Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау! - АРҚА АЖАРЫ

Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау!

Көмейіне бұлбұл ұялаған күміс көмей әншілер  Арқа өңірінде  дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктетті. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар қазақ әнін биік тұғырға көтергені тарихтан белгілі. Бүгінде өңір өнерпаздары сол мол қазына, асыл аманаттың арқауын үзбей келеді десе де болады.
Күні кеше Ақмола облыстық филармониясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында халқымыздың аяулы ақын ұлы, асқақ әншісі Үкілі Ыбырай шығармашылығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау!» атты II өңіраралық фестивалі облыс әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен өткізіліп, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақтың ән өнерін асқақтатқан аталмыш шараға  әуезі баурап алатын, дауысы майдай жағатын Астана, Семей, Тараз, Қарағанды, Көкшетау қалаларының жезтаңдай әншілері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Күні бұрын ән фестивалі аясында қатысушылар Солтүстік Қазақстан облысындағы Үкілі Ыбырай
ауылына барып ондағы ел тынысымен де танысып қайтты.  Мектеп ұжымымен кездесіп, ұлы бабаның рухына арналған ескерткіш-бюстке гүл шоқтарын қойып, ауыл халқына бабадан мұра болған қазақтың әсем әндерін орындап, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.
Кеше фестивальдің ашылу салтанатына орай, ұйымдастыру алқасы баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш жиынға  облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева қатысып, сөз сөйлеп, журналистердің сұрақтарына жа-уап берді. Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында Арқаның әндеріне жас-тайынан қанығып өскен, өздері де сал-серілік жолмен жүріп, өнеріне елді тәнті еткен өнерпаздар, тарихшы-ғалымдар, көркемсөз шеберлері және әншілердің өздері қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Жиында халық әндеріне қатысты кейбір кемшіліктер туралы, ән сөздерінің көбінің өзгеріске ұшырап, шатастыру мәселелері, орындаушылардың әндердің тарихына бойламай, түсінбей орындаулары жөнінде сөз болды.  
 Көкірегі тұнған шежіре, көргені де түйгені көп жыршы Жұмабай Есекеев болса, жер-жерден ат басын тіреген әншілерге Арқаның әншілік өнерін толық егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Ән өнері Арқаның маңдайына біткен сарқылмас асыл қазынасы. Біз осы мұрамызды үзіп алмау үшін, дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген өнерпаздарға қолдау-көмек көрсете отырып, олардың кейінгі ұрпаққа өз білімдерін үйретуге барлық жағдай туғызуымыз керек. Жиында сөз болған әңгіме өзегі осындай. Арқаның ән көгінде «Гәкку» әні қалықтай берсін!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: белгілі өнер қайраткері Жұмабай ЕСЕКЕЕВ баспасөз мәслихатында Арқаның әншілік дәстүрі туралы кеңінен таратып айтып берді.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар