Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зейнеткерлік жасына қор жина, қор жинасаң мол жина! - АРҚА АЖАРЫ

Зейнеткерлік жасына қор жина, қор жинасаң мол жина!

Адам баласы жоспарсыз өмір сүре алмайды ғой. Күнделікті өмірде әртүрлі жағдайға байланысты жоспар құратынымыз рас. Мысалы, білім алуды, еңбек етуді, той жасауды, еңбек демалысын, үй немесе көлік сатып алуды жоспарлаймыз. Әрине, олардың бірі жүзеге асса, бірі аспай жатады.  

Ал, зейнетақы туралы ойдан (ол қарттық шақты көз алдымызға елестетеді) бір түрлі аулақ болуға тырысамыз. Бірақ, қанша жаста болсаңыз да бәрібір ойлау керек. Егер зейнет жасыңызда лайықты өмір сүруді, сапалы емделуді, жақсы демалуды жоспарлаған болсаңыз ойланбасқа болмайды.      
«Азын-аулақ зейнетақымды қайда жұмсасам екен: коммуналдық төлемдерді төлейін бе, әлде дәрі-дәрмек сатып алайын ба? Мүмкін балаларыма азық-түлік сатып алғаным дұрыс шығар?» – деп тиын санап қалудан құтылуға болады ма?
Болашақта осындай дилеммаға тап болмас үшін, зейнетақы қорының мамандары зейнет жасыңыздағы өміріңіздің қалай болатындығын 50 немесе 40 жаста емес, одан да ертерек ойлануға кеңес береді.  
Ұрпақтар ынтымақтастығы бойынша қалыптасқан, мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны 1998 жылға дейін еңбек еткен жандар ғана ала алатындығын ескере кеткен жөн.     
Мұндай ортақ жүйе жұмыс істеп, салық төлейтін тұрғындардың саны зейнеткерлердің санынан кемінде 4 есе артық болған жағдайда ғана өз жемісін береді екен. Бірақ, Қазақстанда мұндай арақатынас өткен ғасырдың 90-шы жылдары бұзылған.  
Егер қазіргі таңда кез-келген адамнан: «Бүгінгі зейнеткерлер үшін көп салық төлеуге дайынсың ба?» деп сұрасаң, «Иә, дайынмын», – деп жауап беруі неғайбыл. Бұл түсінікті де. Өйткені, ол неге өзі үшін емес, өзге үшін төлеуі керек? Мүмкін, бүгінгі зейнеткер жас кезінде жарытып жұмыс істемеген шығар?! Ал, бүгін басқа – кезінде жұмыс істеген зейнеткерлер секілді лайықты зейнетақы алғысы келеді. Бұл әділдікке жата ма? Жоқ.
Мінеки, осыдан барып зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотына өзіңнің зейнетақы жинақтарыңды жинау қажеттілігі туындайды.  
Отандық зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдауышы міндетті және ерікті деп аталатын екі бөлімнен тұрады.
2017 жылдың басына қарай зейнетақы жүйесінің міндетті бөлігі (10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушілердің зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлері үшін өз қаражаты есебінен төлейтін 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары) зейнетақы жинақтарында 99,97 пайызды құрады. Ал, ерікті зейнетақы жарналарын аударатындардың саны өкінішке қарай өте аз. Бұл салымшылардың бар-жоғы – 0,04 пайызын құрайды.   
Егер медицинаның дамуы арқасында зейнеткерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайып жатқандығын ескерер болсақ, әрине, кімнің де болса ауырмай-сырқамай, тоқшылықта ұзақ өмір сүргісі келетіні анық.    
Қазіргі таңда көп адам Еуропа елдерінің зейнеткерлеріне қызыға қарайды. Өйткені, олардың зейнет жасындағы өмірі лайықты қамтамасыз етілген. Олар қаржылық жағынан ешкімге тәуелді емес. Ал, бұған оларға мемлекет мол көлемде зейнетақы тағайындағаннан емес, зейнетақы қорына аударылған қаражаттың көлемді болғандығының арқасында қол жеткізіліп отыр. Оның үстіне батыс елдерінің зейнеткерлері өздерінің қарттық өмірін алдын ала ойластырады. Дамыған елдерде адамдар зейнетақылық жоспарын сонау студенттік кезеңнен бастап құрып, қарттық шаққа арнап өз еріктерімен саналы түрде қор жинай бастайды.   
Мемлекет бұл мәселеде оларға көмектеседі. Қалайша? Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі жинақталған шақта, адамдарға зейнетақы жинақтарына қосымша ретінде мемлекеттен зейнетақы жәрдемақысы төленіп отырады.    
Ал, бізге не кедергі? Зейнет жасына қор жинауда ең үлкен кедергілердің бірі – ол біздің өзіміз. «Уақыт бар ғой, әлі-ақ үлгеремін», – деп жүргеніміз…  
Ол аздай, қолбайлау болатын басқа да маңызды қажеттіліктер туындап жатады. Біресе тұрмыстық техниканы жаңалау керек болып қалады, біресе қарызды қайтару керек немесе көлік сатып алғың келеді. Осылайша қолда бар ақша жұмсала береді…
Тағы бір айта кететін жәйт, осы біз неге жалақыны конвертпен алуға келісеміз? Кейде тіпті, жұмыс істеуге ерінеміз немесе табыс алсақ та зейнетақы қорына жарна аударғымыз келмейді немесе аударуды ұмытамыз.  
Қанша жерден мықты маман болсаңыз да, айына қанша табыс тапсаңыз да, ерте ме, кеш пе зейнет жасына шығып, белсенді жұмысты тоқтатқан шақта, зейнетақыға деп жинаған ақшаға немесе мемлекеттен төленетін базалық зейнетақыға ғана өмір сүруге тура келеді. Бірақ, оның да мөлшері жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты.
Халықаралық Еңбек Ұйымының стандарттарына сәйкес, зейнетақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Бұл дегеніңіз, зейнет жасына шыққан азаматтың табысы орташа жалақыдан екі еседен артық  азайып кетуі мүмкін. Егер зейнеткер орташа жалақының 40 пайызын алатын болса, әрине, оған күнделікті шығындарын азайтуға, өзінің өмір сүру салтын өзгертуге тура келеді. Ал, жақсы коэффициент дегеніміз, ол – жалақының 80 және одан жоғары пайызы…
Кімде-кім зейнет жасында лайықты өмір сүргісі келсе, 63 жасқа дейін қанша қаржы жинауы керектігін, жарналардың мөлшерін қаншалықты ұлғайтып,  олардың қаншалықты жиі аударылуы керектігін бүгіннен бастап білуі керек.  
Ал, бұл тұрғыда зейнетақы калькуляторының көмегі зор. Оны зейнетақы жүйесінің қатысушысы БЖЗҚ сайтынан көре алады.      
Егер сізде қосымша табыс көзі бар болса, онда олардан зейнетақы қорына аударымдар жасап тұру қажет. Сол табыстарыңыздың ең болмаса 5 пайызын ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударуға тырысыңыз.
Зейнетақы капиталын жасау үшін оған соншалықты бір арнайы білім немесе ептілік қажет емес. Алыс жолдың кішкентай қадамнан басталатынындай, зейнетақы капиталыңыз да зейнет жасыңыздағы өміріңізге арнап жинаған алғашқы теңгеден басталады.    
Зейнетақы жинақтарыңыздың сомасы жарналардың сомасына ғана емес, олардың зейнетақы қорына тұрақты түсіп тұруына да байланысты. Өкінішке қарай, зейнетақы жарналарын салымшылардың барлығы бірдей уақытылы аудара бермейді.   
Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртелік. 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белсенді салымшылардың жалпы санының 20 пайызы жылына 1 жарнадан 3 жарнаға дейін, 29 пайызы – жылына 4 жарнадан 9 жарнаға дейін, ал 51 пайызы – жылына 10 және одан да көп жарна аударады.
2017 жылдың алғашқы жартысында белсенді салымшылардың 20 пайызы  – 1 жарнадан 2 жарнаға дейін, 38 пайызы – 3 жарнадан 5 жарнаға дейін, ал 42 пайызы – жарналарды ай сайын аударып тұрған.   
Иә, лайықты соманы жинақтау үшін барлық табыс көзінен тұрақты түрде жарналар аударып тұру қажет.
Бұл ретте мемлекеттің өз жауапкершілігінен бас тартпайтынын айта кеткен жөн. Яғни, мемлекет зейнетақының базалық деңгейін (2018 жылдан бастап ол еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай өсетін болады) және зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін қамтамасыз етеді.   
Тек есіңізде болсын, меншікті зейнетақы капиталыңыздың жиналуына тек өзіңіз ғана жауаптысыз.

Азамат ЕРБОЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар