Қазақстан халқы Тілдері күні мерекесінің он күндігі аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында тіл білгірлерінің арасында «Тіл – парасат» деп аталатын облыстық байқау өтті.
Байқауға 17-22 жас аралығындағы облыс аудандары мен қалаларынан келген өзге ұлт өкілдері қатысты.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Ұсынылған тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу және жұптасып диалог құру сияқты бірнеше сайыс кезеңдерінен мүдірмей өткен қатысушылардың байқауға тыңғылықты дайындалып келгендіктері байқалып тұрды.
Әсіресе, Ақкөл ауданынан келген Виталий Пантюхиннің өнері көпшілікті тәнті етті. Қазылар алқасының шешімі бойынша ол бірінші орынды иеленді. Қорғалжын ауданынан келген Александр Олейников екінші орыннан көрінді. Ал, жүлделі үшінші орынға көкшетаулық Владимир Сильченко ие болды.
Сайысқа қатысқан басқа да тіл білгірлеріне ұйымдастыру алқасының ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Топ жарған жеңімпаз енді республикалық додаға қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.
Салтанат ДОСЕТОВА.