Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қалықтай бер, аққу ән! - АРҚА АЖАРЫ

Қалықтай бер, аққу ән!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының жаңа маусымы Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арналған «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау» атты ІІ өңіраралық фестивалімен ашылды. Өнер кешіне Үкілі Ыбырайдың немересі Қапия апа мен оның шөбересі Беркінбек Зарапұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.    

 

Сәні мен салтанаты жарасқан концерттік бағдарлама Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен басталып, композитор Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» жырының негізінде жазылған операсында шырқалатын «Гәкку» әнін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Дүкенбаева әсерлі орындап, өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.
Қазақ халқының «Жақсыдан жақсы туса, еккен шынарың емес пе…» дейтіні бар. Иә, рас, «тегі жақсы тегін болмайды» дейді халық. Үкілі Ыбырайдың шөбересі атадан мұра болған  жақсы аты мен ізгі мұратын жалғастырып, өнердің қыр-сырын меңгере біліп, елге танымал қобызшы атануының өзі біз жоғарыда тілге тиек еткен  тек дейтін ұлылықтың тамырынан таралған қасиеттен екендігі сөзсіз. Аталмыш фестиваль аясында Беркінбек Зарапұлы сахнаға шығып, оркестрдің сүйемелдеуімен сазсырнайда С.Бәйтерековтың «Кішкентайын» нақышына келтіре орындап,  жүрек қылын шертіп, көңілді толқытып, жүректі тебірентті.
Ел алдына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Ғазиза Жұмекенова шығып,  күмістей сыңғырлаған әсем дауысымен ақын Кәкімбек Салықовтың «Аққу жеткен» әнін  шырқай жөнелгенде әуезді әуен, ғажап үн, жан жүректі кәусар сұлулыққа шомылдырып, ән қанатында көңілді де әуелетіп әкетті. Беу, шіркін, қазақтың әндері-ай! Қазақ әндерінің сөздерінде  тұңғиық тереңдік, әуенінде тылсым сыр жатыр. Бұлақтай сыңғырлап төгілген сығырлы саз күміс көңілдің пернесімен ойнайды. Арқаның көгінде  ән аққу қанатында қалықтап жүргендей. Оған ілескен біздегі  көңіл де шарықтай жөнелген…
Сондай-ақ, бұл кеште дәстүрлі әннің ажарын ашып, мерейін асырып жүрген айтулы  әнші Кенжебай Мұқышев Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған»  әнін жүрекке жеткізіп, құлақтың құрышын қандырып орындады. Ал, мәдениет саласының үздігі  Абсалық Салық болса «Қызыл асық» әнін желпіндіріп, нақышына келтіріп, әсерлі шырқап берді. Абсалықпен бірге залда отырған көрермен де ән әуезіне елтіп, әншімен бірге қосылып шырқап, орындаушыға ерекше риза болып, алғыс болып төгілген шапалақ нұрына бөледі. Жасыратыны жоқ, әнді домбыраның сүйемелдеуімен орындағанда ғана халық әнінің әсерлігі мен әдемілігі, жүрек қылын шертер дыбыс бояуы өз дәрежесінде шығады. Жалпы, өнер додасына жер-жерден ат басын тіреген қатысушылардың өздерімен сұхбаттаса қалсаңыз, олар Арқаның төсінде ән салу үлкен сын дейді.  Себебі, Көкшетау ежелден ән меккесі атанған. Фестивальда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дүлдүл әнші Бисара Мәкенованың орындауындағы Үкілі Ыбырайдың «Ер Көкше» әні өте әсерлі шықты. Салтанатты концертте  халықаралық байқаулардың лауреаты Назира  Бейсенова, Перизат Тұрарова, Азат Абдығалым, Рахат Бекасыловтар  әсем әннен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті. Айта кету керек, қатысушылардың репертуарлары да киім-киісі, сахнада өзін-өзі ұстауы, ән орындау шеберлігі  тамсандырды. Жасырары жоқ, кейінгі кезде кейбір  әндердің сөзі дұрыс айтылмай, я болмаса авторы бұрмаланып жататын жайттар кездеседі. «Аңшының әніне» байланысты да түрлі пікірлер бар. Алайда, өткен жылғы фестиваль барысында бұл ән Үкілі Ыбырайдың әні деп жарияланып еді. Әуезге бай әсем әнді  облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов орындап берді. Енді алдағы уақытта да осылай болып айтылып жүрсе екен деген ой көптің көкейінде қалды. Осы орайда, фестивальді ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып, қазақтың ән өнерін
насихаттап жүрген Сәрсенбай Хасеновтың еңбегі зор екендігін баса айтқандығымыз жөн болар.
Концерт соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева сөз сөйлеп, төл өнерімізді өркендетіп, оның дамуына айтарлықтай үлес қосатын осындай фестивальдер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп отыратындығын айта келіп, қатысушыларды арнайы дипломдармен және ескерткіш сыйлықтармен марапаттады.
Халық әндерін әуелетіп, халық композиторларының шығармаларын насихаттайтын осындай үлкен шараның біздің қалада өткізілгені әбден дұрыс. Бізді қуантқаны, қатысушылардың арасында кіл жүйріктермен қатар өнер көрсеткен жас өнерпаздардың дәстүрлі өнерге қызығушылықтары зор, оны үйреніп-білмекке талпыныс танытып жүргендерінің өзі ғанибет емес пе?! Осылайша Көкшенің өнер көгінде ән қалықтап, күй күмбірлеп, шаттық шалқыды. Өнердің туын биік ұстап, өз дарын-қабілеттерін ортаға салған таланты биік хас шеберлерге  өнерсүйер қауым дән риза болысып, ақжарма тілектерін арнап, тарқасты.    Осындайды көргенде, ән өнері шарықтап, өрістей берсе екен дейсің.  Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар