Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақстандықтар үшін маңызды идеологиялық құжат қана емес, еліміздің мәдени-рухани саласын жаңа белеске көтерудің темірқазығы болып табылатыны анық. Маңызды құжатта атап өтілген мәселелерді жүзеге асыру аясында облысымызда біршама жобалар әзірленді.
Олардың негізінде аймақтағы сан алуан мәдениет жатыр. Әсіресе, оқушы балалардың бойында елжандылық, адамгершілік сияқты рухани қуаты зор саналы тәрбиені дамыту білім қызметкерлерінің бас-ты мақсаты болып табылады. Бала жөргегінен туған халқының тілі мен мәдениетіне қанып өссе, болашақта ол елінің нағыз патриоты болатындығы рас. Бала күннен бастап, өз ауылына, қаласына, өлкесіне, оның тарихына, дәстүрі мен тұрмысына деген махаббат, мақтаныш және адалдықпен көрініс табатын шынайы патриотизм сезімін ұялатуға болады. Ақмола облыстық білім басқармасы «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасын жүзеге асыруға арналған 28 жобадан тұратын тізілім әзірледі. Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, сындарлы, мықты, жауапкершілігі мол, шығармашыл тұлғаны, өз Отанының патриотын тәрбиелеу болып табылады. Отансүйгіш, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттайтын аталмыш жоба аясында «Тәрбие және білім» ішкі бағдарламасында төрт базалық бағыт жүзеге асырылады: олар «Өлкетану», «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат» және «Кітап – білім бұлағы». Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының негізінде бүгінде балалар мен жасөспірімдердің бойында өзінің кіші Отанына деген қызығушылығын, шығармашылық негіздерін, жасампаздық қабілеттерін дамытуға бағытталған 12 жоба әзірленіп, жүзеге асырыла бастады. «Саналы Азамат» базалық бағытында біздің орталық үш республикалық жобаны жүзеге асырып отыр. Солардың бірі – «Алтын Қазына» жобасы. Бұл жоба Қазақстан халқының сәндік және қолданбалы өнер саласындағы білімдерінен хабардар ететін болса, «Дарындылар елі» жобасы бейнелеу, музыкалық, хореографиялық және басқа да өнер түрлері саласындағы дарынды балалар мен жастарды анықтауға септігін тигізеді. «Айналаға қара» жобасы жас фотосуретшілердің қабілеттерін ұштай түседі. «Бояулар құпиясы», «Шеберлер қаласы», «Ақ шағала», «Техникалық байқау», «Театрдың ғажайып әлемі» сынды жобалар облыс көлемінде жүзеге асырылады.
«Өлкетану» базалық бағытында «Менің кіші Отаным» жобасы жүзеге асырылады. Жобаның мақсаты – балалар мен жастардың табиғатқа және мәдени ортаға деген құндылықтық қатынасын, облыс аймағында тұратын өзге этностардың мәдениетіне толерантты және құрметпен қарауға тәрбиелеу. «Отаным – тағдырым» базалық бағытында біз патриоттық тәрбие беруді дамытуға, балалар бастамасын қалыптастыруға бағытталған «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы» жобасын қолға алдық. «Менің бастамам – менің Отаным үшін» атты жоба да әлеуметтік-шығармашылық белсенділікті дамытуға, өзін-өзі кемелдендіру қажеттілігіне, балалар мен жасөспірімдердің азаматтық және құқықтық мәдениеттілік деңгейін көтеруге бағытталған. Бүгінгі таңда «Туған жер» арнайы жобасы бойынша «Біз халық… мен Қазақстан азаматымын», білім беру мекемелерінің кітапханаларында «Туған жер» тақырыбында көрме, Зеренді ауданында тауға өрмелеу жарысы, «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициясы және бес мыңға жуық балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен музыкалық шеру өткізілді.
2018 жылы әрбір ұсынылған жобада кем дегенде 20 мыңға жуық балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен үш іс-шараға дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Мемлекет үшін болашақта көш бастайтын және ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, халықаралық аренада мемлекет ұстанымын нығайтатын жан-жақты дамыған жастар басымдылыққа ие екендігін ұмытпауымыз керек.
Дина МӘУЛЕНҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық
оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі.