Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай - АРҚА АЖАРЫ

Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай

ер мінез бен кең пейіл иесі Қайырбек Құсайынов туралы лебіз

 

Арқаның ақтаңгері ер Мәдидің әнін естісе тұла бойы қорғасындай балқып, екі көзі шоқша жанып, жан дүниесі әлдебір әдемі нұрмен шырайланар еді. «Қарадан хан боп өткен бір асыл тек». Мәди атасының әуезді әнінің бір жолында осындай терең мағыналы сөз бар. Тек демекші, бүгінде жетпіске табан іліктіріп отырған Қайырбек Құсайынұлының өзі де тегін жаралған жан емес.

 

Бір ауық үзеңгі қағыстырып жүрген жолдас, сыр жасырмайтын дос жайлы ақиқаттан аттамай аталы сөз айту да азаматқа парыз-ау. Бірін-бірі мақтағанның жөні осы екен деп, көбік сөзді көбейтпей түйіндеп, қамырдан қыл суырғандай дәмімен айтқан ләзім. Біздің кейіпкеріміз сонау 1947 жылдың 9 шілдесі күні Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында, қарапайым отбасында дүниеге келген. 1966 жылы Егіндібұлақтағы мектеп-интернатты бітіріпті.
Бал күлкілі балалық шақ, бәз бір шақта ойға оралғанда мектеп-интернатта өткен шәкірттік кезең туралы сарытап сағыныштың шоғын маздатар еді. Көкіректегі бұйығып жатқан, есті естелікке өзек болар сол бір сезімдер кім-кімге де тым ыстық-ау, сірә. Мектеп-интернаттың білімі бір бөлек, тәрбиесі қандай? Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан талапты жастың үлкен өмірге деген ұлағатты көзқарасы қалыптасып, оң-солын ертерек танып-білуге, азамат ретінде қалыптасуына, үлкен ортада өзін-өзі ұстай білуге тәрбиелейтін тамаша дәстүрі бар.
Мектепті бітірген соң бірден еңбекке араласқан. Сондықтан да, еңбек атты құдіреттің дәмін ерте танып білді. Қарағанды қаласындағы №47 трестке қарасты «Ленин уголь» деп аталатын шахтада еңбек етті. Жеті қат жер астында жас жігітке жұмыс істеу оңай-оспақ шаруа емес еді. Солай болғанымен, жаратылысынан қиындық атаулыға қарсы тұратын айрықша қажыр иесі бұл жұмысқа да тәп-тәуір төселіп қалды. Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, автокөліктің инженер-механигі мамандығын алып шықты. Сол жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды.
Әскер қатарынан оралған соң Қарағандыдағы автожөндеу зауытында әуелі инженер-технолог, кейін учаске басшысы, жоспарлау өндірістік бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Бұл жылдар білімді де білікті жастың тәжірибесін толықтыратын, шеберлігін шыңдайтын баспалдақтар еді. Өзіне тапсырылған әр іске жоғары жауапкершілікпен қарайтын Қайырбек Құсайынұлының ерен еңбегі зая кеткен жоқ. 1985 жылы автомобиль транспорты министрлігінің бұйрығымен Көкшетау қаласындағы автожөндеу зауытының директоры болып тағайындалды.
Көгілдір Көкшетау. Өзі туып-өскен қияндағы Егіндібұлақ іспетті табиғаты тамылжыған, көк мұнарлы сағымға бөленген, арыдағы тарихы аса бай, қазақ ән өнерінің мәңгі сөнбес жарық жұлдыздары өмірге келген қасиетті өлке. Адамдары да алғаш келген күннен бастап Қайырбек Құсайынұлына жылы ұшырағаны, бауырларына тартқаны, уақыт өте келе кісілік қасиетін, азаматтық ажарын таныған соң тіпті, төбесіне көтергендігі айдан анық.
1996 жылы Көкшетау қаласының әкімі болып қызмет істеді. Көкшетау облысы әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырағаннан кейін «Тыныс» акционерлік қоғамының бас директоры болып тағайындалды. Оңай болған жоқ, әрине. Бұрынғы кеңес заманындағы әбден қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдырап, дайындаған өнімін өткізе алмай, шикізатын жеткізе алмай, ит әуреге түсіп жатқан алмағайып уақыт. Кеңестік дәуірде жинаған бар байлық жасыратыны жоқ, ұстағанның уысында, тістегеннің аузында дегендей әлдебір жоқ жерден пайда іздеген пысықайлар талан-таражға ұшыратып жатты. Бәлкім, Көкшетау үшін Қайырбек Құсайынұлының ерен еңбегі осы жерде көрінген шығар. Мәселесінің салмағы кәтепті қара нарға жүк болар зілмауыр зауыттың бар проблемасын толайым арқалау кез-келгеннің қолынан келе бермес еді. Сөйтіп жүріп зауыт мүлкін талан-тараждан көздің қарашығындай сақтап, әупірімдеп жұмыс істеді. Сол зауытта жұмыс істеген бас мамандар мен орта буын қызметкерлер, қарапайым қаншама жұмысшылар тұрақты жалақы алып, отбасын сақтап қалды. Осының өзі-ақ біле білгенге аз дүние емес қой.
Сол тұста алақан жайған сұраушылар да жыртылып айрылатын. Енді қайтсін, сұратып тұрған жоқшылық пен тапшылық қой. Қайрекеңнің алдына барған адамды меселесі қайтыпты дегенді естіген адам тағы жоқ. Әрқайсысына қолдан келгенінше көмегін көрсеткен, ауруға дәрі әперген, жазушының кітабын шығарған, сөйтіп, тән дауасын да, жан дауасын да емдеуге тырысқан.
Ұлттық өнер мен мәдениетті айрықша сыйлап, құрметтеді. Содан да болар, Көкшенің ақын-жазушылары сөз қадірі бөз қадірінен арзандап кеткен уақытта Қайырбек Құсайынұлын жағалайтын. Көпті көрген көшелі Қайрекең болса, кімнің болсын жанын ұғатын, яки адаммен адамша сөйлесіп, жағдайын тыңдайтын. Тыңдайтын да үзілгенді жалғап, жыртылғанды жамап отырған аз қаржысының өзінен мүмкіндігінше бөліп, разы ететін. Соған орай, ел де Қайрекеңнің бойындағы қайырымдылық пен асқақ адамгершілік дейтұғын асыл қасиеттерді танып білді. Танып білген соң тағылымдылығына тәнті болып, төбелеріне көтеріп құрметтеді. Ел алғысын алған адамның тегін болмасы белгілі ғой. Арыдағы аузы дуалы ақсақалдар «баталы құл арымас» деген аталы сөзді тегін айтты дейсіз бе.
Ұзақ уақыт істеген абыройлы еңбегі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, әлденеше медальдармен марапатталды. Құрметті машина жасаушы, кәсіподақ саласының еңбек сіңірген қызметкері атанды. Әлі де қарап отырған жоқ, «Қазақстан Респуб-
ликасы машина жасау жұмысшылары кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі орталық комитетінің төрағасы.
Қысқа қайырылған мақалада азаматтың бар болмысын түгел сараптап шығу әрине мүмкін емес. Солай бола тұра біз қасиетті Көкшенің бел баласы болып кеткен, осы жерді өзі кіші Отанына санаған, сол Отанына айрықша қызметін сіңірген абзал адам туралы бір ауыз жақсы пікірімізді білдіруге тырыстық. Алла ғұмыр берсін, абзал дос!..
Өтеген КӘРІМОВ,
«Арбакеш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар