Үкімет отырысында 2017 жылғы астық жинау жұмыстарын жүргізу барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов қазіргі уақытта барлық өңірлерде астық жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. 12 қыркүйектегі жағдай бойынша 11,6 миллион гектар астық жиналды, гектарына орташа 12,6 центнер түсімділікпен 14,7 миллион тонна астық бастырылды. Астық жинау қарқыны өткен жылдың деңгейінен 2,5 миллион гектарға немесе 16 пайыз артық.
Жалпы, Қазақстан бойынша дәнді дақылдар алқаптарының 76,7 пайызы жиналды. Негізгі егін егетін өңірлерде: Ақмола облысында – 3,5 миллион тонна, Солтүстік Қазақстан облысында – 3,3 миллион тонна, Қостанай облысында – 3,8 миллион тонна астық жиналды.
Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында масақты дәнді дақылдарды жинау аяқталды, 1,4 миллион тонна астық жиналды, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,5 пайыз артық.
Биыл бункерлік салмақтағы жалпы егін жинау 19,5 миллион тоннаны құрайды. Ал, негізгі егін егетін үш өңір бойынша шамамен 15 миллион тонна жинау жоспарланған. Күтілетін сапаны ескере отырып, аталған көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 8 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында өңірлердегі астық жинау науқанының ағымдағы жағдайы туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетов баяндады.