Елімізде тамыз айынан бастап жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы жүргізіліп жатыр. Осынау қайырымдылық шарасына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұжымы да айтарлықтай үлес қосты.
Акция аясында мектепке сақадай-сай дайын болып отырған балалардың бірі – Владислав Патрушев. Ол Көкшетау қаласына іргелес Застанционный кентінде орналасқан №7 орта мектебінің табалдырығын биыл алғаш рет аттағалы тұр. Мектепке баруды асыға күтіп жүрген бүлдіршінге біздің басқарма ұжымы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешек сатып әперді.
Владиславтың анасы еден жуушы, әкесі жүргізуші болып жұмыс істейді. Қайырымдылық шарасының арқасында алты балалы Патрушевтар отбасы бір жеңілденіп қалды. Басқармамыздың атынан бүлдіршінге білім айдынында сәт сапар тілей отырып, мектепке үздік оқушы атансын дегіміз келеді.
Алтынай Аминова,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы кадр қызметі бөлімінің басшысы.