Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа оқу жылының міндеті де, жауапкершілігі де зор - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа оқу жылының міндеті де, жауапкершілігі де зор

«Көкшетау» мәдениет сарайында жылдағы дәстүр бойынша білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өткізілді. Кеңес барысында саланың жетістіктері мен олқы тұстары айтылып, алдағы оқу жылында атқарылар міндеттер сараланып, талқыланды. Кеңес жұмысына облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, сөз сөйледі. 

Келелі жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов, облыстық басқармалардың басшылары мен
аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан-дық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында баяндама жасады.
Ұрпаққа білім нәрін себезгілетіп, ұлағат пен ұлылықтың үлгісіне айналған ұстаз – мәртебелі мамандық. Мәдениет сара-йына жиналған өңіріміздің айтулы білім қызметкерлері алдымен білім саласындағы жетістіктерге арналған көрмені тамашалады. Бүгінгі таңда білім беру саласы дамыған елдердің санатында болуы үшін айтарлықтай көңіл бөлініп, барынша назар аударылып отыр. Соның нәтижесінде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру ісі жылдан-жылға жақсара түсуде. Әсіресе, біздің өңірде бұл бағытта тың ізденістер жасалып, қаржы-қаражатты тиімді игеріп, білім берудегі жаңалықтар, озық үлгілер кеңінен қолданылып жатқандығын байқаймыз. Мәселен, көрмеге облыстың әр өңірінен келген оқу орындарының өз жетістіктері мен атқарған жұмыстары жа-
йында дайындалған түрлі бағыттағы ғылыми жобалары қойылыпты. Осы жетістіктердің өзі көңілге ерекше мақтаныш сезімін ұялатып, болашаққа жарқын жол салған білімді ұрпақтың алда алар асуы биік екендігін аңғартса керек.
Алқалы жиында облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің ұстаздар қауымына деген жүрекжарды тілегі мен ыстық ілтипатын облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өзінің құттықтау сөзінде жеткізді.    
– Жылдар бойы дәстүрге айналған тамыз кеңесі өткен оқу жылына терең талдау жасауымызға, өзекті  мәселелерді анықтауға, жаңа оқу жылына жаңа міндеттер қоюға мүмкіндіктер береді.  Осы орайда, облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан барлық ақмолалық ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтауға және зор денсаулық, шыдамдылық пен жаңа күш-қуат, табыс тілеуге рұқсат етіңіздер, – деп сөзін бастаған Айна Ермекқызы өңірімізде білім саласында атқарылып жатқан бірқадау мәселелерге тоқталып, баса назар аударды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие берудің жаңа әдіс-тәсілдері мен тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруды тапсырған болатын.  Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына орай, білім саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша жұмыс атқарылуда. Бұл туралы тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов жан-жақты баяндады. – Облыстық білім басқармасы ел Президентінің алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа серпінді рухта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы да сарабдал саясатының арқасында Қазақстан әлем мойындаған, экономикасы дамыған, білім мен ғылымы алға ілгерілеген елдердің қатарында,–деп бастады ол сөзін. – Қазіргі заманда білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы болып табылады. Облысымызда 591 мектепке дейінгі мекеме бар. Олардың 510-ы мемлекеттік болса, 81-і жекеменшік. Бір атап өтерлігі, облысымызда жекеменшік балабақшалар саны артуда. 2019 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз ету жұмысы көзделген. Мұндай көрсеткішке Степногорск қаласы мен Егіндікөл және Сандықтау аудандары қол жеткізіп отыр. Алайда, балабақшамен толықтай қамтамасыз ете алмай отырған аудандар мен қалалар да бар. Олардың қатарында – Көкшетау қаласы, Целиноград, Бурабай, Аршалы, Ақкөл аудандары. Соңғы жылдары балабақшаларда еңбек ететін педагогтардың білімдерін жетілдіру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы орайда, бір атап өтерлігі, өңіріміздегі мектепке дейінгі мекемелердің бірқатар қызметкерлері оқу-әдістемелік құралдардың авторы ретінде республика көлемінде есімдері танылып жүр. Солардың арасында Көкшетау қаласындағы «Арай» балабақшасының логопеді Күнсұлу Бекболатова, Макинка қаласындағы «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Әсия Төлебаева, Атбасар қаласындағы №4 «Еркежан» балабақшасының тәрбиешісі Бахыт Алдабергеновалардың еңбектерін атап өтуге болады.
Облысымызда жалпы білім беретін 588 мектеп жұмыс істейді.  Өткен оқу жылында 15 мыңнан астам 1 сынып бүлдіршіндеріне мектептерде білім берудің жаңартылған жұмыс жүйесі енгізілді. Осыған орай, 3416 мұғалім білім берудің жаңа бағдарламасы бойынша жұмыс істеу үшін біліктіліктерін арттырған. «BlimLand kz» оқу порталына өңіріміздің 460 мектебі қосылған. Жаңа оқу жүйесін жүйелі қамтамасыз ету үшін қажетті оқу құралдары сатып алынды. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаражат бөлініп, қосымша 364 миллион теңге қарастырылған. Осы күні қаржы толығымен игеріліп, тиісті мекемелерге жеткізіліп, тапсырылды. Биылғы жылы қазақ тілді емес мектептердің 1-11 сыныптарына қазақ тілін деңгейлеп оқытудың жаңа әдістемесі әзірленді. Сондықтан, биылғы 1 қыркүйектен бастап әзірленген жаңа әдістеме бойынша респуб-ликада 150 мектеп пилоттық режимде сынақтан өтсе, біздің облыста 8 мектеп аталмыш әдістеме бойынша сабақ бере бас-тайды.     Мектептердің негізгі міндеті – былтыр басталған жаңартылған білім жүйесіне өтуді жалғастыру. Биыл қосымша 2, 5, 7 сыныптардың жаңа мазмұнға өтуі біртіндеп іске асырылуы тиіс. Бұл ретте мұғалімдер мен ата-аналардың алдында ауқымды жұмыс пен жауапкершілік күтіп тұр. Жаңартылған білім мазмұнының басты ерекшелігі – бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал, қазіргі оқушыны өздігінен білім іздейтін жеке тұлға етіп қалыптастыруға ерекше мән берілмек. Мұғалімнің міндеті – баланың бойында білімге құштарлық сезімін ояту, әр нәрсеге күмәнмен қарап, тексеруден өткізуге, сыни көзқарасқа, шығармашылықпен ойлауға баулу. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап 1-сыныптар үшін критерийлі бағалаудың жаңа жүйесі енгізілгені белгілі.  Бұл білімді неғұрлым толық алу үшін қажет. Критерийлі бағалау оқушылардың сабаққа белсенді қатысуына ықпал етеді. Әрбір сабақ жанды сұхбат, талқылау түрінде өтеді. Оқушылар ұжым болып бірлесіп жұмыс істеп үйренеді. Олар нәтижеге жетуге талпынады, қателіктерін байқайды, бір-біріне көмектеседі. Бұл балалардың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына алып келеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы ағылшын тіліндегі пәндерді енгізу бойынша ауқымды қанатқақты жоба басталады. Республика көлемінде 1,5 мыңнан аса пән мұғалімдері тіл курстарын тәмамдайды. Ал, қазірдің өзінде облысымыздың әр өңіріндегі  27 мектеп пилоттық жоба аясында үш тілде білім беруге көше бастаған. Осыған байланысты өткен жылы 40 педагог арнайы курстардан өтіп, олардың жетеуі Оңтүстік Корея елінің Сеул мен Қытайдың Гонгонг  қалаларында білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтау үшін оқып келді.
Қазіргі таңда облыс мектептерінің 956 кабинетіне заманауи құралдармен жабдықтау модификациясы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы аудандық және қалалық бюджет есебінен 80,9 миллион теңге көлемінде қаражатқа  22 жаңа модификацияланған кабинет сатып алуға қаражат бөлінді.  Барлық білім мекемелерінде компьютерлік сыныптар жүйелі жұмыс істейді, интернет желісіне қосылған. Интерактивті  тақта мен мультимедиялық, лингофондық  кабинеттер оқушылардың сапалы білім алуларына ықпал етуде. Соңғы жылдары үш ауысымда оқытылатын мектептер мен апатты жағдайдағы білім мекемелерінің өзекті мәселелері жиі сөз болуда.
Мұндай жағдай біздің облыста да бар.  Ағымдағы жылы  Бұланды ауданының  Алтынды орта мектебі апатты жағдайдағы мектеп болып саналса, облысымызда бес мектеп үш ауысымда оқиды. Алайда, түйінді мәселенің шешімін табу мақсатында 2017 жылы 3 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтар болсақ, Көкшетау қаласында 900 орынға лайықталып орта мектеп, сондай-ақ, 420 балаға лайықталған №18 орта мектептің жанынан қосымша ғимарат салынуда. Сонымен қатар, Щучинск қаласында 800 орындық мектеп-интернаттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 2017 жылы 2,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Тағы бір атап өтерлігі, 2017 жылы Целиноград ауданындағы Қажымұқан елді мекенінде 300 орынға лайықталған орта мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда және Көкшетау қаласындағы №1 орта мектептің жанынан 500 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жоспарда бар. Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру мәселесі де әрдайым назарда. Өткен оқу жылында облысымыздың 227 мектебінде инклюзивтік біліммен қамтамасыз етуге барлық жағдай туғызылған. Жарымжан балаларға мемлекет тарапынан көптеп көмек көрсетілетінін де ерекше атап өткім келеді. Олар Үкімет тарапынан  даму ерекшеліктеріне қарай компьютерлік техникамен,  арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілуде.  Өткен оқу жылында  республикалық, халықаралық деңгейдегі зияткерлік байқаулар мен олимпиадаларда біздің 72 оқушымыз жүлделі орыннан көрінді. Олардың 60-сы республикалық, 12-сі халықаралық білім бәйгесінен оза шапқан озат оқушылар.  Білім және ғылым министрлігі биыл кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы тегін оқыту жобасы бойынша даярлық жұмыстарын аяқтап, жүзеге асыру жұмыстарын қолға алды. Облыс бойынша аталмыш жоба шеңберінде бір жарым мың адам  қысқа мерзімді  курстарға  тартылған. Жыл аяғына дейін әлі үш жарым мың азамат оқытылады деп жоспарлануда.  Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, соңғы жылдары елімізде дуальдік, техникалық және кәсіптік  білім берудің ұлттық жүйесі қалыптасуда. Облысымызда дуальдік білім беру жүйесіне енген 23 колледж бар.  
Биыл өңірімізде алғашқы рет  робототехника байқауы болып өтті. Жас ерекшеліктері 11-18 жас аралығындағы талантты балалар өзара бақ сынасып, барлығы 82 оқушы  сынға түсті. Бұл салаға әсіресе, компьютер тілін жетік білетін өскелең ұрпақ зор қызығушылық танытуда. Ағымдағы жылы 52 ұйым робототехника жабдықтарымен қамтамасыз етілді.
2016-2017 оқу жылын облыстағы жалпы білім беретін мектептерді 4331 түлек тәмамдады. Тестілеу сынағына 2964 түлек қатысты.   Облыс бойынша 11 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті жұмыс істеді. Барлық тестілеу пункттері талапқа сай қажетті құралдармен толық жабдықталып, ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді. ҰБТ өткізу барысында ереже талаптарын бұзу оқиғалары орын алған жоқ. Үстіміздегі жылы білім беру ұйымдарында мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, қорытынды аттестаттау –  бұл мектепте өткізілетін мемлекеттік емтихан болса, екіншісі ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсемін деген түлектерге арналған.  Тестілеу қорытындысы бойынша  биылғы орташа балл 79,9 пайызды құрады. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда, 2,3 пайызға жоғары екендігін байқаймыз.  Мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің сапасын арттыру мақсатында биыл өңіріміздің барлық білім қызметкерлері арасында «Үздік педагог» облыстық байқауы болып өтті. Аталмыш білім бәйгесіне 53 педагог қатысып, өзара бақ сынасты. Солардың арасында Көкшетау қаласындағы  №17 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Серік Қошанов, облыс орталығындағы №11 «Арай» балабақшасының музыка пәнінің мұғалімі Әсел Қалиева, сонымен қатар, Щучинск қаласындағы жоғары колледж оқытушысы Антон Лазорский үздік деп танылды. Білім беру саласындағы айшықты істерді жіпке тізгендей түгел айтып шығу мүмкін емес. Біздің ендігі мақсатымыз бойымыздағы барлық күш-жігерімізді сарқа жұмсап, заман талабына сай білім, тәрбие ісін жаңа сипатта дамытып, жарқын белеске көтеру болып табылады. Биылғы оқу жылында оқу-тәрбие үрдісін қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сүйене отырып, ұйымдаса еңбек етейік.  Оқушыларды  тәрбиелеу мен оқытуда табысты нәтижелерге бірге жете берейік,–деп сөзін түйіндеді Валерий Гамазов.  Жарыссөзге Ақкөл аудандық білім бөлімінің басшысы Келешек Әшімов шығып, «Білім беру процесіндегі басқару қызметінің сапасы, нәтижелігі және тиімділігі» тақырыбында сөз сөйледі.
– Аудандық білім мекемелерінде 35 басшы, 566 педагог қызмет атқарады. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қайта даярлаудан 100 педагог өтті. Педагогикалық инновациялар халықаралық жәрмеңкесінде ауданымыздың ұстаздары «Табыс» кубогын жеңіп алып, алтын және күміс сертификатын екі ұстаз иеленді,–дей келіп, жаңартылған оқу мазмұнында критерийлі бағалау жүйесіне көшу мәселесі туралы өз ойларын ортаға салды. Ал, Степногорск қаласындағы №5 «Колосок» балабақшасының меңгерушісі Надежда Подолько  болса, білім беру мазмұнын жаңғыртумен сәйкес мектепке дейінгі жастағы балаларға білім беру қызметін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне баса назар аударып, өз тәжірибесімен бөлісті.  Сандықтау ауданының Балкашино селосындағы №1 Балкашин орта мектебінің информатика және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Еркебұлан Қожабеков үш тілді меңгеру – заман талабы екендігін айтты.
Келелі кеңесте өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу бойынша облыстық оқу-әдістемелік орталықтың бөлім меңгерушісі Дина Шәріпова  білім беру ұйымдарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы сөз қозғаса, Сандықтау ауданының Каменка селосындағы №2 агротехникалық колледжінің директоры Махамбет Досымбетов баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыру туралы кеңінен тарқатып айтып берді.
Конференция соңында  білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізген мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары, балабақша тәрбиешілері  облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ,  бірқатар ұстаздарға Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері тапсырылды. Соңғы жылдары облыстық білім басқармасы «Білім саласының үздік ұйымы»   атты облыстық байқауын дәстүрлі ұйымдастырып келеді.  Биылғы жылы байқауға 13 ұйымнан өтініштер келіп түскен екен. Солардың арасында байқау жеңімпазы атанған Көкшетау қаласындағы  №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясы үздік деп танылып, 19567200 теңгенің ақшалай арнайы сертификатына ие болды. Сонымен қатар, Астана қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының ұжымы республикалық «Білім саласының ең үздік мамандандырылған білім мекемесі» байқауында жүлделі үшінші орыннан көрініп, арнайы сыйлыққа қол жеткізді.
Сол күні  өңірлерден келген ұстаздар секцияларға бөлініп, пәндер бойынша оқу-тәжірибелерін ортаға салды.                          
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар