Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мағжан ақынның жоқтаушысы - АРҚА АЖАРЫ

Мағжан ақынның жоқтаушысы

Ертеректе мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың бір сұхбатын оқығаным бар еді. Онда Алаш қайраткері, ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқымақ түгілі, ол кісінің есімін атауға қорқатын заманда бұл кітапты кімнен алып оқығанын баяндайды.

 

Кітаптың иесі жерлес жазушымыз Жайық Кәгенұлы Бектұров екен. Өзі де айдауда болып келсе де, қорықпай «халық жауы» деп аталып  кеткен Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жасырып, сақтауға тырысқан. Одан кейін Мағжан ағасын ақтауға үлес қосқан. Бұл туралы журналист Жарасбай Сүлейменовтың 2012 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде басылған «Зылиха» атты көлемді мақаласынан оқуға болады.
Мағжан Жұмабайұлының зайыбы Зылиха апай күйеуінің жазықсыз ұсталып кеткенін дәлелдеу үшін қол қусырып қарап отырмайды. Осы кезде Мағжан ағасын ақтау әрекетіне Жайық Бектұров қозғау салады. Зылиха жеңгесіне айтып, КСРО-ны басқарып отырған Н.С. Хрущевке хат жазғызады. Осы хатқа байланысты Мәскеуден нақты нұсқау алған республикамыздың қауіпсіздік комитеті Мағжан ісін қайта қарауға мәжбүр болады. Ақыры, Мағжан келесі 1960 жылы ақталады.
Бірақ, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті 1938 жылғы айыптауды жоққа шығарғанымен, ақын бұл жолы толық ақталмайды. Қазан революциясына дейінгі шығармаларының идеялық бағыты туралы қорытынды жасау мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы әдебиетші ғалымдардан тұратын топ құрады. Топты қазақтың белгілі, талантты бір ақыны басқарады. Бұл топ мынадай қорытынды шығарады: артында қалған жырларына келетін болсақ, тұтастай алғанда, идеялық негізі буржуазиялық-ұлттық, демек, контрреволюциялық сипатта болған. Осы топқа төрелік жасаған ақын ағамыз кейін өзінің қателігін түсініп, Мағжанның 1989 жылы шыққан жинағына алғысөз жазыпты. Бұл да болса, оның өз кінәсін мойындағаны шығар. Журналист Жарасбай Сүлейменовтың айтуынша Жайық ағамыздың Мағжанға, артында қалған жесірі Зылихаға жасаған жақсылықтары аз емес екен.
1989 жылы Мағжан Жұмабаев толық ақталып, Жақаң ағамыз өзі көп қамқорлық жасаған жеңгесі Зылихамен армандаған мақсаттарына жетіп, Мағаңның шығармалар жинағын көріп, екеуі де мәңгілікке жол тартты. Осы аталған, аталмаған Алаш қайраткерлерінің жатқан жерлері жайлы болып, солар армандаған тәуелсіз қазақ елі өркендей берсін демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналис-
тер одағының мүшесі, жайықтанушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар