу деңгейімізбен өлшеу дұрыс па деген  сұрақ туындайды.
Қазір  елімізде үш тілді меңгеру бағдарламасы енгізіліп, сол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрине,  қазіргі қоғамның алға қойып отырған талаптарына сай жеткіншек көп нәрсені білуі тиіс. Заманға сай білім мен мәдениет дағдыларын игеру, шетел тілін білу, шығармашылық тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту, қаржылық сауаттылық, өнертапқыштық ойлау жүйесіне икемделу, ұжымдық жұмыстағы бейімділік, тағы сол сияқтылар.
Қазіргі дамыған ашық қоғамда көп тіл білу өте-мөте маңызды. Бірақ, бұл бағыттағы біздің барлық жұмысымыздың темірқазық идеологиясы  мынада болу тиіс: көп тіл білу ана тілі есебінен, соны білу-білмеуді ескермеу тұрғысынан емес, керісінше, тек ана тілі негізінде жүргізілуі тиіс. Бұл бала алғаш тілі шыққан кезден бастап ана тілін толық меңгергенге дейін өзге тілді араластыруға болмайды дегенді білдіреді.
Бұл орайда, біздің ғалымдарымыздың жүргізген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ескермес-ке болмайды. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов еліміздегі біраз жылдан бері үш тіл қатар оқытылып  келе  жатқан мектептерде әлеуметтік зерттеу жүргізудің нәтижелерін былайша қорытады: «…ұстаздардың 83,9 пайызы оқушыларға үш тіл оқытқанда, олардың үш тіл меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.
Мұғалімдер көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс  тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1 сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2 немесе 3 сыныптан бастап оқытып, ал, ағылшын тілін 6 сыныптан бастап  қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни, аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген ойларын жеткізіпті. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық бала оны жақсы үйреніп  шығатындығына сенім білдіреді  («Қазақ әдебиеті» газеті, 4.11.2016).
Ғалым Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея,  Жапония, Канада сияқты озық елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылатынын айтады. Олардың басты мақсаттары: ана тілін сақтай отырып, ұлттық ерекшелігі мен дәстүрлі мәдениетінен ажырамаған, рухани бай адам тәрбиелеу.
Бала тәрбиесінде ұлттық ерекшеліктерді сақтау, қазіргі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы (әсіресе, бастауыш сынып) балаларды тәрбиелеуде ұлттық ерекшеліктерге сай оқыту механизмін жасау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Осы орайда, біздің ата-бабаларымыздың жадының мықты болу себебі, әжелеріміздің ертегі оқып, аталарымыздың жырларды жатқа айтуынан екенін еске сала кетейік. Бесіктен бесік жырын құлағына сіңірген сәбиге өсе келе санамақ айттырды, жаңылтпаш, жұмбақ жаттатты, олардың білімі күнделікті өмірмен қатар дамыды.
Мақалада сонымен қатар, қоғамдық сана жаңғыруының жоғарыда айтып өткен қағидаларын жүзеге асыру үшін нақты жобалар белгіленеді. Солардың ішінде маңыздыларының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру. Бұл істе қазірден бастап дайындық жұмыстарына кірісіп, осы жылдың аяғына дейін бірегей латын алфавитін жасап, оны үкімет қаулысымен бекіту керек. Келесі жылдан бастап оны оқытудың әдістемелік және басқа да ұйымдастыру шаралары жасалып жүзеге асырылады.
Латын әліпбиіне көшу тәуелсіздік алғаннан бері көптің көкейінде жүрген сұрақ болатын. Оны Елбасы қолдады. Бұл қадамның дұрыс екенін әлі-ақ өмірдің өзі дәлелдей жатар, біз тек оның бірнеше қажетті жақтарына тоқталамыз.
Біріншіден, латын әліпбиіне көшу жай, қарапайым қолданбалы міндеттерді шешуге тікелей көмектеседі. Бұл жаңалық ең алдымен қазіргі заманның ең қажетті дүниесі – интернет жүйесінде пайдалануға өте қолайлы екендігінде. Әлемде интернет жүйесі тұтастай латын алфавитінде жұмыс істейтіні белгілі. Осы сала мамандарының айтуынша, мұның саясатқа ешқандай қатысы жоқ, тек қолданысқа пайдалы. Бүгінгі жаһандану кезеңінің негізін құрайтын сапалар  қарапайымдылық, қолжетімділік және әмбебаптық қасиеттер болса, латын алфавиті соған қол жеткізеді. Қазіргі тез, өзгергіш, жылдам ақпараттар тасқыны заманында бұл әсіресе, экономика саласы үшін өте маңызды екені түсінікті.
Екіншіден және бұл ең маңыздысы, латын әліппесі қазақ тілінің төл табиғатына, оның дыбыстық ерекшелігіне сай келеді. Шынын айту керек, кирилл әліпбиі, әсіресе, оның тілімізге жат таңбалары қазақ тілінің дыбыстық әуеніне біршама өзгерістер  әкелді. Қазақ тілінің әуезділігі, әуенділігі біршама бұзылды.
Үшіншіден, тектік, тілдік жағынан туыс елдердің (Өзбекстан, Түркіменстан,Түркия) латын әліпбиін пайдаланатынын ескерсек, бұл  олармен интеграциялық үдерістерді жеделдетуге де біршама ықпалын тигізеді. Қорыта айтсақ, латын әрпіне көшуден үркектеудің еш негізі жоқ. Әлемдік ықпалдасуда оның оң нәтижелер берері сөзсіз.

Бердібай ШАЛАБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
мемлекеттік университетінің
профессоры,  филология ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар