Аманбай Шайымов Спиридоновка ауылындағы «Армавир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Биыл ол орақ науқанына 32-інші рет қатысып отыр.
Оның екі ұлы да осы серіктестікте комбайншы, механик. Орақ науқаны барысында Аманбай Шайымов басқа да жұмысшылар секілді күн-түн демей тынымсыз еңбек етуде.
Аталған серіктестік кәсіпкер азамат Нұржан Бисембаевтың басшылығымен аудандағы тасы өрге домалап келе жатқан ірі шаруашылықтардың бірі. Серіктестік жұмысшыларының тынымсыз еңбегінің және шетелдің озық «Джон Дир» комбайндары секілді заманауи техниканың арқасында бітік шыққан егіндерін уақытында жинап алды. Шаруашылық сапалы өнім алып, әрі жұмысшыларының да техникасы сынып, берекесі кетпеуі үшін тек жаңа, өнімді комбайн, тракторларды пайдаланады. Жер жарықтық берсең ғана берекелі болмақ. Тыңайтқыштардың өзіне үстіміздегі жылы 160 миллион теңге қаражат жұмсаған екен.
–Еңбекақымызды уақытында төлеп тұрады. Бәріміз жұмыла кірісіп, биылғы орақ науқанын сәтті аяқтадық. Ай астында да, күннің суығында да жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, тыным таппай жұмыс істедік. Бункері астыққа толған комбайндарға КамАЗ-ыммен асығып жетіп, алтын дәнді артып алып, қырманға тасыдым, іркіліс болған жоқ, – дейді кейіпкеріміз. Еңбегі көптің, өнбегі көп деген осы.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Егіндікөл ауданы.