Тілдер онкүндігі аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқау өтті.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын және Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген байқауға аудандардағы мемлекеттік мекемелердің қызметшілері қатысты. Үш адамнан құрылған командалар «Сәлемдесу», «Жер-судың аты – тарихтың хаты», «Қазақ сөзі» кезеңдерінен өтіп, «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» тақырыбында театрландырылған музыкалық қойылымдар көрсетті.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде олардың мемлекеттік тілді білу деңгейіне, сахналық мәдениетіне назар аударды. Осылайша Сандықтау ауданының мемлекеттік қызметшілерінен құрылған «Парасат» тобы бірінші орынды иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Екінші және үшінші орындарды есілдік «Жалын» және бурабайлық «Атамұра» топтары өзара бөлісті. Атбасар, Ақкөл, Қорғалжын, Зеренді аудандарынан келген командалар да байқауда жақсы өнер көрсетті. Оларға арнайы ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар мен дипломдар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты