Құрбан айттың қарсаңында Кенесары ауылында бұрынғы ескі мешіттің жанынан айшықты әсем жаңа мешіт бой көтерді.
Мешіт имамы Жасұлан Ертехалықтың айтуынша, жаңа мешіт ғимараты он бес айда салынып бітіпті. 1700-дей тұрғыны бар ауылдық округтің аумағында тұратын мыңға тарта иісі мұсылман қауым мешіт құрылысына қолдан келген көмектерін көрсетіпті. Жаңа мешіт түгелдей халықтың өз қалтасынан шығарған қаржысына салынған. Үш бөліктен тұратын мешіттің ерлер намаз оқитын негізгі үлкен залына жүзге тарта адам сиятын болса, әйелдер бөлмесі отыз адамға шақталған. Одан басқа жуынып, дәрет алатын орын бар.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары көп жиналды. Алдымен сөз алған ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит мешіт салған немесе оны салуға үлес қосқан әрбір адамға жәннаттан бір үй сыйланады деген Пайғамбардың хадисін ауызға алып, мешіт салуға көмектескен азаматтардың бәріне алғысын білдірді және жаңа мешіт ауыл тұрғындарын имандылыққа ұйытып, игілік пен бірліктің бастауы болсын деген тілегін айтты. Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мәлике Нұрханова кенесарылықтарды мұсылман қауымы үшін ұлық мереке саналатын алдағы Құрбан айтымен құттықтап, жаңа мешіт құт-береке әкелуіне ақ тілектестігін білдірді.
Мешіттің лентасын облыстың өкіл имамы қиып, содан кейін жиналған жамағат оның ішіне кіріп көрді. Жұрттың алдында мешіт имамы уағыз айтып, мешітте алғашқы намаз оқылды. Бұдан кейін ауылдағы дәмханада аруақтарға құран бағышталып, үлкен ас берілді.
Айта кетерлігі, Кенесары ауылында мешіт жанынан таяу болашақта мұсылман дәмханасы да салынбақшы.
Қалкөз ЖҮСІП.
Бурабай ауданы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.