Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сезімге селкеу түспесін - АРҚА АЖАРЫ

Сезімге селкеу түспесін

Соңғы жылдары ерлі-зайыптылар арасында ажырасу көп деген сөз жиі айтылатын болды. Дәйексіз де емес. Мәселен, облыстық әділет департаментінің берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, облыста соңғы бес жылдың ішінде 28709 ерлі-зайыптылар некеге отырса, олардың 12672-сі ажырасып кеткен. Ал, биылғы жылдың басынан бері тіркелген 2792 некенің 1518-і сәтсіз болып шыққан көрінеді.

 

Сезімге селкеу түспесін

 

Ажырасу  немесе бірін-бірі «талақ ету», қалай атасаңызда бұл мәселе қай заманда болмасын өзекті болатын. Жалпы, ислам дінінде отбасылардың әрқашанда бақытты болуын тілеп, олардың бұзылмауына, шаңырақтарының шайқалмауына баса назар аударады.
Қазақ ешқашан қызын азаматтың алдына шығып, шешім қабылдауға баулымаған. Бұл – шындық. Біз ер азаматын сыйлаған қазақпыз. Ал, бүгінгі қыздар әжелерінен, аналарынан қалған осы қалыпты сақтай алды ма? Әрине, бүгінгі заман басқа, қоғам өзгерді. Адамдардың да түсінік-пайымы өзгеше. Бір ғана мысал. Таяуда менің жақын құрбым ажырасып кетті. Сәуленің жолдасы Мейіржанды да жақсы танимын. Екеуі бір-бірін құлай сүйіп қосылған. Кездесіп сыр бөліскенде оның ажырасқандығына өкінетінін байқадым. «Несін жасырайын, өзің білесің біз соңғы курста Мейіржанмен бір пәтер жалдап тұра бастадық. Мен оның таңертең тұрып шайын қойып, киімін дайындап екеуіміз сабаққа бірге баратынбыз. Ол кешке келгенде аяғына дейін жылы суға малып, алақаныма салып, жан жылуыма бөлеуге тырысатынмын. Кейін үйлендік. Менің туыстарым араласа бастады. «Аяғын жуған не сұмдық. Намыс қайда?» деп ең әуелі әпкем сөкті. Оның анасы да үнемі арамызға түсіп, қыңқ етсе айғай шығарып тілдейтін. Кейін оның бойынан тек қана мін байқайтын болдым. Мен де аянып қалмай, күйеуіме ауыр сөздер айта бастадым. Ол ер азамат қой шыдай алмады, қол жұмсады. Бастапқыда өзімнің кінәмді біліп үндемейтінмін. Ақыры айырылысып тындық. Мейіржанды әлі де күтіп жүрмін. Кеше хабарласып қосылайық, басқа қалаға көшіп кетейік» дейді. Алдымда отырған Сәуленің жанарына тура қарауға дәтім бармады. Пәлсапа соғып, өзіңді ақылды санап жөн сілтеу артықтау көрінді. Үнсіз, бірақ, ден қойып тыңдап отырдым. Сәуленің мұң толы жанарына тұнған жас өкініш болып тырс-тырс етіп үстел бетіне тамып жатты. Көз алдымда бір адамның ғана емес бір әулеттің, қала берді біртұтас ұлттың болашағы. Тас-талқан тағдыр, шырылдаған бала, екіге айырылған жүрек…
«Жақсы әйел ерінің басын төрге сүйрейді, жаман әйел көрге сүйрейді» деген сөз бар. Біз неге әйелдерді ғана кінәлаймыз? Жасырары жоқ, бүгінгі ер азаматтардың басым көпшілігі енжар, бос сөз бен күлкіге үйір екендігін де байқап жүрміз. Біздіңше ер азамат сөзге де іске де мығым, намысы найзадай, жасындай жігерлі, отбасының алтын тұғыры болуы керек. Сонда әйел ғана емес,  әрқайсысы өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараса, қазақ қоғамында мұндай мәселе
туындамас еді. Біз көбіне-көп біреулер ажырасып жатса сыртынан сөз қыламыз да жылы жауып қоя саламыз. Бұл мәселемен біртұтас қоғам болып күрескеніміз абзал. Сең қозғалғанға да ұқсайды. Бұл мәселені де егжей-тегжейлі тарқатып айтайық. Кәдеге жарататындар да табылар.

 

 

 

«Шаңырақтың»    игі бастамасы

 

Облыс орталығындағы «Шаңырақ» қоғамдық қорының мұрындық болуымен отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, салт-дәстүрлерді жандандыру мақсатында жыл басынан бері жас жұбайларға арналған «Бақытты жанұя – бақытты ел» арнайы оқу курсы өтуде.
Қоғамдық қордың директоры Берік Рақышевтың айтуынша, бұл бастаманы жастардың өздері де қызу қолдауда. Курс барысында лекциялардан бөлек түрлі викториналар мен қызықты ойындар ұйымдастырылады. Арнайы курс неке сарайында өтуде. Себебі, бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық прокуратура, әділет департаменті мен «Шаңырақ» қоғамдық қоры үш жақты меморандумға қол қойған. Жас жұбайлармен кездесу кештерін қордың білікті психолог маманы Жұлдыз Бекахметова жүргізіп жүр. Таяуда біз жобаны қолға алған қор қызметкерлерімен жолығып, сөзге тартқан едік.
– Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Бұл дегеніміз – мықты мемлекеттің іргесі бірлігі жарасқан отбасылардан құралады деген сөз. Ал, бүгінгі күні кеше ғана іргесін көтерген отбасылар ертең ажырасып, шаңырақтарын шайқалтып жатса, келешегіміз қалай кемел болады деген сұрақтың туындауы да заңды. Өйткені, жастар «отбасы» деген ұғымның аса құнды, қасиетті екенін түсінбейді де, әр қадам басқан сайын жаңылыса береді. Бізді қатты қынжылтатыны, бүгінгі қоғамда «ажырасып кетіпті» деген сөз күнделікті әңгімеге, үйреншікті жайтқа, сүйегімізге сіңген салтқа айналған, – деп бастаған сөзін психолог Жұлдыз Бекахметова ойын әрі қарай былайша сабақтады.
– Дәріс барысында жас жұбайларға отбасылық-тұрмыстық проблемаларды шешуге байланысты өз басым психолог ретінде кеңестер берсем, заңгерлер азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға байланысты түсініктеме жұмыстарын жүргізеді. Ойын барысында байқағаным, жас жұбайлардың арасында бір-біріне мінездері үйлеспейтін жұптар бірден байқалып тұрады. Сондай жас жұбайларға көбірек көңіл бөліп, ақыл-кеңесімді беруге тырысамын. Бұрындары қазақтың салт-дәстүрінде жаңадан отау тіккен жас жұбайларға енелері көп көмектесетін. Бірден бөлек шығармай қара шаңырақта бірге тұрып, жарасым тауып кеткенінше көзден таса қылмайтын. Қазіргі таңда енелердің көбі балаларының бөлек тұрғанын қалап тұрады. Республикалық телеарналардың бірінен ақын Мұхамеджан Тазабековтың ажырасу мәселесіне байланысты бір пікірін құлағым шалды. Ақын ағамыздың айтуынша, біз бала-шағамыздың қандай киім, қандай тамақ жейтініне дейін араласамыз, бірақ, отбасын кіммен құрады осы мәселеге мән бере қоймаймыз дейді. Өте дұрыс айтылған пікір. Жас жұбайлар шаңырақ көтергеннен кейін көптеген тұрмыстық проблемаларға тап болады. Осындайда бір-біріне деген көңілдерін суытып алмау үшін жақындарынан қолдау болғаны жақсы. Бізде жастар бір-бірімен тіл табыса алмай жатса, төркін жағы күйеу баланы, қайын жұрт келінді кінәлап, мін іздей бастайды,– деп ойын түйіндейді психолог.
Ал, қордың директоры Берік Ұзақбайұлы ажырасуға басты фактор – отбасын құруға дайындықтың аздығы деп есептейді.
– Жастармен жиі кездесіп, олардың пікірімен санасқанды жөн санаймын. Көлік жүргізуге куәлік алу үшін де оқып, емтихан тапсырасың ғой. Әдемі көлікке қызығып, куәлікті сатып алатындар жол-көлік оқиғасына тап болып жатыр. Үйлену де сол сияқты. Неке куәлігінің еш дайындықсыз берілетіні, жастардың оны тек әдемі көйлек пен тамаша көліктің ішінде отыруды аңсап барып алатыны мені қатты алаңдатады. Біз қолға алған жобаның бірнеше жылдардан кейін өз нәтижесі болады деген сенімдеміз, – дейді ол.

 

 

Аңызда ащы
           шындық бар
«Әйелдің қырық жаны бар». Шынында да қазақ не айтса да тегін айтпаған. Әкемнен естіген бір аңызды тілге тиек ете отырайын.
Ертеректе бес уақыт намазын қаза қылмайтын өсек-аяңнан ада, адал әрі әділ бір діндар адам болса керек. Сол кісінің Алла берген бір қызы бар екен. Жайнамазда тұрып құлшылық жасаған сайын әкесі сол көз қуанышы жалғыз қыздың амандығын тілеп, бағы ашылса екен деп Жаратқаннан жалбарына сұрайтын көрінеді. Тағылымды тәрбие беруге барынша тырысады. Бірақ, маңдайға жазылғаннан кім аса алған. Алақанына салып аялаған алтын қызы бір емес қырық күйеуге шығып, әкесін ел алдында әбден қарабет етеді. Қартайған ата-ана үшін көзі тірісінде баласының бағы ашылмай сормаңдай атанып жүргенін көруден асқан азап бар ма?
Қызым шаңырағымның табалдырығын аттамасын деп қарт әке қаһар танытады да жылдар бойы онымен араласпайды. Қырық бірінші күйеуге тигенде келіншек жаман ауруға душар болып өзінің осы кеселдің құрсауынан шығалмайтынын іштей сезеді де, күйеуімен бақұлдасып қалмақ болады.
– Аманат етер жалғыз тілегім бар, жаман ауру меңдеп барады сеземін, түбі осы аурудан өлемін, – дейді ол күйеуіне. Аманатымды орындауға құран ұстап тұрып уәде берсең ғана айтайын, – дейді. Қиналып өлім аузында жатқан келіншегін көрген жары әрине бар тілегін орындамаққа серт береді. «Мен өлгесін басымды кесіп ал да, терісі сыпырылып қалғанша әбден қайнат. Сонда маңдайымда бір жазу көрінеді соны әкеме апарып көрсет» деген екен.
Шынымен де көп кешікпей әлгі әйел «жаман ауру»  кеселінен о дүниелік болады. «Уәде құдай сөзі» орындамасқа ылаж жоқ. Күйеуі қолында жан тәсілім болған әйелінің Алладан кешірім сұрай отырып, айтқанын орындауға бел буады. Әйелі айтқанындай әбден қайнап құр сүйек қалғанда маңдайдан арабша жазу көрінеді. Ол жан жарының соңғы аманатын орындап жазуды қыздың әкесіне көрсетеді. Арабша оқығаны бар әкесі қызының маңдайында жазылған жазуды оқи сала кемсеңдеп отырып жылай жөнеледі. «Қызым-ау жылдар бойы сені бекер жазғырған екенмін. Маңдайдағы жазудан аса алмаған екенсің ғой» деп қарт әке солқылдап ұзақ жылайды. Кейін сұрастырса қыздың майдайында «Қырық күйеуге тиюің хақ. Қырық біріңде өлуің хақ» деген сөз арабша жазылған екен. Осыдан кейін «әйелдің қырық жаны бар» деген сөз қалса керек. Бұл әрине аңыз әфсана ғана. Қалай дегенмен де Алла жазған сызықтан адам аса алмайтындығы да рас.

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар