Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірге құштар жан еді - АРҚА АЖАРЫ

Өмірге құштар жан еді

Осы жазда жұбайым, ақын-жазушы, журналист  Смағұл Рахымбек мәңгілік сапарға аттанды…

 

Адам болған соң, бәріміз де бақытқа бөленіп, қуанышқа кенеліп өмір сүргіміз келеді. Қашанда ешкімнің басына қайғы-қасірет бермесін деп тілейміз.
Дегенмен, өмірдің қуанышы мен қызығы алмасып жататыны белгілі. Амал не, әуелі ауру-дертке ұшыратып, адамды әбден қалжырататын ажалдың тырнағы іліккен жерінен айырылмайды екен.
Оның өмірге деген құштарлығы, жақсылыққа деген ұмтылысы ғажап еді. Елімізде бір оңды жаңалық болғанын естіген бойда жақын адамдарымен қуана бөлісетін-ді. Одан қала берді, газеттерге өзінің ой-пікірін жазып, өміршең бастамаларды қолдап, қоғам дамуына үн қосып отыратын еді. Әлі де жазатыны көп болатын…
Ол ешкімді сыртынан ғайбаттап, жағымсыз пікір айтқан адам емес. «Біреулер ішіп қойыпты, біреулер жеп қойыпты, пара алыпты» деген сияқты оспадарсыз өсектерден жанын аулақ ұстады. Әр адамның ісі Аллаға аян екенін айқын сезіне білді.
Жұмыста не басқосуларда бір жақсы, жайсаң адаммен танысса, өнер жолында жүрген дарынды інілерін кездестірсе, оның ел сүйсінерлік еңбегін жоғары бағалап, үйге келген соң, дастархан басында сондай ұлтжанды азаматтардың игілікті істерін, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауын, адамгершілік асыл қасиеттерін айтып, балаларға үлгі етіп отыратын-ды. Жақсы адамнан тәрбие алып өскен баланың ертеңгі күні халқына қалаулы азамат болып өсетініне сенімі мол жан еді. Ғұмырында «Мен осындаймын» деген адам емес екенін ел біледі. Керісінше, ол өзін емес, жақсы азаматтарды мақтаумен өмір сүрді. Смағұлдың бұл да бір жас ұрпаққа өнеге боларлық қасиеті деп білемін.
 «Қайғыны бөліссең, азаяды» демекші, 20 шілде күні сүйікті ақынмен қоштасуға келген адамдар өте көп болды. Жазғы демалыс кезі болса да, Смағұлдың өмірде сыйласқан аға-інілері, Елордада тұратын ақын-жазушылар мен журналистер, қызметтес болған азаматтар және жерлестері келіп, елі мен туған жерін, халқын сүйіп өткен қаламгерді соңғы сапарға шығарып салды. Қайғымызға ортақтасып, көңіл айтқан барша жандарға отбасымыздың атынан алғысымызды айтамыз. Бәріне денсаулық, шаңырақтарында бақыт пен қуаныш болуын тілейміз.
Сонымен қатар, өзі тығыз шығармашылық байланыста болған «Егемен Қазақстан», «Арқа ажары», «Астана ақшамы» газеттеріне және басқа да басылымдардың ұжымдарына бізге қолдау жасағандары үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Смағұлдың жазған мақалалары, өлеңдері, деректі телефильмдері қалды. Іздеушісі барда, қаламгердің мұрасы ескерусіз қалмайтыны анық. Алдағы уақытта ақынның еңбектерін, шығармашылық жолын зерттейтін жас ғалымдар да болады деген сенімдеміз. Ал, біз өз тарапымыздан Смағұлдың қаламы тиген әрбір парақты мұқият сақтап, келешек ұрпаққа табыстауды мақсат етіп отырмыз.

Әлия Есләмқызы,
зайыбы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар