Жаңалықтар ағыны
Біз – маңызды кейде елеусіз, жоспарланған және кездейсоқ, қуанышты және өкінішке орай, қайғылы оқиғалар ағымында өмір сүріп жатырмыз. Өмірде кездесетін көптеген қиын жағдайларда бізге арқа сүйер қолдау қажет екені шындық.
Қазақстанда жұмыс істейтін халыққа мұндай қолдауды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) әлеуметтік төлемдер төлеу жолымен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қамтамасыз етеді. 2005 жылдан бастап елімізде 3,5 миллионнан аса адам Қордан жалпы сомасы 825 миллиард теңгеден аса әлеуметтік төлем алды.
Қордан төлемдер жұмысқа орналасу кезінде ресми түрде еңбек шартын жасаған адамдарға ғана төленеді. Мұндай жағдайда жұмыс беруші өз қаржысы есебінен өзінің жұмыскерлері үшін Қорға ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды (ӘА) төлеуге жауапты болады. Егер міндетті зейнетақы жарналары біздің ай сайынғы табысымыздан ұсталатын болса, ӘА біздің табысымыздан ұсталмайды, оны жұмыс беруші өз қаржысы есебінен төлеп отырады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (жеке кәсіпкерлер, адвокаттар, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар) өздері үшін, ал, жалдамалы жұмыскерлері болған жағдайда олар үшін Қорға ай сайын ӘА аударып отырады. Бұл ретте ӘА ай сайын тұрақты түрде аударылып отыруы өте маңызды, өйткені, әлеуметтік қатер туған жағдайда ай сайынғы ӘА төленген табыстың мөлшері мен аударымдар түскен айлардың жалпы саны ескеріледі. Осыған байланысты әрбір қызметкер жұмыс берушіден, не «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына (Мемлекеттік корпорация) жүгіне отырып, өзі үшін нақты түскен ӘА сомасы туралы ақпарат алуға құқылы.
Алты әлеуметтік тәуекел
Жұмыс істейтін халық Қордан әлеуметтік төлемдердің қандай түрлерін ала алады?
Біріншіден, бұл еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайлары және мұнда төлем медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізу арқылы белгіленген жалпы еңбек ету қабілетін жоғалту деңгейіне байланысты болады. Төлем еңбек ету қабілетінен айырылудың барлық кезеңіне тағайындалады. Мұндай жағдайларда Қордан төленетін әлеуметтік төлем алушы жұмыс істеуін тоқтатқанына немесе табыс табуын жалғастыруына байланыссыз жүзеге асырылады.
Келесі бір ауыр өмірлік жағдай – отбасының асыраушысыз қалуы. Бұл жағдайда асырауында болған отбасының барлық мүшелері Қордан ай сайынғы әлеуметтік төлемдерді алады. Мұндай құқыққа сотпен хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп танылған асыраушының отбасы мүшелері ие болады. Төлем қайтыс болған адамның балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін төленеді. Егер балалар іштей оқу бөлімінің студенттері болса, онда оларға Қордан төленетін төлемдер 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Сонымен бірге, еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайына Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша бюджет қаржысынан төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалатынын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, жұмысынан айырылған азаматтар да Қордан әлеуметтік төлемдер алады. Алайда, бұл жерде мынадай басты жағдайды ескеру қажет: жұмысынан айырылған адам ең алдымен жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Тек осыдан кейін ғана жұмыскерге жұмыс іздеген уақытына жоғалтқан табысының бөлігін өтейтін әлеуметтік төлем тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте, егер алушы жұмыссыз ретінде есептен шығарылса, онда әлеуметтік төлемдер тоқтатылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, әлеуметтік төлемдердің үш түрін алушылар: жүкті әйелдер (декреттік демалыстағы), жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған адамдар және бір жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын ата-аналар да (бала күтіміне байланысты демалыстағылар) Қордан әлеуметтік төлем алушылар болып табылады.
Қайда жүгіну қажет?
Аталған әлеуметтік төлемдерді алу үшін Мемлекеттік корпорацияның тұрғылықты жеріндегі бөлімшесіне өтініш беру қажет. Бұл ретте халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету ыңғайлы болу үшін еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы секілді төлемдерді алуға бір уақытта бірден екі өтінішті беру мүмкіндігі қарастырылған: бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік жәрдемақыны және Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындауға. Ал, бала тууына байланысты бюджеттен төленетін бір реттік жәрдемақыны алуға құжаттарды бере отырып, бірден 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша Қордан әлеуметтік төлемдер тағайындауға құжат тапсыруға болады.
Мүгедектік деңгейін анықтау үшін азамат МӘС бөліміне жүгінгенде, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен арнаулы мемлекеттік жәрдемақы және Қордан еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдердің тағайындалуына бір уақытта бірнеше өтініштерді жаза алады.
Жұмысынан айырылған адам Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлімшесіне жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жүгінген кезде сол жерде ақша қаражаттарын аудару үшін банктік есепшот нөмірі туралы мәліметтерді міндетті түрде қосымша бере отырып, Қордан жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемнің тағайындалуына да өтініш жаза алады.
Сонымен қатар, «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жұмысынан айырылуы жағдайына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табыс көзінен айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдерді ресімдеуге болады.
Әлеуметтік қолдаудың экономикалық негізі
Осылайша еліміздің экономикасының дамуына нақты үлесін қосушы жұмыс істейтін халық Қор қаржысы есебінен әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрін алады.
Еңбек ету қабілетінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы бойынша ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің сатып алу қабілеттілігін қолдау мақсатында Қор активтерінің есебінен жыл сайын төлемдердің мөлшері өсіп отыратынында атап өту қажет.
Қор жұмыс істейтін халықты қолдауға арналған және әлеуметтік аударымдар – бұл туындауы мүмкін әлеуметтік қатерлерден қорғаудың кепілі.
Сәуле ДҮЙСЕНОВА,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Президенті.