Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде оқу-әдістемелік жиын өтті.
Кездесуге Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Савердин Имиров, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер ұйымының төрағасы отставкадағы генерал-майор Ерсайын Рүстемханов және әскери бөлімнің басшылық құрамы қатысты. Генерал-майор Мұхаметқали Сатов «Қоғамның рухани жаңғыруы, Қазақстанның ұлттық коды, ұлттық мәдениетін сақтау» тақырыбында дәріс оқып, Елбасының биылғы Жолдауына тоқталып өтті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді. Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр», – деген болатын.
Мұхаметқали Сатовтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық ұланда келісім-шартпен жұмыс істейтін әскерилер арасында кадр тұрақсыздығы байқалады екен. Жылына 700-ге жуық қызметші өз еркімен жұмыстан кетеді. Әскери қызметте келісім-шартпен жүргендердің арасында жемқорлық, сотталғандарға дөрекілік көрсету, әскердің мүлкін сату сынды қылмыстардың, суицид фактілерінің жиі орын алатыны алаңдатады. Отбасындағы келіспеушілік, жеке басындағы проблемалар адамның қызметіне де әсер етпей қоймайтыны анық. Әсіресе, әскери қызметкерлер келешекте аталған олқылықтар қайталанбас үшін әскери қызметкерлердің отбастарымен тығыз байланыс орнатып, олардың балалары үшін «Жас қыран» сыныптарын жүргізуді жалғастыру қажеттігі оқу-әдістемелік жиын барысында баса айтылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.