Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмолалықтар латын әліпбиіне көшуді қолдайды - АРҚА АЖАРЫ

Ақмолалықтар латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде әліпбидің нұсқаларын бекітуге арналған отырыс өтіп, бұл мәселеге қатысты қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде жан-жақты қызу талқылаулар жүргізілуде. Аймақтағы зиялы қауымның ой-пікірі мен ұсыныстарын білу мақсатында ұйымдастырылған «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты Ақмола облысы қауымдастығының форумына облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысты.

 

Латын әліпбиіне көшу бүгінгі күні ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын да қазақ тілінің әліпбиін латын қаріптеріне
ауыстыру туралы мәселелер көтеріліп, қоғамда ғалымдардың пікірлері екіге жарылған соң, қазіргідей қолдау болмай аяқсыз қалған еді. Қазір бұл мәселені біраз қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық жағынан жан-жақты зерттеп, зерделеп барып қана шешім шығарып отыр. Осы шешімнің іске асырылуына бүгінде Елбасыдан бастап, елім деген азаматтар, саясаттанушылар мен қоғамның белді тұлғалары, тілші-ғалымдар атсалысуда.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру – бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам» деп атап көрсетуі де тегін емес.
Қазіргі уақытта ғалымдар дайындаған екі жүзге жуық латын графикасындағы қазақ тілінің әліпбиі нұсқаларының арасынан әзірше екі варианты ғана таңдалып алыныпты. Бұл екі нұсқаға ғалымдар тағы өздерінің ұсыныстарын енгізіп, толықтырады. Еліміздің латын графикасына көшу мәселесі талқыланған кең ауқымды форумда ақмолалық белсенділер мен ғалымдардың пікір-көзқарастары тыңдалып, ұсыныстары ескерілді.  
–Нағыз ұлттық қадір-қасиет ұлттық сананың жаңғыруынан басталады. Жаһандану заманында ұлт ретінде қалыптасып, ұлтымыздың сақталуы жолында ең бірінші тілімізді жетілдіріп, мәдениетімізді дамытып, ұлттық рухты асқақтатып, қоғамдық сананы жаңғырту қажет. Ол тәуелсіздігімізді сақтап қалу жолындағы негізгі шарт, ұлт бірлігінің кепілі. Сондықтан, қазіргі таңда мемлекетіміз ұлтымыздың одан әрі дамуына аса жоғары мән беріп, ішкі саясатының маңызды бағытының біріне айналдыруда, –дей келе, аймақ басшысы Мәлік Кеңесбайұлы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның жүзеге асырылуы барысында облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мағлұмат берді. Облыста аталмыш бағдарлама негізінде алдағы бес жылға жоспарланған 60 шақты жоба бар екен. Оған бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Өңір басшысы форумның ашылуымен құттықтаған соң, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің үйлестірушісі, «Өрлеу» кадрларды қайта даярлау ұлттық орталығының директоры Еркін Исімбаев баяндама жасады. Ол өз баяндамасында «Рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыруға арналған аймақтық бағдарламалардың ұйымдастырылып, іске асып жатқандығына және оның ішінде латын әліпбиіне көшу барысында атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды. Оның мәлімдеуінше, бағдарламаны жүзеге асыруға облыстың ғалымдары, үкіметтік емес және партия ұйымдары мен этномәдени бірлестіктер жұмылдырылыпты.

«Рухани жаңғырудың» тақырыптық бөлімдері бойынша жеке-жеке тоқталатын болсақ, «Тәрбие және білім» бағыты бойынша облыстық білім басқармасы 2 миллиард теңгеден астам қаржыны қажет ететін 39 жобаны жүзеге асырмақшы. Ал, «Рухани қазына» бағытында облыстық мәдениет басқармасы 72 жобаны қолға алыпты. Оған қажетті қаржы 6 миллиард теңгені құрайды екен. «Атамекен» бағытында 5 миллиард теңгенің 4 ірі жобасы жүзеге асырылмақшы. Сонымен бірге, бұл жобалардың жүзеге асырылуын ақпараттық сүйемелдеуге арналған бағытта да қыруар жұмыс қолға алынады.
Сондай-ақ, жобаның басқа да бағдарламалық бөлімдеріне басым назар аударылуда. Жобаның жүзеге асырылуына жастар мен жасөспірімдерді қатыстырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстанның сокральді географиясы бойынша тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру мәселелеріне де көңіл аударылды. Қасиетті орындары көп облысымыздан Қазақстанның 100 сокральді орындары жобасына Ерейментау
ауданындағы Құмай, Целиноградтағы Қабанбай батыр мазары, Абылайханның ордасы енгендігін атап өтті.
Бұдан кейін аймақ басшысы «Азаматтық бастамалар картасы» жайында мағлұмат беріп, туған еліне жағдай жасап жатқан бизнес өкілдеріне де назар аударды. Аталмыш картаға енгізілген газ құбырлары желілерін салып жатқан Есіл ауданы Юбилейное селосындағы «Новоприречное» ЖШС-і 160 үйді газбен қамтымақшы. Осылай туған еліне материалдық қолдау мақсатында Қосшы, Отаутүскен, Преображенка ауылдарының кәсіпкерлері балаларға арналған 12 балабақша мен спорт алаңдарын, 2 ауылдық клуб, Родина селосында  дәрігерлік амбулаторияны жаңартып, күрделі жөндеулерден өткізіп берді.  
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдары-
ның докторы, археолог Айман Досымбаева «Рухани жаңғыру» жобасының маңызы мен жас ұрпаққа беретін мол игілігі жайында айтып, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезінде тапқан қасиетті орындарын қалай қалпына келтіргендеріне, осындай жұмыстарға жастарды көбірек тарту қажеттігіне, қасиетті орындарды қадірлеп, күтіп ұстаудың мән-маңызына жан-жақты тоқталды. Мұның барлығы жастарды патриоттыққа, отансүйгіштікке, елінің тарихын қадірлеуге апаратын, сана-сезімі жоғары ұрпақтың қалыптасуына, елім дейтін жастардың көп болуына жол ашатын үрдістер.  Ғалым өз сөзінде Ақмола облысы өздігінен сокральді ел екендігін тіліне тиек етті. Отыз жылдан астам уақыт археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан ол 2007-2010 жылдары Жәнібек шалқар көлінің маңын зерттегені, Жәнібек ханға арналып салынған мазар туралы дәлелді мағлұматтар келтірді. Елбасының алға қойып отырған міндеттері мен тапсырмалары қазіргі уақытта дер кезінде қолға алынып отырған мәселе екендігін, жас ұрпақтың
Отанына, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіндігін айтты.  
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры,  филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабаев латын әліпбиіне көшудің маңызы мен кейбір өзекті мәселелерін қозғады.
–Латын жазуына көшудің қандай мәні бар? Тіл халық рухының тікелей көрсеткіші. Рухани жаңғыру – тілге реформа. Жас мемлекетіміздің алға қойылған мақсаттарына жету жолдарындағы бір кезеңі – латын жазуына көшу. Кирилл жазуында қалсақ та болатын еді деген пікірлер бар. Рас, бұл жазу бізге көп жетістіктер әкелді, дамыдық. Бірақ, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Уақыт бір орында тұрмайды. Озық отыз елдің қатарына ену үшін көп реформа қажет. Латын жазуы ғалымдардың кешеден бері айтып келе жатқан мәселесі. Біріншіден, латын жазуы біздің тіліміздің болмысына сәйкес келеді. Екіншіден, әлемдік ақпараттық кеңістігіне ену үшін керек. Әлемнің 80 пайыз мемлекеттері осы жазуды пайдаланады. Біздің түркі тектес халықтардың да басым көпшілігі осы латын жазуын қолдануда, қырғыз халқы секілді әлі көшпеген мемлекеттер осы жазуға ауысатын болса, болашақта түркі тілдес халықтардың барлығы бір тілде сөйлеп кетуі де мүмкін, –деді ғалым.
Осы білім ордасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Ольга Анищенко да өзінің ой-пікірімен бөлісіп, латынға ауысудың кейбір мәселелі тұстарына тоқталды.
Бұдан кейін сөз алған Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, жазушы Ғосман Төлеғұл, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы мен жас ұрпаққа берер пайдасына тоқталды. Осы орайда, жоғарыда аталған жоғары қазақ педагогикалық колледжінің мамандары латын әліпбиіне байланысты соңғы 2-3 жыл бойы ізденістер жүргізіп, жаңа әліпби туралы ақпарат пен хабарды қалт жібермей оқып, зерттеп келетіндігін атап өтуге болады. Күні кеше ҚР Парламентінің
Мәжілісінде латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылды. Осы жаңа әліпби бойынша колледждің әкімшілік қызметшілеріне арнайы курс ұйымдастырылыпты.  
Облыс әкімі форум барысында Еңбекшілдер ауданын осы жерде кіндік қаны тамып, өмір сүрген, өнерімен халқын мойындатқан суырып салма ақын Біржан салдың атымен атаудың дұрыс екенін айтты. Сонымен бірге, облыстағы республикалық маңызы бар және басқа жолдардың бойына сол жердегі елді мекеннің қасиеттері және танымал жерлері көрсетілген карталары бар лайтбокстарды орнату қажеттігіне назар аударды.
Форум соңында Ақмола облысы қауымдастығының үндеуі қабылданды. Ол газетіміздің бірінші бетінде жарияланып отыр.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар