Биылғы көктемде егіндікөлдік диқандар барлығы 323, 6 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын.
Оның 316 мың гектары бидай, 5581 гектары арпа, 778 гектары сұлы және 251 гектары зығыр. Көктемгі мол ылғал мен жаздағы ыстықтың арқасында егін тез жетіліп, ерте пісті. Сол себепті, биыл аудан диқандары орақ науқанын жылдағыдай кешіктірмей ерте бастап кетті. Бүгінгі күнге дейін ауданда бүкіл дәнді дақылдардың жартысынан астамы, яғни, 71,4 пайызына жуығы жинап алынды. Әзірге гектар түсімі аудан бойынша орта есеппен 7,4 центнерден айналуда. Алдағы жылдың қамын осы бастан ойлаған шаруашылықтар тұқым қорын құйып алуға да жете көңіл бөлуде. «АСКОП», «Ушаково-Агро» және «Агростиль-Г» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері әр гектардан 9-10 центнерден астам астық жинауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қабыкен Шынтеміровтың айтуына қарағанда, диқандар тәулігіне бір мың гектардан астам алқаптың егінін бастыруда. Жауапты шақта «Алтын дән шаруа», «Шарафутдинов және К», «Ушаково-Агро» тәрізді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері дала төсіндегі дүбірлі еңбек көрігін қыздырып, жұмысты қарқынды жүргізуде.
Аслан ОСПАНОВ.
Егіндікөл ауданы.