Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әлем назары ауа бастады бұл біздің өлкемізде туризмді дамытудың мол мүмкіндігі барын көрсетеді - АРҚА АЖАРЫ

Әлем назары ауа бастады бұл біздің өлкемізде туризмді дамытудың мол мүмкіндігі барын көрсетеді

Ақмола облысы туризм кластері бойынша 800 кәсіпорынды біріктіріп отыр. Қазір 296 курорттар мен санаторийлер, қонақ үйлер бар. 68 туристік фирмалар жұмыс істейді. «Щучинск-Бурабай» курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасының 3-інші кезеңі бойынша жұмыс ойдағыдай жүргізілуде. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде 10 мыңнан астам туристерге қызмет көрсетілді.

Облыстағы экономика саласына тың леп, соны серпін беретін басым бағыттардың бірі – демалыс және туризм индустриясы. Бүгінгі таңда облыстағы туризм кластері 800-ге жуық кәсіпорынның басын біріктіріп отыр. Оның ішінде 296 курорттар мен санаторийлер және қонақ үйлер бар. Бұл орайда, жол бойындағы қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мәселесі де  көңіл көкжиегінен қағыс қалып отырған жоқ. Қазіргі күні жол бойында 420 нысан жолаушыларға хал-қадірінше қызмет етуде. Аймаққа туристерді тарту бағытында жұмыс істейтін 68 туристік фирма осы саладағы қажеттіліктерді толығымен қанағаттандыруда. Қысы-жазы алыс-жақын шетелдерден, өз елімізден дүмеп келетін туристерге біздерде мынадай бар, мынадай бар деп көрсететін дүниеміз аз емес және олардың олқы соқпайтындығы да дүйім көпке белгілі. Бұдан бұрын да сан рет айтылған көркем табиғаттың ғажайып бейнесін түгел  тілге тиек етпесек те, «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғат парктерін, оған қоса «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи паркін айтатұғын болсақ, туризм саласындағы әлеуетіміз бар қуатымен айшықталып көрінер еді.
Алдымен, осы саладағы дамудың басты бағыттарын іріктеп алайық. Олар: экологиялық, мәдени-танымдық, емдеу-сауықтыру, іскерлік, спорттық тәрізді бағыттар. Бүгінгі таңда облыстағы туризм саласының барлығын бірдей қанаттастыра  дамытуға толық мүмкіндігіміз бар. Өйткені, біздің өлкенің ғажайып табиғи байлығы өзінен-өзі сұранып тұр емес пе? Ендігісі сол байлықты ретті пайдаланып, табысты салаға айналдыру.  
Үстіміздегі жылы салаға соны серпін беру бағытында атап айтарлықтай іс тындырылды деп айтуға әбден болады. Жылдың алғашқы жартыжылдығында меймандарды қарсы алып, қызмет көрсететін нысандардың саны 296-ға жетті. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл тереңірек қамтып айтатын болсақ, осы нысандар бір мезгілде туристерге 11681 орнын ұсына алады. Біз есепке алып отырған уақыт ішінде ат ізін салушылар да аз болған жоқ. Осы арада тағы бір дерек келтіре кетсек, туризм саласының салмақты ісі айқын аңғарылар еді. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қызмет көрсету деңгейі 3,8 пайызға өсіп, 2 224,7 миллион теңгеге жетті. Көрікті өңірге қадам басқан 137 685 адамға қызмет көрсетіліп, бұл орайдағы көрсеткіш 104,0 пайызды құрады.
Саладағы салмақты іс бір орында тоқырап қалмай, уақыт өткен са-йын заман талабына сай жаңаша түлеп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кірпияз келушілердің көңілінен шығатын деңгейде алға басуда. Алға басудың алғашқы шарты  осы заманғы, барлық жағдайы туғызылған нысандар. Осы қатарға «Додопицца» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылдам тамақтандыратын мейрамханасы, туристік база, Щучинск қаласындағы осы заманғы гольф клубтарды айта кетуге болады.
Біз әрине, облыстағы туризм саласын дамыту ең алдымен нақ дамыған елдердегідей жағдай туғызуға тікелей байланысты екендігін жақсы түсінеміз.

Қазір тарихи-мәдени мұраға айналып отырған киелі жерлерге, қасиетті орындарға ниет білдірушілердің көп баруы заңды. Сол себепті, жол салынып, бұрынғы салынған жолдар жөндеуден өткізілуде. Мәселен, Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы жолдардың жөнделуі алдымен қала тұрғындарына, келімді-кетімді меймандарға қолайлы жағдай туғызуда. Сондай-ақ, Астана-Ерейментау бағытындағы жол құрылысының аяқталуы, Астана-Қорғалжын бағытындағы күре жолға күрделі жөндеу жүргізілуі оңынан оңғарылған шаруа болды.
Бүгінгі таңда Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытуға арналған, 2017-2020 жылдарға есептелген жоспардың үшінші кезеңі бойынша жұмыс істеудеміз. Облыс әкімдігі аймақтағы туризм қуатын толық пайдалану үшін жақсы жағдай туғызуда. Жалғыз қарсы алудың жай-күйі, орналастыру немесе көрікті табиғат қана туристердің ықыласын аудармайды, сонымен бірге, олардың дем алатын жерлерінде мәдени қызмет көрсетіліп, әрбір іс-шараның мазмұнының қызғылықты болуы да есепке енгізіледі.  
Шынын айтқанда, бұрынғы қалыптасқан қағидалар, қызмет жүйесі ендігі арада өркениеттің өрінен өңі жақсы, тың дүние іздейтін туристердің биік талабынан шыға алмауы да мүмкін. Қай уақытта болмасын алға жылжыған, зымыраған замана көшінің өлшем талабына сай болу біз үшін басты міндет. Осы орайда, Бурабай курортты аймағында жыл бойы нақты істер қолға алынуда. Аймақтың брендін қалыптастыруда туристік ақпараттық орталықтың да қосар үлесі зор деп білеміз. Туристердің көңілін аудару үшін жазғы маусымда курортты аймақта дәстүрге айналған «Бурабай-2017» халықаралық желкенді қайық жарысын өткіздік. Оған Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де көптеген спортшылары қатысты. Тамыз айында облыстық әкімдіктің қолдауымен Олимпиада чемпионы, атақ-даңқы аңызға айналған велошабандоз А.Винокуровтың қатысуымен қайырымдылық шарасы өткізілді. Шара барысында рекордтық деңгейде қаржы жиналды. Ол қаржыға мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін орталықтың медициналық құрал-жабдықтары алынды.
Соңғы уақытта Бурабай курортты аймағы алыс-жақын шетелдіктердің назарын аударуда. Бұл пікіріміздің мысалы ретінде курортты аймақтағы «Номад» көшпенділердің бағзы замандағы тіршілігімен, салт-дәстүрімен тыныстаған туристер қатарының күрт көбейгендігін айтуға болады. Олардың қатарында Ресей, Түркия, Бразилия, тағы басқа мемлекеттердің туристері болды. Бұл дегеніңіз жалғыз сейіл-серуен, таза ауадағы демалыс емес, қазақ елінің ғасырлар қойнауына еніп кеткен өткен өмір салты, мәдениеті мен салт-дәстүрі жақұттай жарқырай көрініп, бар ажар-сымбатымен айрықша айшықталған дүниелер. Сондай-ақ, ауқымы кең, тағылымы мол, қызық-думаны көп шаралар қатарынан байкерлер слетін, «Елікті парк» тау шаңғысы базасында ұйымдастырылған рок-фестивальді айта кетуіміз керек. Оған темір тұлпарды тізгіндеген Ресей, Украина және Прибалтика өкілдері қатысты. Есепті кезең ішінде елді елең еткізген соқталы іс – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен пайдалануға берілген гольф клуб.
Бүгінгі таңда қысқы маусымға дайындық қызу жүргізілуде. Әсіресе, «Қысқы ертегі» жобасына үлкен үміт артылып отыр. Онда айдын үстіне танымал суретшілердің, дизайнерлердің, мүсіншілердің қатысуымен мұз қалашығы салынбақ. Өзіндік қайталанбас қызық-думанымен, әсемдігімен әрленіп, туристерді өзіне еліктіріп тартатын мұз қалашығы үш ай бойы жұмыс істейтін болады. Жалғыз ол ғана емес, «Әкем, анам және мен, спорт сүйген отбасымыз» фестивалі ұйымдастырылады. Ересектердің ғана емес, балалардың да балғын көңілінен шығу басты міндет. Оларға арнап «Санта Клауста мейман болғанда» атты және басқа да балалар бағдарламалары қолға алынуда. Міне, осындай мазмұнды шаралар легі тұтаса келе, өзіндік сән-салтанаты, тағылымдық тұғыры биік, көркем әлемді қалыптастырады.
Бүгінгі таңда тау шаңғы базасының құрылысына инвестор іздестірілуде. Одан басқа да мақсат етіп отырған маңызды істеріміз аз  емес.  Ойға оралған, жоспарланған шаруалар оңынан оңғарылса, салаға серпін беретін іс болары дау туғызбаса керек.
Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне астаналық аймақ ретінде өз үлесімізді қостық. Көрмеге келген меймандарды қарсы алу бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Бұл орайда, көрме өткізілген кезеңде он мыңнан астам туристерге мінсіз қызмет көрсеткенімізді айтатұғын болсақ, жұмыла атқарған жұмыстың ауқымы тайға таңба басқандай көрінер еді. Жалғыз сырттан келген меймандарға ғана емес, облыс тұрғындарына да көрменің маңызы мен мұраты туралы түсінік жұмыстары жүргізілді. Осындай жұмыстың нәтижесінде 113 мыңнан астам адам көрмені тамашаласа, соның 20,6 мыңы облысымыздың студенттері мен мектеп оқушылары.
Алдағы уақытта облыстың туризм саласындағы бар мүмкіндігін түгел пайдаланып, саладағы қызмет көрсету деңгейін өркениеті өрістеген, дамыған елдердің деңгейінде ұйымдастырып, қызмет аясын кеңейтуге бар күш-мүмкіндігімізді жұмылдыратын боламыз. Олай болатындығы, облыс экономикасының басым бағыттарының бірі болып саналатын туризм индустриясының пайдасы еліміздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосуы керек. Бұл біз үшін басты міндет.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық туризм басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар